«Дидардың» қонағы

Дінмұхамет ҰЯБАЙ, облыстық драма театрдың директоры: – Рүстем Есдәулетке мүсінін орнатамыз

Дінмұхамет ҰЯБАЙ, облыстық драма театрдың директоры:  – Рүстем Есдәулетке мүсінін орнатамыз


Халықаралық театр күніне орай облыстық драма театрдың директоры, Қазақстанның мәдениет қайраткері Дінмұхамет Мамырқанұлымен кездесіп, өнер ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігі һәм аталмыш азаматтың өмір жолы туралы әңгімелесіп қайтқан едік.

Өткен жылы 12 қойылымның тұсауы кесілді

– Сіз бұл өнер ошағының тізгінін ұстағаныңызға үш жыл уақыт болыпты. Не тындырдыңыз?

– Мен 2014 жылдың күзінде келдім. Келесі жылы көктемде қазіргі отырған драма театрдың ғимаратына көштік. 7 сәуір күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен жаңа театр қолданысқа берілді. Керемет ғимаратқа келгенімізбен орыс труппасында да, қазақ труппасында да арнайы мамандар тапшы болатын. Облыс әкіміне «бұл жерге көркемөнерпаздарды емес, шынайы мамандығы бар актерлерді жұмысқа алсақ» деген өтінішімізді айттық. Ұжыммен арнайы келіп танысқан ол кісі ұсынысымызды қолдады. Сонымен Астанадағы ұлттық өнер университеті мен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына барып, сол жылы театр факультетін бітірген 20 жас маманды жұмысқа әкелдік. Тындырған ісіміздің бірі осы болды. Олар келе салысымен оңтүстік Кореяда өткен театр фестиваліне қатысып келді. Оннан астам елдің өнерпаздары қатысқан бұл байқауда біздің қыз-жігіттеріміздің өнері жоғары бағаланды.

Бұдан кейін облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Жастар театры ашылды.

– Жастар театры қандай мақсатпен құрылды?

– Актер 5-6 жыл Жастар театрында жұмыс істеп, әбден шыңдалған соң қазақ-орыс труппаларына ауысатын болады. Оның бірден-бір мақсаты өңірдегі өнерсүйер жастарға өз тілдерінде сахналық қойылым көрсету. Олар комедия, музыкалық спектакль, мелодрама сынды бағыттарда жұмыс істейді. Олар ең алғашқы театр маусымын американдық драматург К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» комедиясымен ашты. Спектакльді сахналауға Астана опера театрының талантты жас режиссері Еренбақ Тойкеновті арнайы шақырып әкелдік. Мен жетекшілік еткен жылдары орыс труппасының 80 жылдығы мен қазақ труппасының 15 жылдығы болды. Осы атаулы жылдарды абыроймен өткіздік деп ойлаймын.

– Жаңағы Астана мен Алматыдан келген жастардың баспана мәселесі шешілді деп естідік?

– Иә, бастапқыда оларды жұмысқа шақырғанда солай келіскенбіз. Әйтпегенде қиырдағы жатқан облыстық театрға өнер ортасында жүрген жастарды тарту қиын. Сондықтан баспана мәселесін шешіп береміз деп облыс әкімі уәде берген еді. Жастар келді, облыс әкімі айтқанында тұрып 20 жас маманға 20 пәтердің кілтін тапсырдық. Отбасылы жастар екі бөлмелі, үйленбегендері бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді. Бұл қуанарлық һәм мақтанарлық жағдай. Бір жолда 20 жасты баспаналы ету еліміздің ешбір жерінде болмаған жағдай.

– Жаңа ғимаратқа көштіңіздер. Жаңа қойылым жағы қалай?

– Театр қоржынын толықтыру үшін мүмкіндігімізше жұмыс істеп келеміз. Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойына орай Думан Рамазанның «Керей-Жәнібек» қойылымын сахналадық. Бұған өздеріңіз де куә болдыңыздар. Жуырда ғана Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясының тұсауын кестік. Өткен жылы ересектерге арналған сегіз, балаларға арналған төрт қойылыммен репертуарымызды толықтырдық. Қазақ труппасы Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясын, Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әфсанасын, М.Байжиевтың «Тіл табысқандар» және М.Әлібектің «Бала арманы» ертегісін сахналаса, орыс труппасы В.Красногоровтың «Комната невесты» лирикалық комедиясын, П.Бомаршенің «Безумный день или Женитьба Фигаро» комедиясын, С.Астраханцевтің «Братец Лис и Братец Кролик» ертегісін және В.Илюховтың «Лекарство от Жадности» жаңажылдық ертегісін ел назарына ұсынды. Ал Жастар театрының қоржынына М.Хасеновтың «Жасасын махаббат» музыкалық комедиясы, М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек», Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» драмалары, сондай-ақ, балаларға арналған «Теремок» ертегісі негізінде сахналанған «Ормандағы оқиға» қойылымы қосылды.

Дінмұхамет ҰЯБАЙ, облыстық драма театрдың директоры:  – Рүстем Есдәулетке мүсінін орнатамыз

Желтоқсан оқиғасы біздің жатақханадан басталған

– Өткенде әлеуметтік желіде «театрдың бұрынғы директоры болған марқұм Рүстем Есдәулеттің кеуде мүсіні бұрынғы орнынан алынып тасталды» деген әңгіме шығып еді. Мәселенің мәнісі қалай?

– Бұл кеуде мүсіні бейнеге дейінгі мүсіншінің макеті, негізгі мүсін зират басына орнатылған. Театрдағы кеуде мүсіннің макеті қазір, актерлер дайындалатын арнайы вокал сыныбында тұр.

Ол мүсінді театрдың кіреберісіне немесе фойе залдарына орнатуға келмейді. Сапасы сын көтермейтін болғандықтан тек Рүстемді ұлықтау кештерінде ғана пайдаланып келгеміз.

Біз Рүстем Есдәулетке арнайы мұражай ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта материалдар жинақталуда. Сондай-ақ, мүсінді қайта жасатуды өңірдегі атқамінер азаматтардың қолдауымен қолға алып жатырмыз.

Рүстемнің қойған қойылымдары да театр репертуарынан түскен жоқ. Өткен жылы Р.Есдәулет атындағы « І Республикалық жастар және студенттер театры» фестивалін өткіздік. Бұйырса бұл дәстүрлі түрде өтетін шараға айналады.

Азғана ғұмырында ұлттық театр өнерінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматымыз біздің жүрегімізде мәңгі сақталатын болады.

– Сіз Өскеменге келгенге дейін де театр саласында жұмыс істедіңіз бе? Жалпы өзіңіз туралы айта кетсеңіз.

– Мен осы өңірдің тумасымын. Күршім ауданында дүниеге келгем. 1977 жылы білім қуып, өнер қуып Алматыға аттанып кеттік. Содан кейін 25 жыл салып туған жерге оралып отырмын. Ең алғаш Семейдегі М.Төлебаев атындағы музыкалық колледждің ән факультетін, содан кейін Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр және музыкалық комедия» бөлімін бітірдім. Бұл 1984-1988 жылдары болатын. Оқу бітірген соң 90 жылға дейін Алматыдағы Шәкерім атындағы эксперименталды театрда Қазақстанның халық әртісі Әмина Өмірзақова, Қасым Жәкібаев сынды тұлғалармен бірге жұмыс істедім. 1990 жылы Керекуде Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ театры ашылып, соған жастарды шақырды. 2014 жылға дейін сол жерде актер, театр директорының орынбасары сынды қызметтерді атқардым.

– Өткен жолыңызға қарап отырсақ, Кеңес үкіметінің «қабірін қазған» 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Алматыда болыпсыз. Сол туралы не білесіз?

– Бұл оқиға негізі біз оқып жүрген Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының жатақханасынан басталған. Түнімен түрлі ұрандар жазып, 16-сы күні таңғы сағат 9.20 мөлшерінде 40-тай студент бейбіт түрде өз наразылығымызды білдіру үшін орталық алаңға қарай беттедік. Бірте-бірте қарамыз көбейіп кетті. Шынын айту керек, ешқандай бөтен ойымыз болған жоқ. Бірақ арты үлкен оқиғаға ұласып кетті де, бізбен бірге шыққан группаластарым Бақытбек Иманқожаев, Құрманғазы Айтмырзаев сынды азаматтар 3-4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал біз сот залынан қайттық.

– Биыл киелі өнер ошағы көрермендеріне қандай тың туындылар сыйлайды?

– Біз мейлі қай кезде болсын репертуарымызды толықтыруға, сондай-ақ, актерлеріміздің шыңдалуы жолында жұмыс істейміз. Алдағы уақытта Астана, Алматы қалаларынан белді театр сыншыларын шақырып, сол кісілердің құнды ұсыныс-пікірлерін тыңдауды көздеп отырмыз. Бұл әсіресе жас мамандар үшін аса пайдалы деп ойлаймын. Бұдан бөлек бұйырса, биыл да біраз жаңа қойылымдардың тұсауы кесіледі. Айталық, қазақ труппасы Б.Ұзақовтың «Жан дауа» драмасын, орыс труппасы Н.Гогольдің «Ноч перед Рождеством» жаңажылдық қойылымын, Жастар театры Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мюзиклын сахналайды. Сондай-ақ, елімізде өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне арнайы барып аталмыш үш өнер ұжымымен өнер көрсетуді жоспарлап отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет! Көрермендеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button