Дос КӨШІМ, саясаттанушы: \”Бастық\”, \”басшы\” дегеннен гөрі халықтың қызметшісі деген дұрыс
Қазақ тілі үшін қазақтардың өздерімен соттасқан кездеріміз де болды
– «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасысыз. Бұл қозғалыс қандай мәселелермен айналысады? «Ұлт тағдыры» ұлттық мүддеде халықтың жанашырына айнала ала ма?
– «Ұлт тағдыры» – еліміздегі мыңдаған қоғамдық ұйымдардың бірі. Қазақстанда 18 мың қоғамдық ұйымдар бар дейді. Негізгі мақсат – ұлттық мәселелерді көтеру, ұлттық жаңғыру бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыру.
– Халықтың талап-тілегін әділдікпен шешудің жолдары көп. Меніңше, халықтың ұсынысына құлақ түріп, санасатын жерде санасып, бейбіт келісімге келсе, биліктің ұтпаса, ұтылмасы анық. Сіз қалай ойлайсыз?
– Қандай жағдай орын алмасын оны дастарқан басында ақылдаса отырып шешу қазақтың өмір салтында бар дүние ғой. Даулы мәселелерге келгенде әділ билерге жүгінген халықпыз. Бірақ өкінішке орай, соңғы уақыттарда бейбіт жолмен шешу мәселесіне мән берілмей жүр. Оның орнына көбінесе «тәртіп орнату бағытындағы жұмыстар» бірінші орынға шығып отыр. Түйткілді мәселелерді азаматтық қоғам өкілдерін, беделді адамдар мен ақсақалдарды араластыра отырып дөңгелек үстел басында ақылдасып шешуге әбден болатын сияқты. Бұған 100 пайыз сенімдімін. Сабырлы, парасатты адамдар билік басында да, депутаттардың ішінде де, ел ішінде де бар ғой.
– Халық сеніп, соңынан еретін адам азайып бара жатқандай көрінеді. Ұлттың серкелері, көшбасшылар деп кімдерді атар едіңіз?
– Еліміздің барлық аймақтарында ұлттың серкелері болуға лайық көшбасшы адамдар бар деп ойлаймын. Әрине, мұндай адамдарды бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға көрсете білулері керек. Халық сол адамдарды танып-біліп, бірімен-бірін салыстырулары шарт. Оның біліктілігіне, саяси-қоғамдық жағдайды меңгеру деңгейіне көздері жетулері қажет. Әрине, Бауыржан Момышұлының деңгейіне жетпейтін шығармыз. Ол кісіні «осындай ұлтшыл ағамыз бар екен ғой» деп кішкентайымыздан санамызға сіңіріп өсті. Бауыржан тірі болса, бірауыз сөзіне бүкіл қазақ тоқтай салатын еді. Әсіресе, Парламентке депутат сайлау жақындаған кезде маған «бізде нағыз депутат болатын адамдар бар ма?» деген сұрақтар көп қойылады. Мен білетін мұндай ондаған адам бар. Бірақ оларды көрмейтін себебіміз жарыққа шығуларына кедергілер көп. Пікірі халыққа жетпегеннен кейін, ондай тұлғалар жоқ сияқты болып көрінеді.
– Ара-тұра тіл мәселесін көтеріп қоясыз. Бірақ көшелер мен мекемелерде ілінетін кез келген жарнама, хабарландырулар мен парақшалардың қазақ тіліндегі мәтінінде міндетті түрде қате кездеседі. Осыған қарап кейде әдейі істеліне ме деп те ойлап қаласыз. Әйтпесе, тіл мамандары жетеді ғой. Тілді қорлайтындармен күрес жүргізіп көрмедіңіздер ме?
