Дәрігерлерге пәтер кілттері тапсырылды

Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Бұл күн бүкіл ғұмырын халықтың денсаулығы мен өміріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн. Өскемендегі облыстық драма театрында өткен медицина қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиында өңіріміздегі ақ желеңді абзал жандарды облыс әкімі Даниал Ахметов төл мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Өмірде мыңдаған мамандық бар. Бірақ дүниеде халыққа ең пайдалы мамандық иесі болса, ол сөзсіз медицина қызметкерлері. Сіздер халыққа сенім, үміт сыйлайсыздар. Біз сіздерге сенеміз және сіздермен мақтанамыз. Алдағы 3-4 жылда сіздердің білім-біліктеріңіз дамудың жаңа деңгейіне көтерілетін болады. Соның нәтижесінде елімізден ғана емес, алыс-жақын шетелдерден мыңдаған емделуші қызметтеріңізге жүгінетін болады. Өйткені сіздердің дамуға деген талпыныстарыңыз керемет. Адамзатқа ең қажетті мамандықты таңдаған сіздерге денсаулық пен бақыт тілеймін, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Мерейлі мерекеде талай жыл халыққа адал еңбек етіп, науқастардың алғысына бөленген бірқатар дәрігер, атап айтқанда Алтай ауданаралық ауруханасының фельдшері Елена Русина, Ана мен бала орталығының директоры Ермек Омарбеков, облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнар Текиманова, облыстық қан орталығының зертхана маманы Ольга Зубова облыс әкімінің қолынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын алды.
Денсаулық сақтау қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту өңіріміздегі басым бағыттардың бірі. Бүгін медицина қызметкерлері осындай қуанышқа кенелді. Жауапты қызметте еселі еңбек етіп жүрген Ернар Оспанов, Аида Мейірманова, Анастасия Лахно, Нұрлан Жанпейісов, Марат Көксегенов, Шолпан Мақашева, Бақыт Таймасова, Александра Михайлова, Салтанат Слямова, Ермек Байғаранов сынды дәрігерлерге пәтер кілттері салтанатты түрде табысталды.
Биылғы Жастар жылына орай, жаңа пәтер иелерінің қатарында еңбекке енді араласқан жас мамандар да бар.
«Senim» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Руслан Еңсебаев жас мамандарға екі пәтер мен алты қаржылай сертификат тапсырды.
Медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасы өңірдегі медицина ұйымдары арасында 10 аталым бойынша байқау жариялаған болатын. Осы бәйгеде оза шапқан жеңімпаздарды облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк марапаттады. Денсаулық сақтау саласының ардагерлері де назардан тыс қалмады. Төрден орын алған қадірменді қонақтарға Өскемен жоғары медициналық колледжінің студент жастары гүл шоқтарын сыйлап, алғыстарын білдірді.
Еліміз бойынша адам өлімі едәуір азайып, орташа өмір сүру жасы өсті. Ана мен бала өлімі кеміп, демографиялық көрсеткіш артып келеді. «Саламатты Қазақстан» сынды бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Медицина қызметкерлерінің табысы артып келеді. Тұңғыш Елбасының тапсырмасын жалғастырған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық саласын дамытуға, әлемдік медицинадағы ең үздік технологияларды енгізуге ерекше мән беріп келеді. Еліміздегі медицина саласы бұрын дамыған елдерде ғана жасалатын жүрек, бүйрек ауыстыру немесе импланттау сияқты күрделі операциялар жасайтын жаңа деңгейге көтерілді.
Өңіріміздегі медицина саласының қазіргі хал-ахуалы көңіл қуантады. Мамандардың біліктілігін арттыру мен емхана, ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары ауруды әп-сәтте анықтайтын заманауи технологиялар, емдеу құрылғылары сатып алынды. Дәрігерлеріміз диагностика мен емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізе отырып, заман талабына сай алға жылжып келеді. Дәрігерлеріміз әлемдегі алдыңғы қатарлы клиникаларда тәжірибе жинақтап, біліктілігін көтеруде. Диагностикалық медициналық пойыз еліміздің барлық аймағын аралап, реанимобильдер қызмет көрсетуде. Ал көлік қатынамайтын шалғай елді мекендерге санитарлық авиация ұшып жетеді.
Ауыл халқының денсаулығын сақтау жолында 19 аудандық аурухана, 178 дәрігерлік амбулатория, 58 фельдшерлік-акушерлік пункт және 300-ден астам медициналық пункт жұмыс істейді. Оларды да қаладағы емханалардан кем түспейтін жоғары технологиялармен жабдықтау шаралары жалғасын табады.
Облыстық драма театрындағы салтанатты жиынның ресми бөлігі аяқталған соң медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған мерекелік концерт басталды.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