Дәулет ТҰРЛЫХАНОВ, даңқты балуан, қоғам қайраткері: – Мұрағатта атамның құжаттарын ақтарып отырған кезде көзіме жас алдым
Сексен жастағы спортшы қариялар қайран қалдырды
– Дәулет Болатұлы, сізді жерлестеріңіздің, қалың оқырмандарымыздың атынан мерейлі елу жасыңызбен құттықтаймыз!
– Рақмет!
– «Елу – ердің жасы» деген сөз сізге арналып айтылған сияқты. Елуіңізде де жіптіктей, сымдай тартылып жүруіңіздің себебі спорттың нәтижесі деп ойлаймыз…
– Әрине. Спорт – дене бітімінің сымдай тартылып жүруінің бірден-бір себебі деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, бала кезімізден бастап қаншама жылдар бойы спортпен айналысып келеміз. Негізі, қай жаста болсаңыз да спортпен шұғылдануға болады. 70-80 жаста да дене шынықтыру артық етпейді. Бет-әлпетіңіз әрдайым жас көрінуі үшін үздіксіз дене қимылы қажет. Біздің қазағымыз 60-70 жасқа келгенінде «қартайдым» деп жатады. Мен Оңтүстік Кореяда болғанымда, 80 жастағы ерлі-зайыпты қариялардың белсенді түрде спортпен шұғылданып жүргенін көрдім. Жаттығуға барғанымда спортшы қариялармен танысып, әңгімелесіп, олардың өмір сүруге деген құштарлығына, жігеріне таңғалдым. Осыдан соң спортқа кәрілік тән емес деген ой түйдім. Біздің көптеген азаматтарымыз денсаулығына құрметпен қарамайды. Басым бөлігі бала-шағаның қамымен, жұмыс бабымен жүгіріп жүріп, ауру алып ұрмайынша денсаулыққа назар аудара бермейді. Ауылда мал өсіріп, шағын шаруашылық ұстағандар сәл де болса дене еңбегімен айналысады. Ал қалада дене еңбегіне мүлде көңіл бөлмей кететіндер көп. Кез келген адам денсаулығына жауапкершілікпен қарап, тұрақты түрде спортты серік етсе, әлі де ұзақ өмір сүруге, еліміздегі орташа өмір сүру жасын ұзарта түсуге мүмкіндік бар, деп ойлаймын.
– Шет елде іссапармен көп боласыз. Жолға шыққанда дене шынықтыру жайына қалмай ма?
– Әр қонақ үйдің фитнес залдары бар. Жұмыс аяқталған соң, қонақ үйдің фитнес залына барып, жүректің қалыпты соғуын, қан айналымын жақсарту үшін 40 минут немесе 1 сағатыңызды дене шынықтыруға арнасаңыз жеткілікті. Мен спорттың арқасында халыққа танымал болдым. Бабаларымыз «Дені саудың – тәні сау» дейді. Егер күніне денеңізді бір ширатып алуға уақыт тауып тұрсаңыз, одан жамандық көрмейсіз.
Тұрлыханның жерленген орны Нижний Тагил қаласынан табылды
– Атаңыздың сүйегін Ресейдің Нижний Тагил қаласынан тауыпты деп естідік. Бұл – бір әулеттің тарихы ғана емес, қазақтың да тарихы деп білеміз. Осы туралы таратып айтып берсеңіз?
– Жуырда Нижний Тагил қаласында Тұрлыхан атамның жерленген жерін тауып, анамыздың басшылығымен басына тастан белгі орнатып, құран оқытып келдік. Өмір өз ағымымен аға береді ғой. Әке-шешеден бірлі-екілі болмаса, туыс та қалмапты. Әкеміздің қарындасы мен анамыздың бауырынан басқа ағайындар өмірден өтіп кетті.
Атамыз – Тұрлыхан Қасенұлы жақсы білім алып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанып, отыздан енді асқан жас шағында сталиндік-голощекиндік нәубеттің торына ілігіп кете барған екен. 1937 жылы 22 желтоқсанда Алматы қаласында «халық жауы» деген айыппен ұсталыпты. Атамның жеке ісінің құжаттарының көшірмесін түсіріп, анамның қолына тапсырдым. Мұрағат қызметкерлері 1938 жылы ақпан айында абақтыда түскен суретін сыйлады.
