«Дидардың» қонағы

Диана Исмаилова, сазгер әнші: – «Қайда?» әнімді 9-сыныпта оқып жүргенде жазғанмын

Диана Исмаилова, сазгер әнші: - «Қайда?» әнімді 9-сыныпта оқып жүргенде жазғанмын


Ерке Есмахан орындайтын «Қайда?» әні жастардың арасында хитке айналған. Алайда, көпшілігіміз осы әннің авторы үржарлық Диана Исмаилова екенін біле бермейміз. Бүгінгі күні Т. Жүргенов атындағы өнер академиясын аяқтап отырған «Негры» эстрадалық тобының әншісі, композитор Диана Исмаиловамен Аягөз қаласында жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

Қырғыздар «құда» түсті

-Диана, «Дидар» газетінің оқырмандарына, жерлестеріңе өзің жайында айтып берші.

-Мен Үржар ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Осындағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепті қазақша бітірдім. Әке-шешем Ермек пен Нағима Исмаиловтардың екеуі де Чайковский атындағы музыка училищесінің түлектері. Бір қызығы, екеуі де өнер жолына түскен жоқ. Әкем әскери адам болса, анам жеке кәсіпкер, сұлулық салоны бар.

-Сенің мектеп жасыңнан әнді тамаша айтатыныңды жақсы білеміз, куә да болдық. Ал енді Ютубтан 35 миллион адам көріп тамашалаған, баршаға хит болған «Қайда?» әні қалай жазылды?

-Бұл әнді сөзімен 9-сынып оқып жүген кезімде Үржарда жазғанмын. Кейін мектепті тәмамдап, Алматыға келген соң, туындымды қайыра қолға алып, аранжировкасын жасай бастаған сәтте әлдекімдер арқылы құлағына жеткен Ерке Есмахан әнді өзінің репертуарына алып, орындағысы келетінін айтып хабарласты. Мен рұқсатымды бердім.

Диана Исмаилова, сазгер әнші: - «Қайда?» әнімді 9-сыныпта оқып жүргенде жазғанмын

– Әнді Ерке айтатынына бірден келістің бе?

-Шынымды айтайын, бірден келісе алмай, екі-үш күн әрі-сәрі күйде болдым. Ақыры ойлана, толғана келе, әнді айтуына рұқсат бердім.

-Қазір өкінбейсің бе? Қанша айтқанмен, ән Еркенің даңқын аспанға бірден әуелетіп жіберді ғой. Әнді өзің айтқанда қалай болар еді? Әнмен бірге Диана Исмаилованың да атағы аспандап кетер ме еді?!

-Жоқ, мүлде өкінбеймін. Біріншіден, ол әнді мен дәл Еркедей айта алам ба, екіншіден, мен әлі жаспын, мұндай дүниені бірден шыр айналдыру қолымнан келе қояр ма еді?!

-Ән бірден жастардың сүйіп айтатын шығармасына айналғаны рас. Тіпті, қырғыз жастары арасында да бұл ән дәл қазір хитке айналып тұрған көрінеді…

-Шынын айтсам, әннің даңқы осыншама аспандап кетеді деп ойламаған едім. Жай, өзі үшін, өзінің ішкі жан дүниесі үшін мектеп жасындағы балауса қыздың жазған шығармасы еді. Бірден аспандап, миллиондардың жүрегін жаулап алды. Бұл мен үшін зор қуаныш қой! Әп дегенде мен ондай қуаныштың осылайша тез, аяқастынан келе қоярына сене де алмай қалғаным рас. Сол жүрек жарған қуаныштың менің ғана еншіме тиесілі екендігін ойласам, әлі күнге дейін жүрегім лүпілдеп кетеді. Ал ән эфирге кетіп, шырқала бастағаннан соң, бір айдан кейін қырғыздар Ерке Есмаханға әнді өздерінің де орындауына рұқсат сұрап, хабарласыпты. Ерке, әлбетте, шығарманың заңды иесі-менің телефон номерімді берген. Маған телефон шалған қырғыз әншісі Гүлназ Чыныбекқызы әнді өз тіліне аудартып, қырғызша айтуға рұқсат сұрады. Мен, әрине, шығарманың барлық авторлық құқықтары өзімде сақталғандықтан, рұқсатымды бердім. Ол жақта да жастардың сүйіп айтатын әніне айналыпты. Бұған, әрине, қуанамын.

-Осы жайлы Ерке мен қырғыз әншісі соттаспақшы екен деген қауесеттің шыққанынан да хабарымыз бар…

-Бұл енді күлкіңді келтіретін жағдай. Жоғарыда айттым, әннің барлық авторлық құқықтары менде сақталған, авторы – мен. Оны Ерке де, Гүлназ да мойындап отыр. Не деп, кім үшін соттаспақшы?

-Әннің жекелеген шумақтарын ақын Қайнар Алагөзов жазған көрінеді!?

-Иә, ол әннің екінші шумағы мен кейбір қала аттарын қосты. «Кең болсаң, кем болмайсың», – дейді бабаларымыз. Оған да ренжіген жоқпын. Өйткені, әннің сазы мен мәтіні үйлесіп жатқаны бәрімізге аян болып тұр ғой. Ол үшін «бүйректен сирақ шығарудың» жөні жоқ деп шештім өзім.
Люция Төлешованы үлгі тұтамын

-Аталмыш хит әннен соң Ерке Есмаханмен шығармашылық байланысың қалай өрбіді? Ортақ шығармалар дүниеге келді ме?

-Иә, бастабында оған өзім үшін ғана жазылған әнімді сатпаймын деп, сәл қарсылық танытқаннан со,ң кейін шарықтап кеткен ән екеуімізге де қанат бітірді деуге болады. Енді «Қайда?» әнінің жалғасын жазу да ойда бар. Бұйырса, жыл аяғына дейін дайын болып қалады. Жалпы, маған Ерке Есмаханның қарапайымдылығы мен өнерге деген құштарлығы қатты ұнады. Ол әнді айтпас бұрын менен композитор ретінде, шығарманың авторы ретінде «Қайда?» әнін қалай орындауы жөнінде кеңескеніне риза болдым. Ән маған айтарлықтай танымалдық алып келгені рас. Осыдан кейін Қайрат Нұртас, Мөлдір Әуелбекова сынды танымал әншілерден шығармашылық байланыс орнатуға деген ұсыныстар түсе бастады.

Диана Исмаилова, сазгер әнші: - «Қайда?» әнімді 9-сыныпта оқып жүргенде жазғанмын

-Диана, өзің Қазақстан авторлар қоғамына мүше болып, «Қайда?» әнін тіркеліпті. Бұған белгілі бір мөлшерде қаржы да түсіп отыратыны рас қой.

-Әлбетте, республикалық эфирден орындалуына байланысты ай сайын белгілі бір мөлшерде қаражат алатынымды жасырмаймын. Соның көлемін айтпай-ақ қойсам қайтеді? Менің жүріп-тұруыма жетеді.

-Диана, адамдардың қандай қасиеттерін бағалап, қандай қасиеттерін жек көресің?

-Өмір болған соң адамдардың небірімен араласып, небір жандармен сұхбаттасуға тура келеді. Өзіммен араласып, бірге жүргендердің ішінде жүрегі таза, болмысы шынайы, қарапайым жандарды жақсы көремін. Керісінше, өтірік айтатын, тұрақсыз адамдарды ұнатпаймын.

-Кімді үлгі тұтасың?

– Қазақ өнерінде өзіндік орны бар әйгілі әнші, ұстазым Люция Төлешованы үлгі тұтамын. Ол кісіден көп жақсы қасиеттерді үйреніп, бойыма сіңірдім. Ата-анамнан кейін алдағы өміріме қажетті асыл қасиеттерді осы адамнан үйрендім деп нақты айта аламын.

-Өнер әлеміне сермеген қанатың талмасын, Диана!

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button