Депутаттар ауруханаларды аралады

Облыстық мәслихаттың бір топ депутаты аймақ басшысының тікелей тапсырмасына сай Өскемендегі үш медициналық мекемеге барып, олардың жұмысымен танысты. Депутаттар алдымен Ана мен бала орталығында, содан кейін облыстық аурухана мен облыстық мамандандырылған медициналық орталықта (бұрынғы №1қалалық аурухана) болды.
Барлық мекемелердің басшылары қонақтарға өздеріндегі құрал-жабдықтарды көрсетті. Оларда тұрған қымбат шетелдік аппараттардың көбі еліміздегі өзге ауруханаларда жоқ. Жалпы, былтыр ғана жаңа құрылғылар алуға қазынадан қомақты қаржы жұмсалған, облыстық ауруханаға 434 миллион, Ана мен бала орталығына 786 миллион, облыстық медициналық орталыққа 2 миллион теңге бөлінген. Соңғы екі жылда ғана 1080 дана заманауи жоғары технологиялық құрал алыныпты.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы кезде медицина саласы қарқынды дамуда. Одан қалмас үшін осы соңғы үлгідегі құралдарды алу қажет. Олардың көмегі де зор. Расында да, соңғы кездері диагностиканың дәлдігі артты. Сондай-ақ медициналық көмектің сапасы да жоғарылаған. Мәселен, қазіргі кезде шипагерлер кейбір науқастарға таңертең ота жасаса, кешке үйіне қайтарып жібереді.
Мамандандырылған медициналық орталықта тұрған роботты хирургия орталығында бүгінге дейін 200-дей ота жасалыпты. Ал осындағы трансплантология орталығында бірнеше бүйрек ауыстыру операциялары сәтті жүргізілген.
Ана мен бала орталығында жатырда жатқан баланың патологиясын анықтайтын аппарат көп көмек көрсетіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осы ауруханаға келіп, 500 грамдық шала туылған шақалақтардың арнайы аппараттардың көмегімен тірі қалатынын көздерімен көрген соң, «Орталық Азиядағы ең үздік перзентхана – осы» деп бағаларын беріп кетіпті. Осы ретте, орталық басшылығы депутаттарға заңға қатысты проблемаларын да айтты. Атап айтсақ, жатырдағы баланың ауру болатыны анықталған соң, аналары ол баланы алдыртуға рұқсат бермейді екен көп жағдайда. Нақты айтсақ, әйелдердің 80 пайыз үзілді-кесілді қарсылық танытатын көрінеді. Дәрігерлер болашақ баланың 100 пайыз ауру болатынын айтса да көнбейді. Осыған орай заңға өзгеріс енгізіліп, жасанды түсікті анасының рұқсатынсыз жасатуға рұқсат берсе деп отыр дәрігерлер.
Депутаттар жалпы медицина саласына, дәрігерлердің кәсіби дәрежесін арттыруға, оларды әлеуметтік жағынан қолдауға көңіл бөлетіндерін айтып, уәде етті.
Ержан Әбіш