Диқандар дала төсіне шықты

Аудан диқандары қыстай техникаларын жөндеп, қалпына келтіріп, жуықта басталатын көктемгі егістік науқанына дайын отыр.
Биыл өңір диқандары 186105 гектар аумаққа дәнді дақылдар себуді жоспарлауда. Егістіктің шығымдылығын арттырып, жоғары өнім алу мақсатында өңір бойынша барлығы 4880 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алуға ауданымыздың 26 ауылшаруашылық құрылымдары өтініш берген екен. Қазір көпшілігі тыңайтқышпен қамтамасыз етілген.
Тағы бір айта кетеріміз, қазір шаруа қожалықтарының иелігінде 2216 дана әртүрлі ауылшаруашылық тракторлары бар. Егін егу науқанына ауданға 3060 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Аудандағы бірнеше ауыл әкімімен көктемгі егістікке дайындық барысы туралы әңгімелескен едік. Соның бірі Көкөзек ауылының әкімі Асхат Ахметов былай дейді:
– Елді мекендегі шаруа қожалықтары тұқымдарын сараптамадан өткізіп, техникаларын баптап, егіс алқабына әне-міне шыққалы дайын отыр. Осы жылы 7930,0 гектарға дәнді дақылдар себілмек. Біздің ауыл тау етегіне орналасқандықтан ауданның басқа округтеріне қарағанда жері кештеу дегдиді. Бірақ, соған қарамастан диқандарымыз жыл сайын егіннен, көкөністен айтарлықтай мол өнім алып келеді. Шаруашылығымыз арзандатылған жанар-жағармайды ерте көктемде дайындап қойған еді. Көкөніс демекші, биыл 37 гектарға картоп, бақша дақылдарын себуді ойластырудамыз.
Қазіргі күндері ауданның 27 ауылдық округіндегі шаруа қожалықтары, кооперативтер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер егіс даласына шыға бастады. Уақыт күтпейді, тұқым себумен әрі оны күтіп-баптаумен айналысатын шаруашылықтар жұмыла іске кірісіп кетті.
– Егілетін дәнді дақылымыз 960 гектарға жуықтайды. Ауылдағы ең ірі шаруа қожалықтарының бірі «Еламан» шаруашылығы өзіне тиесілі атырапты өңдеуге кірісіп те кетті. Сонымен қатар, ірілі-ұсақты 58 шаруа қожалығы және біздегі құрылған кооперативтер көктемгі қарбаласты бастады. Тұқым себу жұмысының дұрыс басталып, жанар-жағармайдан, қосалқы бөлшектерден таршылық көрмеуін қадағалап отырамыз, -дейді Науалы ауылдық округінің әкімі.
Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК