Дақыл сапасы сұранысқа сай
Соңғы жылдары шығысқазақстандық шаруалар өз өнімдерін тұтынушылық әлеуеті жоғары Қытай нарығына сай ете бастады. Дәнді дақылдың жаңа сорттарын өсірумен айналысатын Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы бүгінде екі түрлі майлы дақылды Аспан асты елінің талаптарына сәйкестендіріп үлгерген.
Өсімдік майымен өзімізді ғана емес, бүкіл елімізді қамтамасыз етіп отырған өңірімізде осы бағытта жұмыс істеп жатқан жиырмаға таяу кәсіпорын бар. Ал олардың май өндіру қуаты жылына 800 мың тоннадан асып жығылады. Айтып өткеніміздей, облыс өсімдік майын өндіру бойынша елімізде бірінші орын алады. Яғни, өңірдегі кәсіпорындар республика бойынша өндірілетін өсімдік майының 64,1 пайызын өндіреді. Бұл өз кезегінде өзіміздегі осы тауар түріне деген қажеттілікті 10 еседен артық көлемде жапса, республикалық деңгейде 80 пайыз қажеттілікті жабады.
Алдыңғы жылы облыстағы қайта өңдеу кәсіпорындары рафинатталмаған өсімдік майының өндіру көлемін 162 мың тоннаға жеткізсе, рафинатталған майдың өндіру мөлшері 64 мың тоннадан асып жығылған.
Дей тұрғанмен, аталмыш кәсіпорындардың жұмысы негізінен шикізатқа тәуелді. Ал сығылатын өсімдік майы көп жағдайда оның сапасымен байланысты болып жатады. Осы себепті өсірілетін дақылдың санымен қатар, оның сапасына да мән беретін кез келіп жеткенін сезінген шығысқазақстандық шаруалар соңғы жылдары ғылым мен агрономиялық тәжірибені ұштастыра бастады. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы бүгінде майлы дақылдардың бірнеше түрін сұрыптап шығаруда.
– Біздің шаруалардың өнімдерін сатып алуда белсенділік танытып отырған ірі нарықтың бірі – Қытай. Олар бізден дақылдың барлық түрін әрі үлкен көлемде сатып алуда. Дегенмен, көрші елдің тұтынушылары, бірінші кезекте, май дақылының сапасына ерекше мән береді. Күнбағыс дақылын сатып алуда қытайлық тарап дақылдың майлылығы елу пайыздан төмен болмауы керектігін талап еткен болатын. Біздің «Гүлбағыс» және «Заря востока» сияқты екі сортымыз осы стандартқа сай болып шықты, – дейді ауылшаруашылық тәжірибелік станциясының майлы дақылдар бөлімінің меңгерушісі Лариса Мерк.
Оның айтуынша, шетелдік гибридтердің көбінің майлылығы бұл деңгейге жете бермейтін көрінеді. Қазірде шаруашылықта өсіріліп отырған «Достық» сортының майлылығы елу пайызға жуықтаса, жоғарыда атап өткен «Гүлбағыс» пен «Заря востока» сорттарының майлылығы 52 пайызды құраған.
Жалпы, бүгінде «Гүлбағыс» сортына деген өңір шаруаларының қызығушылығы өте жоғары. Өйткені «Заря востока» көп жағдайда ауа райының құбылмалылығына байланысты болса, «Гүлбағыс» жағдай талғамай өсе береді. Күнбағыстың бұл екі сортының бір емес, бірнеше ондаған жыл бойы сыналып, шаруалардың сүйікті дақылына айналғанын алға тартқан Лариса Мерк жыл өткен сайын элиталы тұқымның сапасы тексеріліп, қажет болған жағдайда арттырылып отыратынын атап өтті.
Соңғы екі жыл әлем елдерінде азық-түлік қоры мен қауіпсіздігінен маңызды мәселенің жоқ екенін көрсетті. Аталмыш мәселені қамтамасыз ету үшін осы саланың мықты ғылыми іргетасы болуы қажет. Міне, осы бағытта облыста дақыл сорттарын тәжірибеден өткізуге машықтанған республикалық мамандандырылған құрылымның аудандардағы бөлімшелері құрылып, олар жаңадан сұрыпталған дақыл түрлерін аудан аумақтарында тәжірибеден өткізумен айналысып жатыр.
Жаңа техника жұмысты жеңілдетті
Көктемгі егіс науқанын аяқтап қалған ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы осыған дейінгі барлық дайындық жұмыстарын уақтылы жүргізген. Бірінші кезекте, ерте көктемде ылғал жабылып, минералды тыңайтқыштармен қоректендіру жұмыстары қолға алынған. Ал бұршақ дақылы бүгінде көктеп үлгерсе, топырақ температурасының белгілі бір деңгейге дейін жылуын күтіп барып отырғызылатын соя қазірде себіліп жатыр.
