Дархан Сүлейменов, актер: – Бұл фильмді әр қазақ көруі тиіс
Құралайды көзге атқан Кейкі мерген туралы фильм көпшілік көрерменнің көңілінен шыққан сияқты. «Анау жері былай, мынау олай» деп кем-кетігін тізіп жатқандар да жоқ емес. Бірақ «Оскар» алған фильмдерде де кемшін тұстар жетеді ғой. Оның қасында он алты бөлімнен тұратын бұл телехикая өте аз қаражатпен үш-ақ айдың ішінде түсіріліпті. Тағы бір ерекшелігі – актерлер көгілдір экраннан түспейтін жұлдыздар емес, жаңа буын. Сондықтан халық жақын тани түссін деген ниетте Кейкінің рөліндегі Дархан Сүлейменовпен әңгімелестік.
Санаға томпақ келмейтін сындарды қабылдаймын
– Осыған дейін \”Тасөткел\”, \”Тар заман\” сынды тарихи фильмдерге түстіңіз. Бірақ сізді танытқан \”Кейкі мерген\” фильмі-ау деймін…
– «Тасөткелде» де басты рөлде ойнадым. Бірақ Кейкі мерген тарихи тұлға болғандықтан шығар, мені танытты деуге болады. Ал оған дейінгі түскен сериалдар жеңіл-желпі тұрмыстық жанрда еді.
– Танытты деп жатырмын, қаншалықты танылдыңыз?
– Көшеде жүре алмай қалатындай деңгейге жетпесем де, танып жататындар баршылық. Танымал болу атаққұмарлық емес, өнер адамының бір белесі деп есептеймін.
– Көпшілік көрермен Кейкі батырдың образын толық ашқандығыңызды айтады. Сіз арқылы ұлтының ұлтарақтай жері үшін басын бәйгеге тіккен Кейкідей батырын білді. Соған қарағанда, бұл рөл оң жамбасыңызға келген сияқты…
– Көрермен жақсы қабылдап жатыр. Сценарий авторы Сержан Зәкірұлы о баста маған арнап жазып жатқанын айтқан. Ол менің ұстанымымды, жүріс-тұрысымды зерттеп көрді де, мінезіме сай етіп жазды. Мен болсам күтіп жүрдім. Алайда мұның алдында «Ақылдың кілті» деген сериалда қарақшының рөлінде ойнаған едім. Сол рөліме ұқсас болып кете ме деген күмән болды. Сөйтіп, «Кейкі мергенде» Сұлтанмахмұттың рөліне бекітілдім. Режиссер, сценаристер Кейкіні іздеп жүрді. Бір айдан соң мені офиске шақырып, әр қырымнан суретке түсірді. Саралады, сараптады. Содан жетінші мамыр, дәл туған күнімде Кейкінің рөліне бекітілетінімді айтқанда, қатты қуандым.
– Фильмді сынап жатқандар да жоқ емес…
– Егер ойға, санаға томпақ келмейтіндей сын болса, қабылдаймын. Мысалы, фильмде Кейкі аттың құлағынан мылтықпен атып, ен салған жері ертегі дейтіндер бар. Шындығында, Кейкі одан өткен мерген болған. Жалпы, кино бойынша сын бар. Торғай даласында түсірілуі керек еді деп жатыр. Оның бәрін түсінеміз. Халық фильмнің өте аз қаражатқа түсірілгенін білмейді ғой. Ақша қазақ үйге жетпеді, атқа, мылтыққа, массовкаға жетпеді. Бір минуттық эпизодты алты-жеті сағатқа дейін түсіретінбіз. Ақшаның аздығына қарамастан, режиссерлер, суретшілер, гримерлер, костюмерлер, әкімшілік жағы талмай еңбек етті. Айтылған сын, әрине, жақсы. Ешкім үндемесе – елеусіз қалғаны. Сынауға татымайтын кинолар да бар.
– Тарихи тұлғаны сомдадыңыз. Салмақты рөл. Енді ұсақ-түйек жарнамаға, жеңіл-желпі клиптерге түсуге ұсыныс білдіретіндер болса, келісесіз бе?
– Білмеймін енді… Әрі қарай дәл осындай салмақты рөлдер болып жатса, неге мен жеңіл-желпі жарнамаға түсемін?! Алдағы уақытта Қасым хан туралы сериалдар түсірілейін деп жатыр. Сондай фильмдерге шақырып жатса, ұсақ-түйекке қол да тимей кетеді. Ал жағдай қысса, жарнамаға түсуіміз мүмкін.
– Кейкі мерген фильмінің шынайы шыққаны сондай, Хамза сынды жағымсыз рөлдегілерге жеккөрінішпен қарайтын болдық. Сіздің ше, Хамзамен өмірдегі қарым-қатынасыңыз қалай?
