Өзекті

Еңбек шартын елемеушілерге тосқауыл қойылады

Жұмысқа орналасу үшін бума-бума қағаз жинау, келісімшарт жасасу, еңбек кітапшасын жүргізу келмеске кетейін деп тұр. Цифрландыру бұл салаға да жаңашылдық енгізді. Әр мекемеге электрондық еңбек шарты енгізілсе, жұмысшы да алданбайды, жұмыс беруші де қағазбастылықтан арылады.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, еңбек шартын жасаспағандар, ең алдымен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудан және зейнетақыдан қағылады.

Облыста жалақысын ала алмай жүрген жандардың 30 пайызы жұмыс берушімен еңбек шартын жасаспаған. Жұрттың басым бөлігі әлі де осы бір құжаттың еңбек даулары кезінде ғана емес, жалпы, оның әлеуметтік жағынан қорғалуы үшін қаншалықты маңызды екендігіне мән бермей келеді.

   Бір біздің облыста емес, елімізде еңбек шартын елемей жүрген азаматтар саны өте көп. Жалпы, әлеуметтік қамсыздандыру мен жұмыспен қамту саласында көлеңкелі тұстары баршылық. Бұл саланы цифрландыру жұмысты жеңілдетіп, қағазбастылықтан арылтып қана қоймай, жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесін де шешеді. Өткен жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында осы саланың мәселелерін шешуге бағытталған үш ауқымды жоба қолға алынған болатын.

Біріншісі  – әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту. Екінші жоба – электронды еңбек биржасы. Азаматтарды жұмысқа орналастыру процесі электрондық форматқа көшіріліп, жұмыс іздеушілер мен вакансиялардың ірі базасы қалыптасқан. Үшінші үлкен жоба –  электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесін енгізу.

Жуықта облыстың кәсіпорындары, мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы соңғы жүйенің артықшылықтары мен механизмін талқылауға арналған семинар өткізген болатын.

Электрондық келісімшарттың артықшылығы неде?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Е-hr электронды еңбек шарттарын қолданысқа енгізу бойынша ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Биыл Е-hr электронды еңбек шарттарын тіркеу пилоттық жобасына қатысу ерікті түрде жүзеге асырыла бастаған болатын.

– 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап Enbek.kz порталында кадрлық есеп жүйесінің ақпараты жазылмаған мекемелерге арналған электронды еңбек шарттарының сервисі іске қосылды. Мекемелер өз еріктерімен электрондық еңбек кітапшасын енгізуді бастады. Алдағы уақытта ол міндеттелетін болады. Электрондық шарттың тиімді тұстары көп. Солардың ең маңыздысы – еңбек қатынастарының ашықтығы қамтамасыз етіледі. Еңбек дауларының көбі осы шарттардың дұрыс жасалмауынан болып жатады. Жұмыс берушілер көбінде жұмысшының сауатсыздығын пайдаланып кетеді. Ал бұл оған  тосқауыл қояры анық. Әлеуметтік қатерден қорғау басты назарға алынған, – деп атап өтті Бақытбек Қизатов.

Бұл жүйенің қолданысқа енуі нәтижесінде мемлекет азаматтардың жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын бақылап қадағалауға, елдегі жұмысшылар санына бағалау жасау арқылы олардың жұмыспен қамтылуына қажетті тиісті шараларды қолдануға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар электронды еңбек шарттарын жасау жұмыс берушінің міндеттерін айқындап, ай сайынғы міндетті зейнетақы және әлеуметтік жарналардың аударылымын бақылау арқылы жұмысшыға төнетін әлеуметтік қатерден қорғауға мүкіндік береді. Бұл бірыңғай ақпараттық жүйе болғандықтан, сервиске тіркелген мекемелердің мәліметтер базасы ашық әрі ортақ болады.

Жұмысқа орналасу кезінде талап етілетін диплом, өзге де анықтамалар бірыңғай базаға енгізіледі. Сондықтан жұмыс іздеуші жұмысқа орналасу кезінде осы құжаттарды тапсыруы қажет емес. Жұмысқа орналасу кезінде еңбек шарттарын жасау онлайн-режимде жүргізіледі. Осылайша, жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасында іскерлік қарым-қатынастарды осылай рәсімдеу әдісі аса маңызды, себебі қазір көбі бір-бірімен қашықтықтан әріптестік орнатады. Алдағы уақытта жұмысқа орналасу үшін тек қана бір құжат талап етіледі. Ол – азаматтың жеке куәлігі. Өзге ақпарат базада сақталады.

Жүйе жұмысының механизмі

Жұмысқа орналасуға келген азамат тек өзінің жеке куәлігін беретін болады. Жұмыс беруші жұмысқа тұрушының ЖСН арқылы оның жеке ісіндегі деректерді алу үшін «Еңбек шарттарының бірыңғай есеп жүйесі» автоматтандырылған ақпараттар жүйесіне сұраным береді. Мемлекеттік органдар ақпараттық жүйесі арқылы жұмысқа орналасушы туралы мәліметті жинақтап, жұмыс берушіге жібереді. Егер де қажетті құжаттар жоқ болса, не болмаса анықтамалар мерзімі өткен (мәселен, азаматтың медициналық тексеруден өтпегеніне көп уақыт болса) жағдайда жұмысшыға оны толықтыру қажет екендігін айтады. Демек бір ғана құжатпен жұмысқа орналасу  деген мақсат осылай іске асады. Сондықтан мәліметтер базасына ақпарат бір рет енгізілсе, құжаттарды нотариуста куәландырудың, нотариус тарапынан көрсетілетін қандай да бір қызметтерге шығындалудың қажеттілігі туындамайды.

Жұмысшының жеке ісін алып танысқан соң, жұмыс беруші жаңа қыметкерді жұмысқа қабылдау туралы шешім шығарып, еңбек келісімшартына электронды түрде, яғни электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қояды.

–  Электронды шартта қағаз нұсқасы туралы барлық мәлімет, яғни екі жақ реквизиттері, еңбек жағдайлары, демалыс тәртібі, жалақы мөлшері, жұмысшы мен жұмыс берушінің құқықтары, міндеттері көрсетіледі.  Жұмыс беруші еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен еңбек шартының тоқтатылғандығы туралы ақпаратты бірден тіркеп отыруға міндетті, – дейді басқарма басшысы.

Аталған жоба азаматтардың жасанды құжаттар ұсынуына да жол бермейді, себебі жұмысқа орналасудың жеңілдетілуі бұл жобаның ең басты артықшылығы болып табылады. Яғни, қазіргі уақытта жұмысқа орналасу үшін жеке іс ашу үшін бірқатар құжаттар қажет болса, онда бұл жоба іске қосылған соң, азаматтың жеке куәлігі ғана жеткілікті болады. Ал жұмыс беруші үшін тиімділігі – жасанды құжаттардан аулақ болуында. Сонымен қатар азаматтар туралы жеке мәліметтердің құпиялылығына еш қауіп төнбейді, себебі осы бағдарламаға жауапты министрліктің барлық жүйесін міндетті түрде мемлекеттік техникалық қызмет ақпараттық қауіпсіздікке сәйкестік бойынша тексерістен өткізеді.

«Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру аясында еліміздің 19 мыңнан астам ұйымы қызметкерлерінің 830 мыңнан астам электронды еңбек шарттарын тіркеді.

Басқарма басшысының айтуынша, біздің облыс бойынша  23793 кәсіпорын ерікті түрде электрондық еңбек шартын енгізген. Бұл – жалпыреспубликалық көрсеткіштің 15 пайызы. Электрондық еңбек шарттарын енгізу бойынша Өскемен, Семей қалалары  мен Алтай ауданы көш бастап тұр. Шалғай аудандарда бұл процесс сылбыр жүріп жатыр. Алдағы жылы облыс аудандарын бірыңғай жүйеге біріктіру бағытындағы шаралар күшейтілмек. Негізгі назар аудандағы мекемелерге аударылатын болады.

Осылайша, қабылданып жатқан шаралар елеулі экономикалық тиімділікке қол жеткізуге, яғни мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру есебінен азаматтар мен мемлекеттің шығындарын 600 млн. теңгеге дейін қысқартуға, электрондық кадрлық ісқағаздарын жүргізуді енгізу есебінен бизнестің жыл сайынғы шығындарын бір млрд. теңгеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button