«Дидардың» қонағы

Едіге Ақылбеков, Жастар театрының көркемдік жетекшісі: – Көрерменге керегі – шынайылық

Осыдан бес жыл бұрын облыс әкімі Даниал  Ахметовтің тікелей қолдауымен  Өскеменде Жастар театры ашылған болатын.  Жас өнер ұжымының аяқ алысы қалай?  Бес  жылдың ішінде қандай белестерді бағындырды? Бұл туралы бізге Жастар театрының көркемдік жетекшісі Едіге Қайыртайұлы Ақылбеков әңгімелеп берді.

«Жұлдызды сәт» қойылымымен ашылды

-Едіге, Жастар театрының көркемдік жетекшісі ретінде бес жылда атқарылған жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

-Жастар театры өзінің шымылдығын 2015 жылдың 4-ші қарашасында Кен Людвигтің «Жұлдызды сәт» деген қойылымымен ашты. «Жұлдызды сәт»  қойылымын сахналау үшін астанадан Еренбақ Тойкенов деген режиссер арнайы шақырылды. Театрымыздың ашылуына  облыс әкімі Даниал  Ахметовтің өзі мұрындық болды. Сол жылы Жастар театрына Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен астанадағы «Шабыт» университетін  жаңа бітірген  13 актер жұмысқа орналасты. Сол 2015 жылы жаңадан құрылған театр актерлері Оңтүстік Кореяның  Каннын қаласында өткен халықаралық жастар фестиваліне қатысып,  «Алтай түркі әлемінің бесігі – бөрілер», «Жүрек қағысы» атты музыкалық   пластикалық қойылымдарды сахналап,  Индонезияға шақырту алып қайтқан болатын.

Қарап отырсақ, осы Жастар театры құрылған бес жылдың ішінде барлығы 20 қойылымды сахналаппыз. Соңғы сахналаған италиялық Эдуардо Де Филлипоның «Елестер» комедиясы жиырмасыншы қойылым.

Бес жылдың ішінде біздің театрдың актерлік құрамы екі, үш рет ауысты.  2015 жылғы ең алғашқы  толқын осы жерден біраз қанаттанып, тәжірибе жинап, көбісі Алматы, Астанаға қайтадан кетті. Олардың орнын тағы да жаңа толқын басты. Олардың да жартысы кетіп, былтыр театрымыз   Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы колледжді,  сондай-ақ Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының колледжін бітіріп келген жастармен толықты.

-Айтыңызшы, театрға жастардың көп тұрақтамауының себебі неде? Әлде өнер жолын қуған жастарға жағдай жасалмай отыр ма?

-Театрға алғаш қабылданған жастардың бірі Ақтөбеден, тағы бірі Оралдан, бірі Көкшетаудан, Шымкенттен, енді бірі Түркістаннан келген. Кейбіреулері жұмыстан отбасылық жағдаймен кетсе, кейбіреулері  Нұр-Сұлтан мен Алматының маңдайалды театрларына жұмысқа кірді. Ал кейбір қыздарымыз тұрмысқа шығып, өмірден өз орнын тапты.  Сондықтан да  кім келіп, кім  кетсе де, театрымыз ойсырап қалды деп айта алмаймын.  Орыста «незаменимых нет» деген бір сөз бар ғой. Актерлерге жағдай жасалмай отыр деп те айтуға болмайды. 2016 жылдың күзінде  актерлердің бәрі дерлік бір, екі бөлмелі қызметтік  пәтерлермен  қамтамасыз етілген болатын.

Жылына 4-5 спектакль сахналаймыз

-Халықаралық, республикалық театр фестивальдарына жиі қатысасыздар ма?

– Жоғарыда айттым, алғаш рет  Оңтүстік  Кореяның Каннын қаласында  өткен халықаралық фестивальға қатыстық. Содан кейін 2017 жылы Ақтөбе қаласында өткен ІІ республикалық эксперименталдық театр фестиваліне қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» аталымына ие болдық.  Сондай-ақ елордада өткен Қ.Сүгірбеков атындағы І республикалық жас режиссерлерге арналған форум-фестивальда жүлделі ІІІ орынды жеңіп алдық. Театр труппасы Бішкек қаласында өткен Art-ORDO театр фестиваліне де қатысып, «Үздік сценография» мен «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі» аталымдарын қанжығаға байлап қайтты. 2018 жылы 10-16 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Самғау» ҮІ халықаралық фестиваліне режиссер Г.Хвичиа сахналаған У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» мюзиклімен, Алматы қаласында өткен астананың 20 жылдығы мен Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХҮІ республикалық  фестиваліне қатысты. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысып, «Этноауыл» мәдени бірлестігінде өнер көрсетті.

