Депутаттар қаланы көгалдандыруға кірісті
Облыс орталығында қаланы санитарлық тазарту және көгалдандыру мақсатында сенбілік басталды. Бұл игі шараға үш жарым мыңға жуық адам, соның ішінде бес жүзден астам мемлекеттік қызметкер белсенді түрде қатысты.
Қалалық мәслихаттың депутаттары жергілікті атқарушы биліктің бастамасын қызу қолдап, Жаңа Согра кентіне 15 шырша көшетін отырғызып, оларға ат қойды. Халық қалаулылары мұнымен шектеліп қалмақ емес, алдағы сенбі күні олар Гагарин бульвары ауданына ат басын бұрмақ. Ондағы қартайған теректердің орнына шырша, қайың, емен сияқты ағаш көшеттерін отырғызбақ.
– Алғашқы сенбілік сәтті өтті. Шаһар сыртындағы полигонға тұрмыстық және табиғи қалдықтар тонналап шығарылды. Көшелер қыстай жиналған қоқыстан арылып, әжептәуір тазарып қалды, – дейді депутат Майраш Екібасова.