Денсаулық сақтау

Дәрі-дәрмекке қол жеткізу неге қиындап кетті?

 Дәрі-дәрмекке қол жеткізу неге қиындап кетті?


-Сенбі күні жаңбырдың астында қалып, тамағымның баспа дерті (ангина) қайта қозып кетті. Қыстыгүні осылай ауырғанымда учаскелік дәрігерім антибиотик препаратын тағайындаған-ды. Содан тәуір болғаным есіме түсіп, дәріханаға барсам, рецепсіз босатпайды екен. Міне, үшінші күн, не терапевтке кіре алмаймын, талон жоқ. Не дәрі ала алмаймын. Бал қосылған сүт ішіп, өз бетіммен емделіп жатырмын, – деп шағымданды көршім.

Созылмалы дерттерімен диспансерлік есепте тұрған науқастардың кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлеміне кіретін дәрі-дәрмекке қол жеткізе алмай жүргені аздай, енді елімізде медициналық препараттарды тек рецеппен босату тәртібі енгізілді.Осылайша, қалаған сәтте сатып алып жүрген дәрі-дәрмек енді көзден бұл-бұл ұшты.

Дәрілерді рецеппен босату не үшін енгізілді?

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың өзі түсіндіргендей, бұл -әлемдік тәжірибе. Оның үстіне дәрігердің тағайындауының дұрыстығына бақылау жасауға және ем-домның тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сала министрі бұл мәселеге астаналықтармен кездесу барысында қайта оралып, дәрі-дәрмекті рецепсіз босату тәртібіне төмендегідей бағасын берді.

-Күрделі жұқпалар, эпидемиялар, әсіресе, балаларда байқалған кезде, біз антибиотиктердің тиімді болғанын қалаймыз. Ал тұрғындардың бұл топтағы медикаменттерді өздеріне өздері тағайындап, оңды-солды қабылдай беретінін ескерсек, бұл үлкен проблема. Өйткені препараттарға үйреніп алған ағза дертпен күреспейді, енді оған антибиотиктердің де пайдасы тимейді, – деді министр. Рецеппен босатуды енгізудің тағы бір себебі – елімізде дәрі-дәрмекті көлеңкелі сатумен күрес. Елжан Біртанов нарықтағы медикаменттердің 10% жалған препараттар деген мәлімет келтірді. Денсаулық сақтау саласындағы қазіргі жүйе кезінде мұндай дәрі-дәрмектен құтылу мүмкін болмай тұр.

-Дәріхананың тек пайда табуды ойлаған қызметкері сапалы препараттарды сатып алу туралы ойланбайды да, өйткені олар қымбат тұрады. Ол одан да жалған дәрілерді ала салуға тырысады, – деді еліміздің бас дәрігері. Министр тұрғындар мен докторлардың өтінішін ескере отырып, ведомство дәрі-дәрмектерді рецеппен босатуға жатқызу тәртібін қайта қарайтындарын да ескертті.

-Қазір рецеппен босатылатын медикаменттердің бір бөлігін біз тізімнен шығарамыз, оларды рецепсіз сатып алуға болады. Мысалы, кейбір мамандардың тапшылығын ескере отырып, антигистаминді, ауырсынуды басатын дәрілерді еркін сатуға шығарамыз, – деп нақтылады министр.
Әзірге дәріханаларда қарапайым дәрі-дәрмектерді, жүрек талмасында шұғыл қолданатын кейбір препараттарды ғана рецепсіз сатып алуға болады.

Медикаменттерді сатып та ала алмайсың

Алайда таяқтың екі ұшы бар демекші, бұл жаңашылдықтан тұрғындар, ең алдымен тағы да диспансерлік есепте тұрғандар зардап шегуде.
-Бүгінгі таңда жүрегінің ишемиялық ауруы бар немесе қан қысымы жоғары, басқа да созылмалы дертке шалдыққан пациенттер қажетті дәрілерін не тегін, не өз ақшаларына сатып ала алмайтындарына шағынуда. Енді науқас өзі тіркелген емдеу орнына барып, алдымен учаскелік терапевтке, одан кейін тар шеңберлі маманға жолдама алып, қаралуы керек. Содан кейін ғана оларға рецепт беріледі. Бұл әрине, әлеуметтің наразылығын тудыруда, өйткені тар шеңберлі мамандарға кезекті кейде бір ай шамасында күту керек. Біз бүгін осы мәселелерді талқылау үшін бас қосып отырмыз, – деді облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Татьяна Чернышова.

