Дәурен Серғазин актер: – Шәмші Қалдаяқовты сомдау қиынға соқты
Оқырман қауымға «Жау жүрек мың бала» тарихи фильміндегі Сәбит және «Қара шаңырақ» телехикаясындағы Мәди рөлдерімен жақсы таныс жас актер Дәурен Серғазинмен Өскеменге келгенде әңгімелесудің сәті түскен еді.
Маған театр сахнасы ерекше ыстық
– Шәмші Қалдаяқовтың өмір жолынан сыр шертетін «Ән аға» деп аталатын көркем фильмге түстіңіз. Жалпы, бұл рөлге қалай келдіңіз? Атақты сазгердің бейнесін сомдау қиындық туғызған жоқ па?
– Бұл фильмге келуімнің өзі қызық оқиға болды. Кастинг жұмыстары біткен соң, маған ешкім «өттің» деген жоқ, тек режиссер: «Мұртыңды алмай тұра тұршы» деп қана ескертті. Содан кейін режиссер Жасұлан Пошановтың өзі хабарласып, Шәмші Қалдаяқовтың рөлін сомдау туралы ұсыныс жасады. Сол кезде-ақ маған үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін сезінгенмін. Шынымды айтсам, атақты сазгердің бейнесін үлкен экранға алып шығу мен үшін қиынға соқты. Бұл рөлге бекітілген күннен бастап, Шәмші Қалдаяқовтың көзін көрген, етене жақын араласқан адамдардан ол кісінің қандай болғанын сұрап, өзімді іштей дайындай бастадым. Бұл рөлді сомдау барысында ешқандай қиындықтарға кездеспедім десем өтірік болар. Түсірілім алаңында маған:
«Қалдаяқовтың бейнесін осылай ойнасаң, дұрыс болады» деп бағыт-бағдар берген адам болмады. Содан өз ойымдағы Шәмші ағамыздың рөлін сомдап шығуға тырысып, оның замандастары айтқан естеліктерді ой елегімнен өткізіп, әзіл-қалжыңға жақын, Қалдаяқовты ойнап шықтым. Ендігі төрешіміз – көрермен қауым.
– «Ән аға» драмасының түсірілім жұмыстары барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
– Ауа райының қолайсыздығы түсірілім жұмыстарына біраз кедергі жасады. Режиссер Жасұлан Пошанов көктем мен қыс мезгілдерін бейнелейтін көріністерді түсіру барысында көптеген қиындықтарға тап болды. Себебі, бірде жаңбыр, бірде қар жауып, кейбір эпизодтарды түсіруге қолайсыздықтар тудырды. Бірақ соған қарамастан, фильм атмосферасын барынша шынайы беру үшін түсірілім тобы аянбай тер төкті. Осы орайда, маған 11-сыныпта оқитын Шәмші Қалдаяқовты сомдау қиынға соққанын айта кеткен жөн. Бұл фильмде атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 16-дан 40 жасқа дейінгі аралықтағы рухани бітім-болмысын барынша шынайы беруге тырыстым. Түсірілім жұмыстары барысында бірнеше бейнеге ауысып тұруға тура келді. Сол жағы да аздаған қиындық келтірді. Өйткені, кез келген рөлді ойнап шығу актерден жинақылық пен шапшаңдықты талап етеді. Ал әзірше, Шәмші Қалдаяқовтың көркем бейнесін қаншалықты аша алғаным өзіме де беймәлім болып отыр.
– Театр мен кино саласының қайсысы ішкі жан дүниеңізге жақын?
– Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргеннен кейін ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбайдың қолдауымен біздің топтың студенттері тарыдай шашырап кетпей, жастар театрын аштық. Сондықтан болар, маған театр сахнасы әрдайым ерекше ыстық болып көрінеді.
– Қазақ театрының болашығынан не күтесіз? Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ театрында шешімін таппай жатқан қандай күрделі мәселелер бар?
– Қазақ театрының келешегінен үлкен үміт күтемін. Алдағы уақытта Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан мықты-мықты ұл-қыздар тәрбиеленіп шығатынына кәміл сенемін. Меніңше, қазақ театрларындағы күрмеуі қиын мәселелердің бірі – еңбекақының аздығы. Мәселен, біз бір айда 20 спектакль сахналаймыз. Алайда, біздің ай сайынғы алатын ақшамыз шайлығымыздан аспай қалып жатады. Сондықтан көбісі той жағалап кетеді. Екінші мәселе, бізде актерлердің тәжірибе алмасу жағы ақсап тұр. Мысалы, шетелдерге шығып, сол жақтағы әріптестермен пікір алмасып қайту үшін миллиондаған қаражат керек. Ал басқа дамыған мемлекеттердің өнер саласында қандай да бір өзгерістер орын алып жатқанын көрмеген соң, өз-өзіңді қай жаққа, қалай дамыту керектігін білмей қаласың. Үшіншіден, режиссер мамандарды даярлау мәселесіне баса назар аударған жөн сияқты.
Кинодағы жасандылықтан арылу үшін, режиссер мықты болуы шарт
– Соңғы жылдары режиссерлік салаға да бет бұрып жүргеніңізді білеміз. Сіздің қойған қойылымдарыңызды көрермен қалай қабылдады? Алдағы уақытта сізден тағы қандай туындылар күтеміз?
