Тылсым дүние

Домалақ ананың болжамы

Домалақ ананың болжамы

Ұлы жүз руларының түпкі атасы, Жетісу тайпаларының көсемі VI-VII ғасырлар тоғысында өмір сүрген Бәйдібек Қарашаұлының некелі бәйбішесінің бірі Домалақ ана (Нұрила) болған.
Нұриланың әкесі Шайқы Мизамбек сөзге сараң, жүріс-тұрысы байыпты, айтарын дөп басып сөйлеген. Алды-артын болжағыш, болар жайды алдын ала біліп отыратын адам екен. Әкесінің қасиеті Нұрилаға дарыса керек, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі шындыққа сайған болжампоз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана» деп атап кетіпті. Ел аузында ол кісі туралы аңыз –әңгіме көп. Солардың бірінде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылына шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жинап, қасына үлкен бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрила: «Байеке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей, ауылға келеді. Жауды қума азаматтар, аман болсын, осы тілегімді беріңіз»,-депті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында қуып жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аз жасаққа теңдік бермепті. Бәйдібек осы соғыста алты ұлынан айырылады. Арада алты күн өткенде Бәйдібектің қалың жылқысы шынымен де кері қайтыпты.
Бұған ашуланған және таң-тамаша болған жау елінің билеушісі ақыл-кеңесшілерін, бай-манаптарын, билерін, сайып келгенде, игі жақсыларын жинап, бұл құпияның сырын білмек болады. Сонда осы елдің төбе биі: «Жылқылардың қайыру бермей кері қайтуы олардың артында анасы «мама бие» қалды, не әкесі «азбан айғыр» қалды. Мұндайда жылқылар аң патшасы арыстанға да бой бермейді», – депті.
Мән-жайды түсінген билеуші Сойқан деген батырын бас қылып, бұрынғыдан үш есе көп қолды Бәйдібектің еліне аттандырады. Бұл елде тұтқиылдан келген жауға қарсы тұрар күш жоқ еді. Жан-жаққа ат шаптырып күш жинап алу мақсатымен «Үш күннен кейін Қошқарата өзенінің бойында кездесейік» деген Бәйдібектің ұсынысын жау жағы қабылдамайды. Міне, осы бір сын сағатта Нұрила ауылында жүрген қырғыз елінің жайшысын дереу алдырып, жағдайды айтады. Тезірек көмек беруін өтінеді. Жайшының да құрыс-тырысы жазылмай жүрген шағы екен, қойнындағы шұбарала тасын суырып ап, көкке екі қолын жайып, бірдеңелерін айтып, әп-сәтте жауға қарсы қарлы боранды үрлеп жібереді. Үш күн бойы үдіре соққан бораннан әбден күйістері кеткен жау жағы шегінуге мәжбүр болады. Бұл күнде Бәйдібек те үлкен қол жасақтап үлгерген еді. Мен бұл әңгімені Сарыағаш шипажайында бірге демалған 91 жастағы Үндемес деген ақсақалдан естіген едім. Осы орайда ол кісіден естігенім көп-ақ, сәтін салса алдағы уақытта жазармыз.

Советхан Қалиғожин

Осы айдарда

Back to top button