Қоғам белсендісінің түсіндіруінше, қазір жекеменшік емханаларда пациентке диагнозы, ем-домы жазылған қорытынды ғана беріледі. Бұрын дәріхана науқасқа осы қағазбен-ақмедикаменттерді босата беретін. Ал жаңа тәртіп енгізілгелі бұған шектеу қойылған, енді созылмалы дертке шалдыққандарда препараттарды өз қаражатына сатып алу мүмкіндігі мүлде жоқ!

Тұрғындарды дәрі-дәрмекпенқамтамасыз етудің түйіткілдерін шешуге арналған отырысқа шақырылғанқұзырлы басқармалардың өкілдері, өкінішке қарай, ешқандай дайындықсыз келіпті. Бірыңғай дистрибьютор болып табылатын «СК-Фармация» компаниясының аймақтық менеджері Гүлжан Қасенқызы өзінің қызметке таяуда ғана кіріскенін алға тартып, жалпылама мәлімет берумен шектелді. Аймақтық менеджердің айтуынша, облысқа жыл басынан бері 5,1 миллиард теңгенің кепілдендірілген тегін дәрі-дәрмегі жеткізілген, тағы 576 миллион теңгенің медикаменті жолда келе жатыр. Өндірушілер ұсынылған бағамен келіспегендіктен, тым арзан баға қойылған, өңірімізге 46 позиция бойынша дәрілер сатып алынбаған. «СК-Фармация» компаниясының өкілі қазіргі уақытта 29 позиция бойынша бағаны көтеру туралы шешім қабылданғандықтан, сатып алуға қайта тендер өткізу жоспарланғанын еске салды. Бұл препараттардың он бір аталымы амбулаторлық науқастардың емін қамтамасыз етеді. Бірыңғай дистрибьютердің тізімі бұлардан басқа тағы алты түрлі медикаментпен толықтырылыпты. Гүлжан Қасенқызының сөзіне қарағанда, оларды сатып алу үшін алдын ала өтініштер жиналған. Екі түрлі дәрі тізімнен сызылып тасталыпты, оның бірі – таблетка түріндегі камадол дәрісі.

Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі, қан қысымы мен жүректің ишемиялық ауруы бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін Сара Қабдрахманқызыосы жерде тағы бір проблеманың ұшын шығарды.

– Кардиолог маманның қабылдауына бару үшін алдымен терапевт бірнеше зерттеулерді тағайындайды. Бұл да тиісті маманның көмегін дер кезінде алуды кейінге шегіндіретіні жасырын емес, бұл бір. Екіншіден, мен қабылдайтын ас тромбин, астромед сияқты препараттар өткен жылдан бері тегін берілетін дәрілердің тізімінен алынып тасталды. Неге екенін білмеймін. Олардың орнына отандық медикаменттерді тағайындайды. Шыны керек, қазақстандық медикаменттердің сапасы, тиімділігі шетелдік өнімдерден кемшін түсіп жатады. Сол себепті өз қаражатыма-ақ сатып алайын десем, дәрігерім рецепт жазып беруден бас тартады, – деп шағынды Сара Қабдрахманқызы.

Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бойынша комитеттің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Манкутова Альмира бұл олқылықты тек дәрігерлердің шалағайлығынан орын алған деп түсіндірді. Егер аталған препараттар ауруды емдеу хаттамасына сай болса, онда дәрігер рецепт жазып беруге міндетті екен.

Дәріханаларда электронды жүйе енгізіледі

Департамент басшысы орынбасарының сөзіне сенсек, медикаменттерді рецеппен босатудың еш жаңалығы жоқ, ол туралы заңнамалар осыдан он бес жыл бұрын шыққан, тек осы уақытқа дейін орындалмай келіпті. Оның айтуынша, адамдардың басты наразылығын тудырған мәселе – ол рецептердің үш жыл көлемінде сақталуы және бұл даурықпа тек біздің өңірде ғана байқалады.

– Ассоциация да, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Дүрлігетіндей ештеңе болған жоқ. Кеңес заманында Өскемен қаласында бар болғаны екі-ақ дәріхана болды. Дәрілер ол кезде де тек рецеппен сатылатын. Оның үстіне олар бес жыл сақталатын, бірақ ешкім ешқашан шағымданып көрмепті, – дейді департамент басшысының орынбасары.

Шынтуайтына келсек, рецептерді үш жыл сақтауға қазір дәріханалар да дайын емес екен.

– Дәріхана қожайындары тарапынан да шағымдар түсіп жатыр. Алдымен рецептерді сақтайтын қосымша орын керек, одан кейін оны тіркейтін, есебін жүргізетін маман бөлу керек. Оларды үш жыл көлемінде үнемі тексеріп тұратын болады. Дәріханалар бұған дайын емес.Бұл ереже әлі де жетілдіре түсуді талап етеді, – дегеноблыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Владимир Головатюк осы тәртіптен туындайтын проблемалардан бірнеше мысал келтірді.
Мысалы, науқасқа қымбат дәріден үш қорап алу керек, ал дәл қазір оның ақшасы бір ғана қорапқа жетедіделік. Егер провизор ережеге сай рецепті алып қалса, онда пациентке тағы да терапевтке барып, қайта рецепт алуға тура келеді. Бұның бәрі өзі ауру адамға қиындық туғызары даусыз. Келесі мысал. Дәрігер екі не үш дәріні бір ғана бланкке жазып берді дейік. Дәріханада біреуі ғана бар, басқасы жоқ, ал қызметкер тағы да рецепті алып қалуы тиіс. Сонда қалған дәрілерді алу үшін пациентке тағы да сандалуға тура келеді. Рецепт жаздырып алу үшін дәрігерге қайта баруға мәжбүр. Бұл шағын елді мекендерде көп уақыт алмас, ал Өскемен мен Семей сияқты үлкен қалаларда науқастарды сөзсіз шаршатады.

-Біз екі жылдан бері айтып келеміз. Медикаменттердің қандай түрі, қандай бағаменқай дәріханадабар екені жазылған тізім әр емханада ілініп тұруы керек.Бұл мәліметтерді емдеуші дәрігер де білуі тиіс. Сонда жасы келген науқастар қаланың ана басы мен мына басына дәрі іздеп шарқ ұрмайды. Бүгін құзырлы басқармалардың өкілдерінен мардымды жауап ала алмадық, енді осы проблемалардың барлығын бізоблыс басшысының талқысына шығарамыз. Осылардың негізінде Денсаулық сақтау министрлігіне хат жазылады, – деп сабақтады сөзін Владимир Головатюк.

Департамент басшысының орынбасары тұрғындарға қолайлы болу үшіналдағы уақытта рецептің электронды жүйесін енгізу қолға алынып жатқанынан хабардар етті.

-Қазіргі таңда кепілдендірілген тегін дәрілер емханалардағы дәріхана дүңгіршектерінде босатылатындықтан, оларға қол жеткізуде ешқандай проблема жоқ. Ал басқа пациенттерге келер болсақ, жыл аяғына дейін дәріханаларда рецептердің электронды жүйесін енгізу шаралары қарастырылып жатыр. Науқас дәріханада жеке куәлігін көрсетсе болғаны, бағдарламада оған қандай медикамент тағайындалғаны шыға келеді. Қазір біз барлық мәліметтерді жинап жатырмыз, жыл аяғына дейін осы жобаны енгізу көзделген. Енді тұрғындарға қағаз рецептерді қобыратып ұстап жүрудің қажеті болмайды, – деп қорытындылады спикер

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button