– Көрдік. 1988 жылы «Ана тілі» қоғамы құрылған уақытта осындай мәселелермен ашық күресе бастадық. Жақында бұрынғы бір студентім маған былай деді: «ағай, қазақ тілі үшін, көшелердегі жазбаларды қазақшалау бағытында жұмыс істегенде біреуіміздің тоққа түсіп, өліп қала жаздағанымыз бар. Студенттер бірігіп, бірнеше топқа бөлініп, түнде көшеге шығып, қате жазылған немесе тек қана орыс тіліндегі мәтіндерді жыртып, талқандап тастайтынбыз. Бір күні жанып тұрған жарнаманы аламыз деп тоққа түсіп қалғанымыз бар. Тіліміз үшін сондай қадамға да бардық». Былай қарасаңыз, бұл нағыз басбұзарлық іс-әрекет. Бірақ намысты жастар өздерінің ұсталып, оқудан шығарылулары мүмкін екендіктеріне де қарамай, тілімізді сақтап қалуға күш салды. «Ұлт тағдыры» қозғалысы алғашқы құрылған уақытта да, кейін де біздің мүшелеріміз көшедегі мәтіндерді арнайы тексеріп жүрді. Мысалы, «Ұлт тағдыры» алғаш рет тіл үшін Орталық мұражаймен соттасты. Билеті тек орыс тілінде екен. Біз билеттің қазақ тілінде болуын талап еткеніміз үшін олармен соттасуға тура келді. Сот үш айға созылды. Ойлап қарасаңыз, нағыз масқара жағдай. Сот – қазақ, прокурор – қазақ, қорғаушы – қазақ, сотқа беріп отырған «Ұлт тағдыры» қазақ тіліндегі мекеме жауап беруші мұражай директоры да – қазақ. Сонда өңкей қазақ ана тіліміз үшін үш ай айқасып, соттастық. Ақырында біз жеңіп шықтық. Мұражайдың билеттерінің бәрі қазақ тіліне көшірілді. Кейбір облыстарда автобус, трамвайдың билеттерін қазақшаға ауыстыру үшін де соттастық. Мұндай жұмыстар аз атқарылған жоқ. Осы уақыттарда «Ұлт тағдыры» қозғалысы екі заң жобасын дайындады. Біріншісі – «Мемлекеттік тіл туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасының Ономастика туралы» заң жобасы. Бұл жобалар көптеген газеттерде жарияланып, халықтың талқысына түсті. Аталған жобаларын сол уақыттағы Парламенттің назарына да ұсындық. Әңгіме болды, қарады. Бірақ, оны әрі қарай жібермеді. Менің ойымша, мұндай заң жобасын Қазақстандағы бір де бір саяси партия жасаған жоқ.
– Дәл қазір Заң қабылдаудың ауылы алыс сияқты. Ең болмағанда, халықтың назарын өзіне жиі аударатын жарнамаларды сауатсыз жазатындармен күресу керек секілді…
– Менің ойымша, әңгіме – жарнамада емес. Бұларды кейде көрнекі жазбалар деп те атайды. Бұған жарнама да, көшелердің аты да, керек десеңіз, асхана, дәмханалардағы ас мәзірі де жатады. Көрнекі жерлерде тұрған мәтіндердің мемлекеттік тілдегі нұсқасының жоқ болуынан, бір ізге түспеуінен қате жазу орын алып тұр. Заң қабылданбай, бұл мәселелер шешімін таппайды.
Францияда көшедегі жарнамаларды қате жазғандар 5000 еуро айыппұл төлейді
– Енді бұл заңның олқы тұстарын толықтырып, қайта ұсыну керек шығар?
– Ұсыныс жасалынбады деп айта алмаймын. Құдайға шүкір, халық сеніп сайлаған жүздеген депутаттарымыз бар. Соны білмей отыр ғой дейсіз бе? Менің ойымша, мемлекеттік тілдің аяғынан тұрып кетуіне белгілі бір дәрежеде қарсылық бар. Бұл тарапта екі мәселені айтуға болады. Жоғарыда отырған шенеуніктердің дені – орыстілділер. Оларға орыс тілінде сөйлеп, орыс тілінде жазу ыңғайлы. Сондықтан да, оларда мемлекеттік тілді қолдануға деген ниет жоқ. Қате жазуды көрсе, жүрегі ауырмайды, намыстанбайды. Егер Мәскеуде Пушкиннің атын қате жазыңызшы, бір сағаттың ішінде алдырып, өзіңізді сотқа береді. Ал бізде намыс деген жойылып кеткен. Әлде, баяғы біздің студенттеріміздің жасаған тәсілдеріне көшіп, қате жазылған жазбаларды қиратуымыз керек пе? Егер сол жазбаларды қате жазған немесе қазақ тіліндегі мәтінін бермеген жауапты адамдарды қатаң жазаламаса, ешнәрсе де өзгермейді.
