Денсаулық сақтау

Дәрігерлердің өтініштерін тыңдады

Айна Ескенқызы

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина Өскемен қаласының емханаларын аралап, емдеу мекемелерінің жұмысымен жеке танысты. Өңірдің бас дәрігері консультативтік-диагностикалық қызмет көрсетудегі алғашқы медициналық буынның маңыздылығын атап өтті.

Ведомство басшысы емхана қызметкерлерінің назарын дәрігерге кезек күту  уақыты аз болуына, алайда бұдан көрсетілетін қызметтердің сапасы зардап шекпеуі керектігіне аударды. Жүкті әйелдер мен балаларға ерекше назар аудару керек. Сондай-ақ, Гүлмира Сағидуллина скрининг өткізу бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Өйткені, ерте қойылған диагноз аурудан арылуға мүмкіндік беретіні құпия емес. Басқарма басшысы медицина қызметкерлерін қайта вакцинациялануға және осы мәселе бойынша халықпен жұмыс жүргізуге шақырды. Өздеріңізге белгілі, вакцинация – бұл коронавирустан қорғанудың жалғыз тиімді  жолы. Гүлмира Габдулқызы сонымен қатар, медициналық қызметкерлердің өтініштерін тыңдап, барлық проблемалық мәселелерді жеке бақылауына алды.

Естеріңізге сала кетейік, азаматтар ревакцинация жасату үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға өз бетінше жүгіне алады. Бұрын «Спутник V» екпесін салдырғандарға – тоғыз айдан кейін, «QazVac» екпесін алғандарға – алты айдан кейін ревакцинация жасатуына болады.

Бірінші кезекте ревакцинация жасатуға  дәрігерлер, педагогтар, күш құрылымдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызметкерлері мен контингенті жатады. 50 жастан асқан аймақ тұрғындары да  жыл соңына дейін қайта вакцинациялауға үлгереді.

Осы айдарда

Back to top button