Дербес жедел жәрдем станциялары құрылады
Айна Ескенқызы
Биыл өңірдің жедел медициналық жәрдем қызметін кезең-кезеңмен орталықсыздандыру жүргізіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина бұл қадам жедел жәрдем қызметін жетілдіруге бағытталғанын айтады.
– Біз бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргіземіз. Мысалы, биыл Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Катонқарағай аудандарының жедел медициналық жәрдем қызметі орталықсыздандырылатын болады. Нәтижесінде ауыл халқына барынша жақын болатын дербес жедел медициналық жәрдем станциялары құрылады, –деп түсіндірді ведомство басшысы.
Ал дербес станциялар облыс орталығынан шалғайдағы елді мекен тұрғындарына медициналық көмекті дер кезінде көрсету мүмкіндігін арттыра түспек.
– Кейбір елді мекендердің шалғайлығын, жол жағдайы мен топографиялық ерекшеліктерін, құбылып тұратын ауа райын ескеретін болсақ, жедел жәрдем қызметін орталықсыздандыру ауыл тұрғындарына шұғыл көмек көрсетуді қамтамасыз етеді, – деді Гүлмира Сағидуллина.
Қазір диспетчерлер бүкіл облыс тұрғындарынан қоңырау қабылдайды және оларды адамдардың шағымы мен сырқат белгілеріне қарай жеделдіктің төрт санатына топтайды. Бірінші, екінші және үшінші санаттарға жедел жәрдем бригадалары жіберілсе, төртінші санат МСАК жанынан ұйымдастырылған бригадаларға жүктеледі.
Ал орталықсыздандырудан кейін аудандық ауруханалардың диспетчерлері қоңырауды өздері қабылдап, саралайтын болады. Нәтижесінде жергілікті дәрігерлер өздеріне қарасты аумақ тұрғындарының денсаулығын және диспансерлік науқастардың жағдайын жақсы білетін болған соң медициналық көмек көрсету жеңілдеп, бригаданың жету уақыты әлдеқайда қысқарады.