Бұл ретте заманауи техникалар мен технологиялардың ерекше рөл атқаратынын атаған тәжірибелік станция бригадирі Талғат Нұркенов олардың дақыл өсіру үрдісінің барлық кезеңінде жұмысты жеңілдететінін алға тартты. Жастайынан түрлі техниканы жетік меңгерген тәжірибелі механизатор қазіргі уақытта өз білгенін маңайындағы жастармен бөлісуден жалықпайды.
– Бір кездері тракторға тіркелетін тұқым сепкіштің жұмысын реттеп отыратын бір адам болатын. Қазіргі уақытта оған деген қажеттілік жоқ. Жұмыстың барлығын агрегаттың өзі істейді. Трактор егістіктің белгілі бір аумағында себу жүргізген соң, дақыл тұқымын контейнерге толтыру үшін алқап шетінде тұрған тұқым тиегіш жүк көлігіне қайтып келеді, – дейді Талғат Нұркенов.
Сепкіш агрегатқа тұқым да автоматты түрде тиеледі. Ол үшін тұқым тиелген жүк көлігінің контейнеріне шнекті механизм орнатылған.
Егіс алқаптары ұлғаюда
Осылайша, өсімдік шаруашылығының мал азықтық, астық және майлы дақылдар сияқты негізгі үш бағытын дамытып отырған тәжірибелік станция өңірдегі диқандарды сапалы тұқымдық материалдармен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етіп отыр. Бұл өсімдік майын сығатын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар облыс аумағындағы дақыл себілетін алқаптар санының ұлғаюына да септігін тигізуде.
Бүгінде облыста өсірілетін майлы дақылдар көлемін ұлғайтуға бағытталған арнайы бағдарлама да әзірленген. Бұл мақсатта облыста өсірілетін күнбағыс алқаптарын 100 мың гектарға арттыру бойынша жоспар дайындалды.
Бұған дейін жүргізілген талдау өңірде жыл сайын егілетін егістік көлеміндегі күнбағыс алқаптарының үлесі 32-33 пайыз, кейбір аудандарда 40-45 пайызға жететінін көрсеткен болатын. Осы себепті, облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер егіс алқаптарын азғана мөлшерде, яғни 20,7 мың гектарға ұлғайта алады. Осылайша, биыл бұл көрсеткіш 481,8 мың гектарға, ал 2023 жылға қарай 505,9 мың гектарға жеткізілмек.
Бұл өз кезегінде отандық өнімнің көлемін өсірумен қатар, өңірдің экспорттық әлеуетін де артырары сөзсіз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бұған дейін өңірдің негізінен майлы дақылдарды экспорттауға машықтанғанын хабарлаған болатын. Мысалы, өңірден күнбағыс, зығыр және рапс сияқты майлы дақыл түрлері алыс-жақын шетелдерге экспортталады. Атап айтсақ, күнбағыс Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға және Қытайға, зығыр Ресейге, Өзбекстанға, Австрияға, Бельгияға, Моңғолияға, Польшаға, ал рапс Ресейге, Австрияға, Иранға, Моңғолияға және Данияға экспортталады.
Қазірде шығысқазақстандық кәсіпорындар шикізатпен қатар дайын өнімді де экспорттап отыр. Мысалы, өткен жылдары өсімдік майы өнімдерінің 21 пайызы негізінен Қытайға, Өзбекстан, Иран, Ресей елдері мен еліміздің басқа өңірлеріне экспортталған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін түйсек, отандық тұқым алу және дақылдарды асылдандыру мәселесінің маңыздылығы соңғы жылдары елімізде арта бастағаны белгілі. Өткен жылдары қарақұмық түгесіліп, баға шарықтады. Өңірде мал шаруашылығы дамып, төрт түліктің саны артқалы бері мал азықтық дақылдарға деген сұраныс та арта түсті. Осы себепті сүрлемге жабылатын жүгеріге деген сұраныс деңгейі жоғарылады. Жаңадан салынған май зауыттарының саны да ұлғайды. Сөйтіп, алдағы уақытта күнбағыс дақылына деген сұраныстың еселеп артатыны белгілі. Демек, ауылшаруашылық тәжірибе станциясы мен онда еңбек ететін агроном мамандар үшін алдағы жылдарда атқаратын жұмыстар телегей теңіз.
Азамат Темірбеков