-Көшедегі жарнаманы қиратқанмен ешнәрсе өзгермейді ғой. Жарнама агенттігіне ақшасы төленіп қойғандықтан ертесіне тағы іліп қоймасына кім кепіл?
– Конституция бойынша, біз – құқықтық мемлекетпіз. Сондықтан барлығын заңды жолмен шешуіміз қажет. Ал 90 жылдары тіл үшін, тәуелсіздік үшін күресте, әрине, радикалды тәсілдерді де қолдануға мәжбүр болдық. Бірақ мемлекет өзінің мемлекеттік тілін қорғай алмаса, қоғамдық өмірдің барлық саласында жұмыс істеткізе алмаса, қиратуға өздері алып келеді.
Әлі есімде, 1989 жылы қазақ тіліне қатысты бір жиналыста бір студент: «Медеу мұз алаңының жанына «Медео» деп жазып қойыпты, соны қиратайық» деді. «Қирату басбұзарлыққа алып келеді» дегенімде: «Ағай, егер үй өртеніп жатса адамдарды аман алып қалу үшін үйдің есік, терезесін қиратып кіреді ғой. Біз де өртке оранып, өліп бара жатқан тілімізді аман алып қалу үшін осындай іс-қимылдарға баруымыз керек қой» дегені бар. Егер заңсыздықты заңды, өркениетті, парасатты жолмен тоқтата алмасақ, атқарушы билік мемлекеттік тілдегі қате жазғандарды жауапқа тартқысы келмесе, басқа қандай шара қолдануға болады?! Мысалы, Францияда көшедегі көрнекі жазбаларды мемлекеттік тілде қате жазғандар 5000 евро айыппұл төлейді.
Оппозиция – халықтың жанашыры емес
– Оппозициялық партиялар халық деп ұрандағанымен жеме- жемге келгенде биліктің сойылын соғатын болып шығады. Өздеріңіз қай жағындасыздар?
– Билік, біздің, яғни, Қазақ елінің билігі. Біз оған жау емеспіз ғой. Биліктің адамы да біздің жауымыз емес. Біз осыны түсініп алуымыз керек. Оппозиция деген ұғымды жұрттың көпшілігі қате қабылдайды. Оппозиция дегенді әділдік үшін күресетін, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын саяси топ деп ойлайды. Бұл – түбірімен қате. Оппозиция дегеніміз – қазіргі билікте тұрған саяси топты ығыстырып шығарып, билік өз қолына көшкен соң өзінің алдына қойған тұғырнамаларын жүзеге асыратын екінші саяси топ. Бұларды халыққа жаны ашитын, әділдік үшін күресетін топ деп ойлау – үлкен қателік.
– Сонда олар өз мүдделері үшін күрес жүргізеді дейсіз ғой.
– Иә, жаңағы топ өз мүдделері үшін күреседі. Бірақ ол мүдде халықтың ой-арманына негізделген мүдде болуы да мүмкін. Халық оны олардың бағдарламаларымен танысқан кезде ғана біледі. Әрине, оппозиция билік басына келуі үшін әділдік туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайында айтады. Ұлттың мәселесін көтереді. Халықтың қолдауын алуы үшін халықтың мүддесін қорғаушы болып шыға келеді. Бұл – заңды құбылыс. Сондықтан да халықтың түсінігін өзгерту керек. Билік – халықтың қызметшісі. Біз оларды өз ақшамызға жалдап отырмыз. Егер олар жұмысты дұрыс жүргізбесе, ол топты алып тастап, басқа, қолынан іс келетін адамдарды әкеп отырғызуға құқылы. Италияда жыл сайын үкімет ауысады. Классикалық түрде осылай болуы керек. Халық осыны түсінуі тиіс. Бастық деп атау үлкен қателік. Демократиялық елдерде оларды «басшы» да, «бастық» да демейді, халықтың қызметшісі деп атайды.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова