Денсаулық сақтау

Денсаулық сақтау басқармасының қызметі қанағаттанғысыз

Денсаулық сақтау басқармасының қызметі қанағаттанғысыз
Облыс орталығында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің шеңберінде тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қызметі әлі дұрыс жолға қойылмай келеді. Өткен жылдан бері науқастар тарапынан арыз-өтініштер толастар емес. Шиеленіскен жағдайды шешуде облыстық денсаулық басқармасы басшылығы салғырттық танытып отыр. Бұл жайында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысында сөз болды.
Комиссия мүшелерінің айтысына қарағанда, тіпті, мынадай өрескелдікке дейін жеткен. Қазір жастары 70-ке толмаған зейнеткерлер қаланың дәріханаларын аралап, қажетті дәрі табылса, жасы үлкен қарттарға телефон шала қояды екен.
– Біз бұл жағдайды бұған дейін де талқылап, жауапты ведомствоның басшылығына тығырықтан шығудың жолдарын ұсынған едік. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинова кемшіліктерді жоюдың мерзімін өзі бекіткеніне қарамастан, бүгінгі таңға дейін он пункттің бірде-бірі орындалмаған. Тапсырмалар 2016 жылдың 9 желтоқсанында берілген, міне, наурыз айының аяғына жетіп қалдық, еш өзгеріс жоқ. Бүгін біз Райфа Сафиоллинованы тыңдауымыз керек еді, ол кісінің орнына жағдайдан мүлде хабарсыз орынбасары келген. Мен басқарманың жұмысын қанағаттанғысыз деп танып, бұл істі «Нұр Отан» партиясының бюросына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюросына жолдауды ұсынамын, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, облыстық талдау және болжау институтының директоры Олег Чернышов.
Сонымен қатар, облыс орталығының Буров көшесінде орналасқан № 2 емхананың жұмысы да сын көтермейді. Емдеу орнының қызметі ардагер ұстаз, белсенді зейнеткер Мәкен Рахымқызының арызынан кейін тексеріліпті. Астанадағы республикалық клиникада жан-жақты тексеріліп, тұрғылықты жерінде стационарға жатқызу туралы жолдамасы бар зейнеткерді емхана қызметкерлері ауруханаға жатқызудан бас тартқан.
– Ауруханаға тек инсульт пен инфаркт алғандар ғана жатқызылады, сіз әлі амансыз деп Мәкен Рахымқызын қабылдамай қойған. Аяғында ол кісі үйінде инсульт алып, жедел жәрдеммен стационардан бір-ақ шықты. Емдеу орны мамандарының жауапсыздығынан науқас мүгедек болып қала жаздады, – деп түсіндірді төраға.
Емханада кезек көптігі, ең қажетті мамандардың қабылдауына кіру мүмкін емес екендігі де айтылды. Дәл осындай кемшіліктер Әуезов көшесіндегі емханада да кездеседі. Емдеу орнының басшылары бір айдың ішінде осы проблемаларды жойып, қызмет сапасын арттырудың жоспарын жасап, оны жүзеге асырудың тетіктерін қарастыруға уәде берді.
Жиында партияның ішкі қызметі, жарғының орындалуы, жарналардың уақытында төленуі және басқа да қызметтердің орындалу деңгейі талқыланды.
Комиссия мүшелерінің алдында бұған дейін сынға ұшыраған «Нұр Отан» партиясы Зайсан аудандық филиалының жұмысы жайында төрағаның орынбасары Меруерт Қайрақова есеп берді.
– Қазіргі күні ауданда 13 бастауыш ұйымы, 2463 нұротандық тіркелген. Тоғыз партиялық жоба қолға алынды. Жарна қарызы толық жойылған. Қоғамдық қабылдауда баспанамен қамтамасыз ету, айналаны абаттандыру, жастар тәжірибесі және басқа да көптеген мәселер бойынша арыз-өтініштер қарастырылып отырады. Мемлекеттік және аймақтық салалық бағдарламалардың орындалуы үнемі бақылауда, – деді Меруерт Қайрақова.
Комиссия мүшелері ауданда әлі де кемшіліктердің бар екенін алға тартты. Мысалы, азық-түлік бағаларын ұстап тұру жөнінде бекітілген меморандумдар орындалмайды. Еттің бағасы 1200 теңгеден 1400-ге өсіп кеткен. Сондай-ақ, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері азық-түлік өнімдері бағасына жасалған мониторингтің қорытындысын облыстық филиалға беруге бас тартатындарын жеткізді.
– «Бұл ауданішілік көрсеткіш, керек болса, өздеріңіз келіп көріңіздер» дегенге дейін барады. Тұрғындарға жандарыңыз ашымайды, – деді Олег Чернышов.
Комиссия мүшелері партияның аудандық филиалының өкіліне алдағы уақытта жұмыстарын жандандыру керектігін атап көрсетті.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button