Тергеу қағаздарында, жеке іс құжаттарында көрсетілген деректер бойынша, атамыз Тұрлыхан өзін кінәлі деп санамағаны байқалады. Айыптау материалдарында оның «Алаш» партиясының құрамында, сондай-ақ, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтермен жақсы қарым-қатынаста болғаны туралы жазылған. Байдың баласы екені де көрсетілген.
Ол 1938 жылы көктем айларынан бастап, 1940 жылдың жазына дейін СССР прокуратурасына үздіксіз арыз жазып отырған екен. Онда өзінің кінәлі еместігін, заңсыз абақтыда отырғанын егжей-тегжейлі қағазға түсірген. Алайда, аталған арыздарды СССР прокуратурасы Алматы облысының прокуратурасына түсіріп, істі қарауға негіз жоқ деп қайтарып отырады. Мұның өнімсіз іс екенінен шаршаған болуы керек, соңғы шағымын 1940 жылдың жазында жазыпты. Бір айта кетерлігі, түрме бастығы ай сайын әр тұтқынға анықтама жазып отырыпты. Ол атамыз туралы «тәртібі жақсы, тапсырған жұмысты істейді» деген сыңайда анықтама жазып қалдырған екен. Бұл құжаттан сол кезде атқарған жұмыстың көлемін пайызбен белгілейтінін байқадым.
Жас жұбайы мен екі ұлына деген сағынышы, бостандыққа деген аңсары атамыздың қолынан келгенше абақтыдан шығу жолдарын ойластырғанынан аңғарылатын сияқты. Өйткені, Тұрлыханның артынан ешкім іздеп келе алмаған, арқа сүйер тірегі де болмаған. Сондықтан, екі жыл бойы шағым жазып, заң орындарынан үміт үзбей жанталасқаны байқалады.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Тұтқындарға «халық жауы» деген қара таңба басылған. Ал соғыста «Бәрі де майдан үшін!» деген ұран көтерілгені белгілі. Бұл кезде онсыз да күндері қараң тұтқындарды аш-жалаңаштығына қарамай, кен игеру жұмыстарына аяусыз салған. Осыдан бастап ағзасы да күйзеліп, әбден титықтаған атамыз 1942 жылдың 2 қазанында о дүниелік болыпты. «Диарея пилагра» деген ағзаға дәрумен жетіспеушіліктен туындайтын ауру бар. Мұндай сәтте адам ағзасының еті шашырап, сүйегі сынып, өмір сүру қабілетінен айырылады. Атамыздың қайтыс болуы туралы анықтама қағазында осы аурудан қайтты деп жазылған. Тұрлыхан атамның сүйегі қойылған жерге барғанымызда бірқатар шетелдік азаматтарға ескерткіш қойылғанын аңғардым. Оның ішінде жапондар, итальяндар, немістер, венгрлер бар.
Қайым Мұхамедханов шәкірті болған екен
– Атаңыз өмірде қандай жан болған? Көзкөргендер бар ма?
– Жалпы, Тұрлыхан Қасенұлы 1902 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданының Қапанбұлақ ауылында дүниеге келген. Аталған өңірде сары қыштан қаланған көне қорымдар әлі бар. Қасен бұлағы деген қайнар бар. Ат байлайтын биік тас тұр. Үй мен қора-қопсының тастардан қалап салған іргетасы сақталған. Үлкен аталарымыз елге қадірлі, ауқатты Қасен қажы, Қаратай қажы деген белгілі ақсақалдар болған екен. Қасен атамыз ХІХ ғасырдың соңында Меккеге қажылыққа барыпты. Ол заманда шекара жоқ. Ұшақ, пойыз сынды көлік те жоқ. Атпен салт жүріп барады. Қажылыққа қайтпас сапарға аттанғандай ел-жұрт жиылып, шығарып тастайды.
ХХ ғасыр басында Қасен қажы өзге де ауқатты байлармен бірге баласы Тұрлыханның білім алуына жағдай жасайды. Тұрлыхан атам араб тілімен қатар орыс тіліне де жетік болған екен. Орыстың бірқатар ақын-жазушыларының шығармаларын тәржімалады. Көкпекті ауданының білім бөліміне жетекшілік жасады. Семей қаласында бірқатар жұмыстар істеді. Алматы қаласында мектеп директоры болыпты. Сол қызметінде жүрген кезінде тұтқындалған екен.