– Осындай сұрақтарға қарағанда, рөлі, шынымен де, сәтті шыққан екен. Хамзаның рөліндегі Ерлан Кәрібаев – менің әріптесім, жақын досым. Мен театрға 2010 жылы келсем, ол 2011 жылдары келді ғой деймін. Қазір Т. Жүргеновтің колледжінде ұстаздық етеді. Өзін режиссерлік жағынан да сынап жүр. Өмірде екеуіміз жақсы араласамыз. Естеріңізде болса, «Анаға апарар жолда» да жағымсыз кейіпкерді сомдады. Мен оған жағымсыз рөлде ойнап, халыққа жексұрын болмайақ деп әзілдеймін.
Қазақтың сол заманғы күйкі тірлігін, Кейкідей батырларын көрсеттік
– Фильмге түспес бұрын, Торғай даласын, батырдың мекендеген үңгірін көріп қайттыңыздар ма?
– Мен өзім көрген жоқпын. Қазақстанның барлық жерінде болдым. Бірақ Арқалық, Жезқазған, Торғай жақтарында болып көрмеппін. Түсіру алаңын таңдау үшін бір топ адамдар барып көрді. Келгеннен кейін Мұрат Бидосов ағамыз Алматының маңынан сол үңгірге ұқсас жер қарастырып, сонда түсірдік. Бастысы, қазақтың сол заманғы күйкі тірлігін, Кейкі батырларын көрсеттік.
– Сырт көзге Кейкі мен Дарханның мінездері ұқсас сияқты…
– Актер өзіне берілген образды ішкі жан дүниесінен, өз өмірінен тапқаны дұрыс қой. Негізі, Кейкі мергенді киноға түсіру алты-жеті жыл бұрын ойластырылған. Ал мен сценаристпен төрт жыл бұрын таныстым. Содан бастап актерлік шеберлігімді, мінезімді бақылап жүріп, сценарийді маған арнап жазған екен.
– Аттың құлағында ойнайтыныңызды естідік. Фильмдерден де көрдік. Соған қарағанда, ауылда туып-өстіңіз. Жеке өміріңізбен де таныстыра отырсаңыз.
– Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Саурық батыр ауылынанмын. Сонда 1988 жылы 7 мамырда өмірге келдім. Әке-шешем бар, отбасымызда үш баламыз. Сол ауылда ержеттік. Мектепті бітірген соң, әскери болуды армандадым. Енді бірде боксер боламын деп Бекзат Саттархановқа еліктедім. Қайтыс болғанда, жылағаным есімде. Өмірдің ағысымен өнер жолына түстім. Тәубе, сүйікті жарым, үш қызым бар.
Балалар шетелдің паугіне еліктегенше, қазақтың батырларына еліктесін!
– Бокспен кәсіби түрде айналыстыңыз ба?
– Кәсіби емес. Ауылда сол… Қолғап киіп алып груша ұрамыз. Төрт қада қағып спарингке шығамыз. Арнайы үйірмелер болмады.
– Әскери де болмадыңыз…
– Алтыншы сыныптан кейін Астанадағы «Жас ұланға» тапсырып, түсе алмадым. Тоғызыншы сыныптан соң «Бауыржан Момышұлына» тапсырып, одан құладым. Сыныптастарыма жылда оқуға кетемін деп жүріп он бірді бітірдім. Әскери оқуға тапсырып, тағы бағымды сынадым. Болмады. Анам сенің-ақ жолың болмады деп көңілі түсіп кетті. Бір күні үлкен ағам Т. Жүргенов академиясына жол нұсқады. Ауылда домбырамен ән айтып, скетч ойнайтыным бар. Сөйтіп, бір жылдан соң Т.Жүргенов академиясына оқуға түстім. 2010 жылы дипломдық спектаклімізді Талғат Теменов ағамыз көріп, жұмысқа алды. Содан бері театрда табан аудармай еңбек етіп келеміз.
– Фильмде тарихтың ащы шындығы ашық көрсетілді. Орыс империясының саясаты, қазақтардың азаттық аңсағаны, жер үшін күрес дегендей… Жастардың рухын оятатындай-ақ фильм. Жарнамасы мен насихатталуы аз болса да, көрілімі көп-көрім.
– Өскеменде қалай екенін білмеймін, жарты күні кептелісте өтетін алматылықтар кино көре қояды-ау деп ойламаймын. Десе де жастардың осы киноны көріп, пікір білдіріп жатқандарына қатты риза болдым. Бұл фильмді әр қазақ көруі тиіс. Олай дейтінім, бірінші курста оқитын балдызым «Кейкі мергенді» мен түскен соң ғана көріп шыққан. Бір күні тестке дайындалып отырып, «1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінде Амангелдінің сенімді серігі кім?» деген сұрақты көріп, «Кейкі ғой» деп мәз. Міне, рухани жаңғыру деген осы. Кішкентай балалар да шетелдің паугіне еліктегенше, қазақтың батырларына еліктесін!
«Бұл далада жеті атамның қураған сүйегі жатыр. Естеріңде болсын, кім-көрінгенге таптатпаймын!»
Фильмдегі Кейкінің сөзі
Әңгімелескен – Мерей Қайнарұлы