Дәрі-дәрмек бағасын бақылайды
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті дәрі-дәрмек тасымалдаушылары бағаны тұрақты сақтап тұру мақсатында меморандумға қол қойды. Құжатта көпшілік сұранысына ие 210 дәрі-дәрмек көрсетілген.
Екі тарап қол қойған меморандум негізінде дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуіне жол берілмейді. Жағдайды Шығыс Қазақстан облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитеті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы тікелей бақылайтын болады.
Теңге бағамының өзгеруіне орай медициналық препараттардың қымбаттауы тұрғындардың әлеуметтік қорғалмаған топтарының, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлердің, ардагерлердің қалталарына салмақ салары анық. Мұны болдырмау мақсатында аймақта әсіресе, Өскемен мен Семей қалаларында арнайы топ құрылып, елді мекендердегі баға бағамын бақылау қолға алынды, еріктілер де жұмылдырылған. Семей медицина университеті мен Өскемен медициналық колледжінің студенттері күн сайын дәріханаларды аралап, бағаларды белгілеуде.
Еріктілердің тәлімгерлері болып дәріханалар орналасқан аумақтағы ауруханалардың бас дәрігерлері бекітілді. Барлық ақпарат күн соңында медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитеті мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына түседі. Егер де дәрі-дәрмекке негізсіз баға өсіру тіркелсе, дәріханалар тиісті жазаға тартылып, лицензияларын алып қоюға дейін шаралар қолданылады.
Шығыс-Ақпарат