Ал атамызды көзі көргендердің бәрі өмірден өтіп кетті. Олардың соңғылары Алматы мен Жарма өңірінде тұратын. Семейдегі Қайым Мұхамедханов деген көрнекті ғалым ағамыз атамызды жақсы танушы еді. Аузынан тастамай, көрген сайын айтып жүретін. Өйткені, Қайым ақсақал Тұрлыхан атамыздың оқушысы болыпты.
Қазаққа жеті атаны білу – парыз. Сатылап келгенде, ата-бабаңның жатқан жерін білмесең де ұят. 1937 жыл бір-бірін біліп болмайтын заманның сұрқия кезі екені баршамызға тарихтан белгілі. Ұлтсыздандыру қарқынды жүрді. Тек қазақтың ғана емес, басқа ұлттың да білімді, бас көтерер азаматтары саяси қуғын-сүргіннің құрбандарына айналды. Осы ауыр дүрмектің ішінде атамыз да құрбан болды. Ол – домалақ арыздың құрбаны. Әлдекімдер сыртынан ОГПУ-ге арыз жазып жіберіпті. Тұрлыхан тұтқындалғанда, әжеміз екі баламен қалған екен. Бірі – әкеміз Болат 4 жаста болса, екіншісі – Мұрат тіпті кішкене еді. Әкеміз туған-туысқандардың қолында жүріп өсті. Әжеміз де «халық жауының» әйелі ретінде көп қуғын-сүргін көрді. Бұл жағдай соғыс уақытындағы қиыншылықпен астасты. Атамыз қайтыс болғаннан кейін, әжеміз 1945 жылы тұрмысқа шығып, екінші күйеуінен бір ұл, бір қыз дүниеге әкелді. Ал әкеміздің бізді он ағайынды қылып өсіруі осы қиындықты жастайынан көргендігінен, көңіліне түйгендігінен болар деп ойлаймын. Әкеміз Болат – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, анамыз Мәрзия – физика-математика пәнінің мұғалімі болғанын білесіздер. Әкем 59 жасында қайтыс болды. Анамыз бүгінде бір әулеттің ғана емес, бір елдің анасына айналған, ел сыйлайтын кісі. Жетпістің бесеуіне келді.
– Атаңыздың қасында басқа да қазақтар жерленген бе екен?
– Негізі аталған қорымда басқа да қазақ азаматтары бар деп ойлаймын. Өйткені, іс құжаттарын ақтарғанымда ішінара қазақ есімдерін байқап қалдым. Үлкен мұрағаттың барлық сөрелері толған құжаттар екен. Оның барлығын қарауға менде мүмкіндік болған жоқ. Менің мақсатым – атамыздың құжаттарын табу болды.
– Ресейдің мұрағаттарына кіру қиын ғой. Сіздің мұрағатқа кіруіңізге абырой-беделіңіз көмектескен болар?
– Негізі, мұрағатқа ену үшін Ресейдің федералдық барлау қызметінен рұқсат алу қажет. Менің Ресейде достарым баршылық. Солардың көмегімен мұрағатқа кіріп, құжаттарды тауып, көшірмесін алуға рұқсат алдым. Тіпті, мұрағатта отырып жылап та алдым. Атамыздың қандай қиындық көріп, азап шеккені көз алдымнан өткендей болды. Нижний Тагил қаласына осымен екінші рет бардым. Алдында бір мәрте іздестіру жұмыстарымен барған едік. Осы жолы атамның белгітасын ашуға ауырыңқырап жүрген анамызды алып бардық. Туған-туысқандарды жинап, 31 адам аталған қалаға таңертең барып, түнде қайтып келдік.
– Тек деген дүние туралы сіздің пайымыңыз қандай?
– Қазақ халқы үшін тек деген үлкен маңызға ие. Бұл – барлық іргелі ұлтта, елдерде қалыптасқан генетикалық код. Біздің аталарымыздың тектілігі қандай екенін жоғарыда айттым. Олар материалдық байлық қана емес, рухани білім де жиды. Өз өңіріндегі елдің бас көтерер азаматтары болды. Ел басқарды. Иманы, діні берік, салт-дәстүрге жетік, заман ағымына бейім болғанын қажылыққа баруынан, баласын оқытқанынан анық аңғаруға болады. Біз найманның сыбан елінен тараймыз. Бұл елдің қалқаны Қабанбай батыр болғанын, оның қазақ елін, оның ішінде шығыс өңірін жау табанынан қалай азат еткенін тарихтан барлығымыз білеміз.
Бүгінгі күні кәсіпкерліктің, ақшаның арқасында екінің бірі өзін тектімін деп санайтын сияқты. Дүние тапқан азаматтардың көпшілігі өзінің қайдан шыққанын біле бермесе де, тектіміз деп есептейді. Адам баласы қаншалықты бай-бағлан болса да, дүниенің шын құндылықтарын білуі тиіс. Мәселен, бұл құндылықтар, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, қоршаған ортаға деген махаббат деп ойлаймын.
Қалбатауға спорт кешенін салып беруді ұйғардым
– Шығыс Қазақстанның тумасы ретінде облыста жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге – тағзым», «Туған ел – алтын бесігім» акцияларына белсене қатыстыңыз. Жалпы, өзіңізді атымтай санайсыз ба? Мұны сауапты іс ретінде қабылдайсыз ба, әлде, мәрттік пе?
– Аталған акциялардың бастамашысы – облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ. Бердібек ағамызды тоқсаныншы жылдардың басынан бастап білемін. Саналы ғұмырын еліне, халқына қызмет етуге арнаған азамат. Елбасының сенімді серіктерінің бірі. Шығыс Қазақстан облысында ұлтымыздың көптеген рухани құндылықтарын жаңғыртып, аз жылда экономикалық тұрғыдан да, мәдени жағынан да қайта түлетуге көп еңбек сіңірді. Шығыс – өнеркәсібі дамыған өңірге айналды, шаруашылықтың әр саласы ілгерілеп келеді.
Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ бастамасымен қолға алынған «Туған жерге – тағзым» акциясына қатысу шығыс топырағынан нәр алған белгілі азаматтарды туған елімен жақындастыра түседі.
Екіншіден, қайырымдылық – сауапты іс. Бұл – менің тарапымнан жасалатын көмектің соңы болмауы керек деп ойлаймын. Қазақ «Жомарттың қолын жоқтық қана байлайды» деп айтады. Сол себепті, қолымызда бар болса, туған елімізге, жерімізге әрдайым көмектесеміз, жоқ болса, жылы сөзімізбен демеуге тырысамыз. Осыған дейін Аягөз, Жарма аудандарында, Семей қаласында бірқатар демеушілік шараларын жасадық. Алдағы уақытта тағы бірқатар жобаларға қатысу ойымызда бар. Балалар үйінде, Қарттар үйінде кездесу өткіземіз. Семейде трактор зауыты іске қосылғанда, алғашқы он тракторды көпбалалы фермерлердің отбасыларына сыйладық. Жарма ауданында балалар үйіне автобус тапсырдық. Қаншама техника қажет еткен жандарға көмек ретінде берілді. Нақты саны есімде жоқ. Аягөзде мешіттің жанынан ас беруге арналған үлкен ғимарат салып бердік. Қазіргі кезде Жарма ауданына үлкен спорт кешенін салып жатырмыз. Әр жерде мектептер, ауруханалар салынып жатыр. Мен ойлана келе, спорт кешенін салып беруді ұйғардым. Бүгінде құрылыстың жартысы аяқталды. Алдағы бір-екі айда құрылысты пайдалануға береміз. Себебі, мен 1963 жылы 18 қазанда Жарма ауданының орталығы Георгиевка ауылында дүниеге келдім. Қазір бұл ауыл Қалбатау деп аталады. Спорт кешені осы туған ауылым – Қалбатауда салынып жатыр.
– Сізді Алакөлдің жағасынан жиі көретін едік. Ел ішінде жиі боласыз ба?
