Ауыл шаруашылығы

ДИҚАНДАР ЖАЗДЫҚ ДАҚЫЛДАРДЫ ЕГІП ЖАТЫР

Күннің жылынып,  жердің қызған сәтін баққан диқан қауымы  біраз күннен кейін нағыз қарбаласты бастамақ. Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарының диқандары жаздық дәнді дақылдарды егуге кірісіп те кетті.
    Облыста  2,5 мың ірі  және орта шаруашылық көктемгі егіс жұмыстарына кіріскелі отыр. Энергетика министрлігі тарапынан өңірдегі егіс науқанына тоннасы 174 мың теңгеден    30 мың тонна дизель отыны бөлінді.

Қала, аудан әкімдіктері жағармайды тасымалдап, жеткізуші операторларды анықтап, отын шаруашылық құрылымдарына жеткізіліп жатыр. Бөлінген дизель отынының 8 мың тоннасы наурызға жоспарланса, 9 мыңы сәуірде, 8 мыңы мамырда, 5 мың тоннасы маусымда жеткізілмек.

Биыл облыстық бюджеттен егін шаруашылығын субсидиялауға 5 млрд. 423,3 млн. теңге субсидия бөлінді. Бұл қаржының 2 млрд. 75,9 млн. теңгесі тұқым шаруашылығына, 1 млрд. 725,3 млн. теңгесі минералды тыңайтқыштарды арзандатуға, 1 млрд. 422 млн. теңгесі пестицидтер бағасын төмендетуге жұмсалмақ. 15 сәуірге дейін  «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терін үшін  шаруашылықтарға  2 млрд. 408,9 млн. теңге несие қаржысы берілген. Қаржының 1 млрд. 294,6 млн. теңгесі «АКК»АҚ мен несие серіктестіктері арқылы, 1 млрд.114 млн. теңгесі банктер арқылы берілген.

17 сәуірге дейін 85,5 мың. га (11%) егіс алқабына ылғал жабылып,  6,4 мың. га (1%) жер алдын ала өңделді. Үржар, Зайсан, Тарбағатай аудандарының диқандары жаздық дәнді дақылдар егуге кірісті.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button