Құқық

Егер адам жоғалып кетсе…

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті мен аумақтық басқармалар барлық іздестіру істерін тіркейді, сондай-ақ мемлекетаралық ақпараттық деректер банкімен, оның ішінде хабар-ошарсыз кеткен адамдарға қатысты өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

Жоғалған адамдарды іздеуді ішкі істер органдары жүзеге асырады. Өтініш адамның жоғалу ұзақтығына және болжамды жоғалып кету орнына қарамастан, өтініш берілген күні полицияда тіркелуге тиіс. Өтінішті қабылдаған лауазымды тұлға өтініш берушіге өтінішті қабылдау туралы талон-хабарлама беруге міндетті.

Қылмыстық-процестік кодекстің 180-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себептерінің бірі – адамның хабар-ошарсыз жоғалып кеткені туралы арыз.

Хабар-ошарсыз жоғалып кеткен тұлғаның комитеттің іздестіру есебінде болуы туралы ақпаратты qamqor.gov.kz порталынан көруге болады. Мәліметтер облыс, жыныс, жас, ұлт, ЖСН сияқты критерийлер бойынша қолжетімді.

Қазіргі уақытта облыс бойынша із-түзсіз жоғалған 112 адам іздеуде, оның ішінде ерлер – 85, әйелдер – 27.

Іздеу іс-шараларын уақтылы жүргізу және жоғалған адамның орналасқан жерін анықтау азаматтар өтініштерінің жедел беруіне байланысты.

Жоғалу жағдайлары әртүрлі болады. Мысалы, азамат А. таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйге оралмаған, көлігін тастап кеткен. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ол Алматыдағы туыстарының үйінен табылды. Тағы бір жағдай, азамат Н. жаңа жылды тойлау кешінен шығып, үйіне жетпеген, кейін зорлық-зомбылық белгілері жоқ мәйіті табылды, үсіп өлгені анықталды.

Жоғалған адам тиісті түрде іздестірілмесе, өтініш беруші жоғары тұрған полиция органына не прокуратураға шағымдануға құқылы.

Айнұр Жамбасова,

аға прокурор

 

Осы айдарда

Back to top button