– Алакөлге бармағаныма үш жылдың жүзі болыпты, суын сағынып жүрмін. Жиі келуге жұмыс барысы мұрсат бере бермейді. Тепсе темір үзетін жастық шағымыздан бастап өзімізді мемлекеттің қызметіне арнадық. Жерлестерімнің үлкен қолдауының арқасында төрт мәрте халық қалаулысы атандым. Парламент Мәжілісінде жүріп, комитет төрағасы болдым. Алты жыл еліміздің спорт саласын басқардым. Бұл салада әріптестерімізбен бірге атқарған жұмыстар бүгінгі күні өз нәтижесін беріп жатыр.
Ауыл жаққа бұрынғыдай жиі бара алмаймын. Бірақ жұмыс барысымен Семей, Өскемен қалаларында, Жарма, Аягөз аудандарында болып тұрамын. Үржар ауданына бармағалы біраз уақыт болды. Бірақ ауылға барып тұру керектігін, ауылдағы ағайынмен араласып, көңіл бөліп тұру керектігін жақсы түсінемін. Ауылға ат ізін салмай жүрген бір кемшілігім бар екенін мойындаймын.
– Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамыту үшін қандай жобалар керек деп ойлайсыз?
– Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан отандық туризмді дамыту туралы кешенді бағдарламалар іске қосылды. Шығыс Қазақстан облысының өзіндік жобалары да бар. Яғни, бұл бағыттағы жұмыстар жандана бастады. Шығыс Қазақстанда туризм саласын дамытуға барлық жағдай бар. Анау Алтай, Тарбағатай таулары, Алакөл, Зайсан, Марқакөл сынды табиғаттың әдемі мүйістері туған өлкемізде толып жатыр. Мұндай табиғаттың тартуы дүниенің барлық түкпірінде кездесе бермейді. Сондықтан, осы саланы дамытуға қаржы салатын мықты азаматтар керек. Қомақты инвестициясыз туризм алға баспайды. Бірақ, келешекте біз туризм саласын ойдағыдай дамытуға қабілетті боламыз деп сенемін.
Араб елдері құмның ортасында отырса да, мұнайдың арқасында туристік саланы жолға қойды. Осы туризмнің арқасында әлемнің әр түкпірінен барған турист араб елдерінде демалып, қаншама қаржы қалдырып жатыр. Ал біздің өңірдің табиғат райы басқаша. Жазы үш-төрт айға созылады. Алакөлде суға шомылу уақыты – екі ай. Осы уақыттарды тиімді пайдалану керек. Жазда табиғатты тамашалап, суға түсіп, қыста шаңғы тебумен шұғылдануымыз қажет. Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытудағы әлеуеті өте жоғары.
– Семей қаласында сіздің атыңызда қазақ күресінен екі мәрте турнир өтті. «Дәулет» спорт мектептері бірнеше қалаларда, елді мекендерде жұмыс істеп тұр. Бұл мектептердің аты сіздің құрметіңізге қойылды ма? Әлде, аталған мектептерді қаржыландырып отырасыз ба?
– Семейде менің атыма қазақ күресінен халықаралық турнир өткізіп отырған облыс және қала әкімшілігіне, қала тұрғындарына алғысымды білдіремін. Биыл қазақ футболының 100 жылдық мерейтойы аясында екінші мәрте өткізілді. Қазақ күресі – ата-бабамыздан қалған мұра. Бүгінде ұлттық спорт қайта жаңғыру, түлеу үстінде. Ат спорты мен қазақ күресіне мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп, жақсы дамып келеді деп айтуға болады.
Әрине, кейбір спорт мектептері менің атыммен аталған. Олардың кейбірі жекелеген мектеп ашқан азаматтардың өз қаржысына жұмыс істеп тұрса, кейбір мектептерді жұбайым екеуміз отбасылық бюджетіміз арқылы қаржыландырамыз. Бұл мектептер келешек ұрпақтың спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін орындар деп есептеймін.
Ресейде бүкіл әлемге танымал Александр Карелиннің атында да спорт мектептері бар. Басқа да белгілі балуандардың атындағы мектептер әр елде кездеседі.
Балаларымның тәрбиесімен айналысуға уақыт табылды
– Ізіңізді басып келе жатқан шығысқазақстандық талантты спортшы бауырларыңыз туралы не айтасыз?
– Спорт дамуы үшін бірнеше факторлар керек. Біріншіден, жаттықтырушылар жеткілікті әрі білікті болуы қажет. Екіншіден, спорт инфрақұрылымы керек. Бұл – футбол алаңдары, спорт залдары, суға жүзу бассейндері. Мұндай орындар неғұрлым көп болса, ұлтымыз тек спортпен айналыспайды, дені сау ұлт болып қалыптасады.
Сондықтан, спорт инфрақұрылымын дамытуымыз керек. Бір орында тұрып қалмауымыз қажет. Менің Жарма ауданында спорт кешенін салып жатқанымның негізгі себебі – осы. Сондай-ақ, басқа аудандардан шыққан азаматтар да өз қаржыларына осындай әлеуметтік нысандар салып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы жылдары республика, облыс бюджетінен бірқатар спорт нысандары салынып жатыр. Бұл – көңіл марқайтатын көрініс.
Шығыс өңірінен аузымен құс тістеген талай спорт дүлдүлдері түлеп ұшты. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері, Әлем және Азия біріншіліктерінің жеңімпаздары бар. Мәселен, Олимпиаданың қола жүлдегері Әсет Мәмбетов, Әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Алмат Кебісбаев, Азияның бірнеше дүркін чемпионы Дархан Баяхметов сынды талантты спортшыларды жақсы білемін. Шығыста бір жылдары спорт саласын басқарған Марат Мұзафаров бауырымызбен бірге бірқатар жобаларды жүзеге асырдық. Оның ішінде қысқы спорт түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы, спорт мектеп-интернаттары бар. Шығыс өңірінде шаңғы, фристайл сынды қысқы спорт түрлері жақсы даму үстінде. Жуырда ғана Аягөзден шыққан талантты боксшы Мерей Ақшалов Алматыда өткен Әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. «Қазақстан барысы» атанған Айбек Нұғымаров бар. Айбек «Қазақстан барысы» атануға баяғыдан сай жігіт еді. Көздеген мақсатына жетті. Астанада өткен үлкен доданың басы-қасында өзіміз де болдық. Міне, осындай талантты спортшылар шыққан Шығыс өңірінен әлі талай биікті бағындыратын, бабы мен бағы келіскен іні-қарындастарымыз бой көрсетеді деп сенемін.
– Бүгінде саясат сахнасынан көрінбейсіз. Қандай жұмыспен шұғылданып жүрсіз?
– Парламенттің төрт шақырылымында депутат болып, алты жыл спорт саласын басқардым. Әрине, саясат сахнасынан көрінбеуіме де бір себеп бар шығар. Бүгінде сайлау жүйесі өзгерді. Парламентке бұрынғы сайлау жүйесімен емес, партиялық тізіммен шығарылады. Мен – «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңесінің, халықаралық күрес федерациясының мүшесімін. Әлемде күресті насихаттауға атсалысып жүрмін. Республикалық, облыстық бұқаралық іс-шараларға қатысып тұрамын.
– Саясаттан алыстаған адам демала ала ма?
– Еңбек етіп үйренген адам жұмыстан босаса, ауырады екен. Мен де бастапқыда ауырдым, қиналдым. Бірақ ақырындап бұл дерттен құтылдым. Бүгінде отбасымызға, бала-шағаға қарауға уақыт табылды. Төрт ұл, екі қызым бар. «Бақпасаң, бала безеді, қарамасаң, қатын кетеді» деген сөз бар қазақта. Мемлекеттік қызметте жүргенде ерте кетіп, кеш келетіндіктен, балаларым мені, мен балаларымды көре бермейтін едік. Уақыт зуылдап өте береді екен. Міне, бүгін ердің жасына да келіп отырмыз. Дегенмен, мемлекеттік қызметке әрқашан дайынбыз. Сенім білдіріп, шақырып жатса, дөңгелетіп алып кетуге даярмыз. Өзімізді ешкімнен кем санамаймыз. Елбасымызға көп рақмет! Үлкен саясатты жүргізіп отырса да, ел іші мен ел ішіндегі азаматтарды ұмытпайды. Қолынан келгенше көмегін беріп, қолдау көрсетіп жүреді.
Жас мемлекетімізге ең алдымен еліміздің тыныштығы, тұрақты экономикалық өрлеуі қажет. Қазақтың патриоты ретінде бүгінгі қазақ жастарының ұлттық құндылықтарымызға сусындап, сана-сезімдері жоғары болып өсуіне тілектеспін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Думан Анаш.