Жалпы, фестивальға жиі қатысудың пайдасы өте зор. Жүлде алмасақ та біз фестивальдардан көңілімізге көп нәрсені түйіп қайтамыз. Онда театр лабораториясына,   актерлердің ойнау, образды жеткізу шеберлігі мен рөлді ашу мәнеріне куә боласың, әрбір ұлтқа тән колоритті көресің. Содан кейін небір үздік режиссерлік шешімдер,  сахналық безендіру, сценография жағынан небір  ерекше тапқыр шешімдерді көреміз. Қазылар алқасының құрамындағы театр өнерінің жілігін шағып, майын ішкен  мамандардың   сын-ескертпелерінің  өзі жас актерлер мен режиссерлер үшін үлкен сабақ.

-Жылына қанша қойылым сахналайсыздар?

-Жылына 4-5 спектаклді сахнаға шығарамыз.  Осы бес қойылымнан артық қою қиын болып кетеді. Өйткені, бір қойылымды сахналау үшін бір жарым-екі ай уақыт кетеді екен.  Киім тігу, сахнаның декороциясы, актерлердің образды сіңіруі дегендей. Бестен  артық  спектакль қоюға  тіпті уақытымыз да жетпейді.

-Қаржылық жағынан  кедергілер бар ма?

-Жоқ, қаржылай жағынан ешқашан қиындық болған емес.

Режиссер тапшылығы бар

-Байқауымша, Жастар театры сырттан режиссерді жиі шақырады.  Жалпы өздеріңізде режиссер маман бар ма?

– Режиссер тапшылығы бізде ғана емес, Қазақстанның қай театрында болмасын бар. Дәл қазір наурыз айынан бастап штатта жұмыс істеген режиссеріміз Алматыға кетіп, режиссерсіз қалдық. Еріксіз сырттан шақыруға мәжбүрміз. Жалпы, сырттан режиссер шақыруға қорықпау керек.  Штатта жұмыс істейтін бір ғана режиссермен жұмыс істегеннен гөрі режиссерді сырттан шақыру театрдың өсуі үшін көп пайдалы. Бір режиссермен жұмыс істесең, соның сана көкжиегінде қалып қоюың мүмкін.  Сондықтан  мен әртүрлі режиссерлермен жұмыс істеу арқылы актерлердің деңгейі өседі, шеберлігі шыңдалып, қызығушылығы артады деп санаймын. Мысалы, сарапқа салып қарасақ ,  маңдайалды театрлардың  қатарында жүрген өнер ордаларының өзінің жұлдызы  жарқыраған сәттері неғұрлым сырттан әртүрлі режиссерлер келіп спектакльдер қойған кездермен тұспа-тұс келіпті. Сол кезде олардың фестивальдарда да жолдары  болған, көрермендер тарапынан да ыстық ықыласқа ие болған екен.

-Сырттан режиссер шақырарда кіммен ақылдасасыз?

-Театрымызда  көркемдік кеңес бар.  Театр директоры да атсалысады. Біздің театрдың директоры Дінмұхаммед Ұябаев жай ғана жұмыс беруші  емес, ол кісі кезінде Павлодар облыстық театрында  25 жыл  актер болып еңбек еткен адам. Сондықтан ол кісімен де  міндетті түрде ақылдасып отырамыз.

Мұхаметқали Хасеновтің «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» деген қойылымын  Сайлау Қамиев деген режиссерді шақырып қойдырдық. Ал У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» мюзиклін грузиялық режиссер Гоша Хвичиа сахналады.

Ал кейін қойған «Елестер» қойылымын сахналауға Тәжікстанның еңбек сіңірген әртісі, көптеген халықаралық театр фестивальдарының  жеңімпазы, Кирилл Лавров атындағы сыйлықтың лауреаты Барзу Абдураззаков деген режиссерді шақырдық.

-Шетелдік режиссердің жұмысынан көңіліңізге не түйдіңіз? Жұмысы көңіліңізден шықты ма?

-Барзудың сахналаған дүниелері Лондонда, Австрияда, Польшада, Францияда, Ресейде өткен фестивальдарда  жүлдеге ие болған. Ол театрдың лабораториясын өте терең зерттеген адам.  Ол шынайылыққа өте көп мән беретін режиссер.  Біз сахнада өзің сомдап тұрған образдың шынайылығын көрерменге жеткізу қаншалықты маңызды екенін сезіндік. Білесіз бе, біз  «Сонымен, Рафе, мен сенімен жақсылап сөйлесуім керек… » деген бір сөйлем үшін  бір жарым күн отырдық. Өйткені режиссер актердің шынайлығына сенбеді. Бұл жерде  кейіпкер қасындағы адамға маңызды бірдеңе айтуы керек. Өзіңе айтамын деп шешім қабылдау,  ойдың бағытталуы көзіңнен, тұрған тұрысыңнан, қимыл әрекетіңнен  көрінуі тиіс. Адам бүктеліп отырып, қуана алмайды ғой. Бұл да сол сияқты. Актер өзінің сомдап отырған кейіпкерінің ішкі трагедиясын,  тағдырының ауыртпашылығын, оның осы дәл қазір сахнада айтайын деген  сөзіне дейін мұқият зерттеуі керек. Ол кім болды? Басынан қандай жағдай өтті? Түптеп келген кезде соның бәрі актердің көзінен, сөз саптауынан көрініп тұрады. Егер актер кейіпкерін түк зерттемеген болса, оған көрермен сенбейді, ұйқысы келе бастайды. Режиссер Барзу Абдураззаковты шақырғанымыздың арқасында актерлердің шеберлік деңгейі біршама өсті деп айта аламын.

Үздіксіз жұмыс істейміз

-Актер де спортшы секілді. Әрқашан физикалық жағынан болсын, шеберлік жағынан болсын бабында болуы керек дегендей…

-Театр – ұжымдық жұмыс. Бұл – синкреттік өнер. Мұнда сурет өнері, әншілік, актерлік шеберлік,  қолөнер, әдебиет, драматургия  барлығы  түйісіп, қабысып жатады.

Әрине, әрқашан бабымызда болуға тырысамыз. Ол үшін бір аптаға жоспар жасап, бекітеміз. Мысалы, таңертең сағат 10-11 аралығында сахна қозғалысы бойынша дене қыздыру, жүгіру, секіру, акроботикалық элеметтерді жасасақ, одан кейін бір сағат сахна тілімен айналысамыз.  Мұнда  сөйлеген кезде актерлердің дауысының анықтығына, тілінің тазалығына, соңғы қатарда отырған адамға дейін сыбырлап сөйлегенінің өзі естілуіне ерекше мән береміз. Дем жаттығулары, ерін, тіл жаттығуларының бәрін жасаймыз. Демді күшейту үшін жыраулар поэзиясынан үзінділер жаттаймыз. Жалпы, актерге ең көп керегі  осы дем ғой. Өйткені кейіпкеріміз кейде алқынады, жылайды, кейде күледі, сол кезде дем керек болады. Сосын кейбір актерлер сахнада сөйлеген кезде түкірігін шашыратып сөйлейді. Солардың бәрін болдырмау үшін  үздіксіз жұмыс істейміз.

-Айтыңызшы, Жастар театры несімен ерекшеленуі керек деп ойлайсыз? Әлде батыл эспериментке батыл қадам басқаны жөн бе?    

-Меніңше, репертуармен ерекшеленгеннен гөрі образды сомдау,  жеткізу арқылы ерекшелену ұтымды деп ойлаймын. Абсурд деген театрдың ағымы бар. Сондай бір ерекшелікке ұмтыламыз деп кейде кейбір театрлар   аспанды жерге түсіріп  неше түрлі қадамдарға барып жатады.  Бірақ ол өміршең емес, ол жәй ғана ағым болып қалады.  Театрды театр ретінде сақтайтын  лаборатория емес, жәй ғана – шынайылық.  Көрерменді қызықтыратын да, театрға жетелейтін де – сахнадағы шынайылық.  Жасандылықтан халық баяғыда шаршаған.

-Әңгімеңізге рақмет. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін.

 

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button