Дәрігерлік қызметтік деңгейі жоғары болуы тиіс

Семей қаласына арнайы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ең алдымен перинатальды орталықта болды. Дәрігерлермен кездесіп, аналар босанатын перзентхананы аралаған облыс басшысы медициналық құрылғы-жабдықтардың мүлдем тозып кеткіндігін көрді. Тіпті, қазіргі әлемдік деңгейдегі стандартқа мүлде сай емес екен.
-Ана мен бала орталығы жаңа инновациялық технологиялардың орталығы болу тиіс,-деді облыс әкімі,-ал бұл жерде технологиялар ауылдағыдай 30-40 жыл бұрынғы перзентхана деңгейінде қалып қойғансыздар.
Аймақ басшысының айтуынша, Семей сияқты ірі қалада «Ана мен бала орталығы» заман талабына сай жұмыс істеуі тиіс. Ал бұл күндері республика бойынша бала өлімі осы жақта өршіп тұр. Сондықтан да, жас босанған ана мен балаға жоғары деңгейде көмек көрсететін дәрігер мамандар да аса қажет, деді Даниал АХМЕТОВ. Биыл осы мақсатта шетелге бұрынғы жоспарланғандай, 8 емес, одан да көбірек мамандарды жіберу қажет. Өйткені, Семейдің перинатальды орталығы қызмет көрсету деңгейі бойынша республикада артта қалып отыр.
-Бізге жоғары деңгейлі балалар дәрігерлері керек,-деді Даниал АХМЕТОВ,-сәбидің шетінеуіне бүгінде бүкіл қоғам алаңдаушылық танытуда. Сондықтан да біз талаптарды да күшейтеміз. Еуропада 700 грамм болып туған сәбилер аман қалады. Ал бізде ше? Неге Еуропадағыдай емес? Бұған қажетті жабдықтар бар. Мәселенің тағы бір ұшы дәрігерлердің білімсіздігінде болып отыр.
Перинатальды орталықтың директоры Арқат Дайырбековтің айтуынша, бұл нысан 1981-89 жылдары екі корпусты болып пайдалануға берілген. Тәулік бойы қызмет көрсететін 190 төсектік орын бар. Күндізгі бөлімге арналған 10 төсектік орын қызмет көрсетеді. Директор облыс басшысына тозып кеткен медициналық құрал-жабдықтарды да көрсетті. Алдағы уақытта Шығыс өңірден медицина саласы бойынша 150 адам балалар сырқаты, онкологиялық ауру, қан-тамырлар жүйесі бойынша шетелдерден оқып, тәжірибе жинақтауы тиіс, деді облыс басшысы дәрігерлермен кездесу барысында.
Семей.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА