Облыстық мәслихаттың сессиясы

Депутаттық корпус жаңарды

Шығыс Қазақстанда VIII шақырылымдағы облыстық мәслихаттың алғашқы сессиясы өтті. Отырыс барысында Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындысы талқыланып, тұрақты комиссиялардың мүшелері анықталды.

Шығыс Қазақстан облысы сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев жаңадан сайланған депутаттарға куәліктерін тапсырып, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Оның айтуынша, облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы 62%-ға жаңарған. Атап айтсақ, 32 депутаттың 12-сі өткен шақырылымдардың депутаттары және мандатқа ие болғандардың үштен бірі әйелдер екен. Барлық депутаттың жоғары білімі бар.

– Мен жаңартылған депутаттық құрам мемлекетіміздің одан әрі дамуы мен өркендеу жоспарларын іске асыруда жаңашыл тәсілдерді қолданып, алдыңғы әріптестерінің үздік дәстүрін жалғастыра отырып жұмыс істейтініне сенімдімін. Қазіргі уақытта қоғамдық жағдай, азаматтық қоғам ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалары бойынша елеулі трансформациядан өтіп жатыр, адамдардың ынта-жігері мен көңіл-күйі де өзгерді. Сондықтан жаңа депутаттар сайлаушыларымен жиі-жиі кездесуі керек. Содан кейін ел ішіндегі мәселелерді облыстық мәслихаттың отырыстарында талқылайтын болады, деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Сондай-ақ аймақ басшысы ұлтаралық келісімді, халықтардың ынтымақтастығын және біртұтас қазақстандық қоғамды сақтау басты міндет болып қала беретінін атап өтті.

Одан әрі сессия жұмысы барысында өңірдің халық қалаулылары облыстық мәслихаттың төрағасын сайлады. Бұл лауазымға бұрын мәслихат хатшысы қызметін атқарған Денис Рыпаков тағайындалды. Депутаттар Денис Сергеевичтің кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Didar ақпарат

Осы айдарда

Back to top button