– Ең алғаш рет М.Левидің «Жер мен көктің арасы» атты спектаклін үлкен сахнаға алып шықтым. Бұл қойылым көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұдан соң Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббатын» сахналағанда, сын айтқандардың қарасы көп болды. Небәрі 25 күннің ішінде сахналанған бұл спектакльде біздің актерлердің дайындығы нашарлау болғаны рас. Жалпы, «Мен режиссермін, менің айтқаным бойынша өнер көрсетесіңдер» деп ешқашан қатаң талап қойған емеспін. Өйткені, режиссер дегеніміз – актерлердің басын біріктіріп, оларға ақыл-кеңес беріп отыратын маман. Болашақта Мұхтар Әуезовтің «Қаракөзін» өзгеше етіп сахналағым келеді. Алайда, ол үшін маған әлі талай еңбектену керек. Менің басты мақсатым – Нұрқанат Жақыпбай ағамыздың өнер жолында ұстанған бағытын ары қарай жалғастыру.
– Сынға қаншалықты мән бересіз?
– Сынды орнымен қабылдау керек. Студенттік шақтан бері біздің әрбір жетістігіміз бен кемшілігімізге куә болған ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай әрдайым сынның керегін саралап, екшеп алуды үйретті. Мақтанғаным емес, осы күнге дейін актерлік шеберлігіме байланысты көп сын естіген жоқпын. Алайда, режиссерлікке аяқ басқаннан бері сынның астында қалдым. Ал кейде жөнсіз мақтаулар айтылып жатады. Мұндай жағдайда, «аспаннан жерге түсіп», ақыл таразысына салып ойлана қарайтын кезің болады. Жалпы, кейбір адам сынды жақсы болсын деп айтса, енді бірі көңілге тиетін қатты сөздер айтып жатады. Біз мұның бәрінен өткенбіз. Сондықтан қалай айтсаңыз да, сынның аты сын.
– Қазақ ұлттық кино өнерінің дамуына көңіліңіз тола ма? Неліктен қазақ актерлерінің сомдауындағы рөлдерде жасандылық басым?
– Бізде кино саласының мықты мамандары жеткілікті. Алайда, олардың басын қосып, тың дүние жасап шығару біраз уақыт пен қомақты қаражатты талап етеді. Қазір қолында қаржысы бар адамның барлығы дерлік кино мен бейнебаян түсіріп кетті ғой. Меніңше, бұл дұрыс емес. Себебі, кейде кәсіби режиссердің өзі кинодағы кейбір эпизодтарды бір-бірімен байланыстыра алмай жатады. Сондықтан кино саласын дамыту үшін біздің мамандарға әлі де болса, тәжірибе жинақтау қажет деп санаймын. Кейде «Менің атым Қожа», «Тақиялы періште» сияқты еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сүйсініп көрген қазақ киноларының орнын басатын фильмдердің жоқтығына күйінесің. Бірақ қолдан келер шара жоқ. Қазақ киносындағы актерлердің жасандылығын түбегейлі жою үшін режиссер мықты болуы тиіс. Сонда ғана актердің сомдаған бейнесі шынайы шығады.
– Көрермен көңілінен шыққан «Қара шаңырақ» сериалында Мәдидің рөлін сомдадыңыз. Бұл рөл сізге не берді?
– Шыны керек, қиын рөл болды. Отбасы болғаннан кейін ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кинодағы дүниелердің бәрі өмірде бар, кейде бастан өтетін жағдайлар ғой. «Қара шаңыраққа» актерлар бекітілгеннен кейін қоғамда қатып қалған қасаң қағидаларды, пікірлерді өзгертейік деген ой болды. Барынша көрерменге, өмірге жақындатуға тырыстық. Телеарнадан берілгеннен кейін, көпшілік жылы қабылдады. Театрға келмейтін өзге аймақтағы, ауыл-ауылдағы көрермен бізді осы образ арқылы таныды. Пендешіліктен биік тұруды тағы да еске салды. Әрбір актер театр мен киноны қатар алып жүруі тиіс деп ойлаймын. Осы екі салада көрерменнің ыстық ықыласына бөленсек, қанеки?!
– Әңгімеңізге рақмет!
Қысқа-нұсқа:
– Туған жеріңіз?
– Теміртау қаласында дүниеге келдім. Балалық шағым Талдықорған қаласы мен Ақсу ауданы, Қапал-Арасан ауылында өтті. Бүгінде менің туған жерім – Теміртау қаласы инфрақұрылымы дамыған ірі индустриялық орталыққа айналып отыр.
– Туған жылыңыз?
– 1984 жылы 6 қарашада дүниеге келдім.
– Сүйікті түсіңіз қандай?
– Барлық түстер ұнайды.
– Жылдың қай мезгілін ұнатасыз?
– Көктем мен жаз мезгілдері ерекше ұнайды.
– Өнер жолындағы ұстазыңыз кім?
– 2002-2006 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «драма және кино актері» мамандығы бойынша білім алдым. Менің өнер жолына келуіме үлкен үлес қосқан рухани ұстазым – Нұрқанат Жақыпбай. Ол кісіге айтар алғысым шексіз.
– Шетелдік режиссерлер тарапынан жұмыс ұсынылса, барар ма едіңіз?
– «Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас» деп қазақ бекер айтпаса керек. Егер еліміздің өзге өңірлерінен шақырту түсіп жатса, ойланбастан барар едім.
– Өзіңізді жұлдызбын деп есептейсіз бе?
– Бұл өмірде әр адамның алатын өзіндік орны бар. Сондықтан өзімді «жұлдызбын» деуден аулақпын.
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова