Достық үйлерінің тиімділігі артады
Ержан ӘБІШ
Өңірдегі Достық үйлерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жұмыстарына айтарлықтай өзгерістер енгізіледі. Мұндағы мақсат – ұлтаралық татулықты бекемдей түсіп, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау. Бұл туралы аудан-қала әкімдерімен кеңес өткізген аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлім етті.
– Барлық Достық үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, олардың жұмысын толық қайта құру керек, осы ретте жастарға баса назар аударған жөн. Басты міндет – этносаралық шиеленістердің алдын алу. Аудан-қала әкімдері тиісті бағдарламалар жасауға тиіс. Сондай-ақ БАҚ-пен жұмысты күшейту, этносаралық қатынастар туралы ақпаратты мектеп бағдарламасына енгізу маңызды, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар Катонқарағай ауданын дамытудың кешенді жоспары талқыланды. Алдағы бес жылда ауданға 30 миллиард теңге салынбақ, қаржы су желілерін, жолдарды, туристік нысандарды жөндеуге, қонақүйлер тұрғызуға, мектептер мен ауруханаларды реконструкциялауға және салуға, ауылдарды интернетпен қамтуға жұмсалады. Жеңілдетілген несиелер мен гранттар алатын кәсіпкерлер салық төлеп, әлеуметтік жауапкершілік танытулары керек.
– Облыстағы 150 әлеуметтік маңызы зор автобус бағытын субсидиялау жалғасады. Риддерге қалаішілік автобустар сатып алып, мәселені шешеміз. Өңірде теміржол және әуе көліктері де дамып келеді, аптасына үш рет облыс орталығынан Зайсанға ұшақтар қатынайды, – деді аймақ басшысы жолаушы тасымалы мәселесіне қатысты.
Кеңесте су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік мәселесі де талқыланды. Өңірде барлық гидроқұрылыстар тексеріліп, 713 су өткізгіш тазартылды, эвакуациялық бекеттер жабдықталды, жарылыс жұмыстарына ақша бөлінді.
– Біз барлық осал тұстарды білеміз және су тасқынын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді облыс әкімі.