Тылсым дүние

ДЕРТКЕ ДАУА БОЛҒАН ЖЫЛАН

ДЕРТКЕ ДАУА БОЛҒАН ЖЫЛАН

Кіреберістегі адамдар арасынан аңқылдай амандасқан алпамсадай жігітті танымадым.
– Апыр-ау, бұл жігітті қайдан көрдім? Әлде бір жерде дәмдес болдық па..?
Ақыры ойыма түсіре алмадым. Көрші үстелдегі ол да маған қарайлап қойып отырды.
Үзілісте жолыққанымызда:
– Сәке, мені танымадыңыз-ау, шамасы? Мен ғой, Батырхан. Семейден, – деп жаңа көрген адамдай қайта қолымды алды.
Көрген жерден атыңды атап, жік-жаппар болған бейтаныс жанды танымау, бұл өзі бір қолайсыз жайт екен. Ұялған тек тұрмас, үнсіз қалғаннан гөрі үй-ішінің амандығын, қайда жүріп жатқанын сұрап жатырмын. Осы кезде қасымызға той иесі Талапхан келіп қалды. Екеуімізді алты-жеті жыл бұрын таныстырған да осы Тәкең болатын. Ол кездегі Батырхан мен мына Батырханның айырмасы жер мен көктей. Құдай-ау, адам баласы осылай да өзгереді екен-ау. Ондағы Батырханның салмағы, әй, шамамен 140-150 келі болатын. Әукесі салбырап, басы мен мойыны тұтасып кеткен. Қарнының өзі бір түйеге жүк боларлық. Қаланың қақ ортасындағы үш қабатты коттеджін көрсетемін деп, борша-борша терлеп, ақыры ырс-ырс етіп алқынып, жүре алмай қалғаны есімде. Енді міне, өн бойында іліп алар артық ет жоқ, сүліктей. Нағыз таң асырылған бәйгенің аты дерсің…
– Өздерің келіп кеткесін жарты жылдан соң инфаркт алдым ғой – дейді оңашалана бере әңгімесін бастаған ескі көзтанысым. – Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Салмақ болса күн санап артып, жүріп-тұруым да мұң бола бастады. Май басып кеткені соншалық, жүрек жиі сыр беретін болды. Сонымен қойшы, Семейде бала күннен бірге өскен досым бар болатын. Ол да бизнесмен. Бір күні сол үйге келе қалды.
– Әй, досым! Қытайдың пәлен деген жерінде, түглен деген елде әйгілі тамыршы бар екен. Кез келген сырқатты емдейтін көрінеді. Соған алып барайын – деді менің орнымнан тұра алмай қалған пүшәйман күйімді көріп.
… Содан, уақытты созбай жолға шықтық.
Қос қолымның тамырын кезегімен ұзақ ұстаған тамыршы тілмашқа өз тілінде біраз әңгіме айтты. Ұққанын ойына сақтап, қалғанын қағазға жазып алған тілмаш: – Мына кісі үш жыл бұрын дәл осындай сырқатпен келген бір ханзу (қытайлар өздерін солай атайды) азаматын емдеп, жазыпты. Қытайдың ішкері жағындағы таулардың бірінде, жонында жолағы бар, құлаштай қара шұбар жылан мекендейді екен. Соны тірідей терісін сыпырып, жетіге бөліп, аптасына бір рет сорпасымен ішсе, дертінен айығады деп отыр – деді жауап күтіп тықыршыған бізге. – Жыланды өзі аулап әкелетін сыңайлы. Барып-қайтқаны, ем-домы мен жамбас ақыларыңыз бар, барлығы 10 мың доллар. Келіссеңіздер, бүгіннен қалмай жолға шықпақ…
…Үшінші күні оралған тамыршы жылан терісін көзімізше сыпырып жетіге бөлді де, басы бар бөлігін бір жарым сағаттай қайнатып, маған ішкізді. Тұздап, бұрыш сап, ем болады деген сеніммен ішсем де қайта-қайта лоқсытып, біраз мазам кетті. Жыланның қалған алты бөлігін елге әкеліп ішіп, осылайша дертімнен айықтым, – деп әңгімесін аяқтаған Батырхан кешірім сұрап, ұялы телефонына жауап беріп жатты…

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button