«Дидардың» қонағы

Данара Бекмурзаева, Әлем аруы: – «Сахна өзінің құдіретімен баурады»

Данара Бекмурзаева, Әлем аруы: - «Сахна өзінің құдіретімен баурады»


Қазақ қыздарының сұлулығына тамсанбаған халық бұл әлемде кемде-кем. «Ақылына көркі сай» демекші, қаракөздеріміздің басқалардан ерекшелігі сол, бойындағы зеректік пен ұлттық болмыстың үйлесімінде болса керек. Жуырда 17 жастағы семейлік Данара Бекмурзаева Ресейде өткен халықаралық «World Beauty 2017» сұлулық байқауында топ жарған еді. Ал оның алдында Түркияда байрағы көтерілген әлемдік сында да шығысқазақстандық аруға тең келер қарсылас табылмады. Ол қос бірдей аталымда өзгелерден оқ бойы озды. Осы ретте жеңімпаз бойжеткен және оның тәлімгері Айна Тоғысова «Дидар» газетіне арнайы сұхбат беруге уақыт тауып, сауалдарымызға жауап берген болатын.

Данара Бекмурзаева,

«Семей аруы – 2016» байқауының жеңімпазы, «Miss International 2017» халықаралық байқауы және «Fashion House International» конкурсінің Гран-при иегері.

– Данара, сән әлеміне қалай келдіңіз? Сұхбатымыздың әлқиссасын осыдан бастасақ.

– Өткен жылы М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжінде сұлулық байқауы ұйымдастырылған еді. Өзім – сол оқу орнының студентімін. Аталмыш байқауда бағымды сынауды жөн көрдім. Алайда жүлде маған бұйырмады. Ойда жоқта сол кезде сұлулық әрі сән мектебінің директоры Айна Дүйсенқызы «Семей аруы-2016» байқауына қатысуға ұсыныс тастады. Содан басталды десекте болады.

– «Семей аруы» байқауына қатысуға сізді қандай мақсат жетеледі және неліктен Айна Тоғысованың сән мектебін таңдадыңыз?

– Шынымды айтсам, бұл конкурста жеңетініме сенген жоқпын. Осы жеңіске Айна Дүйсенқызы себепкер болды десем қателеспеймін. Өйткені ол кісінің сән мектебінде кілең кәсіби мамандар қызмет етеді. Сонысы қатты ұнады. Әр адам өз саласын жетік біледі. Жалпы, сұлулық байқауларына қатысу – бала кезден бергі арманым. Әрбір бойжеткен ішкі жан дүниесінде өзін ханшайымдай сезінеді. Бәлкім, осыдан туындаған шығар. Сол секілді материалдық жағында жасырмаймын.

– Бүгінде көпке таныла бастадыңыз. Оқырмандар сіздің күнделікті тыныс-тіршілігіңізді жақынырақ білгісі келеді. Бір күніңіз туралы айтып берсеңіз.

– Уақыттың денін оқуға жұмсаймын. Бұдан бөлек фотосессиялар мен бейнетүсірілімдер бар. Қатысатын байқаулар да аз емес. Бос уақыт жоқтың қасы.

– Байқаудың аты байқау. Жеңген мен жеңілгендер болатыны анық. Бұл ретте қатысушылар арасындағы қарым-қатынас қалай? Сізге оғаш әрекет жасап, сес көрсеткендер болды ма?

– Өз басымнан мұндай жағдайлар өткен жоқ. Қай жерге барсам да, барлығымен танысып, мүмкіндігімше білгеніммен бөлісуге тырысамын. Арамдық ойлап, сүріндіруге ниеттенген адамдарды кезіктірген емеспін.

– Сән саласы сіздің ермегіңіз бе, әлде кәсіби тұрғыдағы жұмысыңыз ба? Болашақта өзіңізді қандай мамандық иесі ретінде көресіз?
– Мұны жан ермегі деп айтқан дұрыс шығар. Сән бағыты әрқашанда менің хоббиім болып қала бермек. Ол жағын әлі ойластырған жоқпын. Әйтсе де уақыты келгенде, барлығы анықталады.

– Қысқа уақыт аралығында жұлдызға айналдыңыз. Оған Түркия мен Ресейде өткен халықаралық сән байқауы дәлел. Қос байқауда да үздік атандыңыз. Бұқаралық ақпарат құралдары есіміңізді жарыса жаза бастады. Осы атаққа қалай келдіңіз?

– Бұл конкурстың аймақтық кезеңі Семейде өткен болатын. Алдымен соған қатыстық. Осыдан кейін Алматыда іріктеу сайысы ұйымдастырылды. Өнерім жоғары бағаланған соң, Түркияға «Miss International 2017» халықаралық байқауына жолдама алдым. Анадолы елінде «Young Miss International 2017» және «Best Model Miss International 2017» аталымында Гран-при жүлдесін иелендім. Артынан Мәскеуде «Fashion House International» конкурсі өткізілді. Нәтижесінде бас жүлде тағы да маған бұйырды.

– Сахнаға шығарда қандай әсерде боласыз? Себебі мыңдаған көрерменнің көзі бір өзіңізге ауатыны белгілі. Қорқыныш сезімі болмай ма?
– Сахна адамды өзінің құдіретімен баурап алады. Басқаларын білмеймін, өзімді сахнасыз елестете алмаймын.

– Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне ерекше зейін бөлген. Бабаларымыз қызға қырық үйден тыйым салу дәстүрін берік ұстанған-ды. Ата-анаңыз сән әлеміне қадам басуңызды қалай қабылдады?

– Алғаш естігенде, таңырқады. Дегенмен қарсылығын білдірген жоқ.

– Бұдан бөлек немен шұғылданғанды ұнатасыз?

– Хореографиямен айналысамын. Би өнеріне жаным айрықша құштар.

– Алға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Алдымен музыкалық колледжді аяқтау қажет. Кейін, сәтін салса, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсу ойда бар.
– Дидардың сұхбат алаңына келіп, ой бөліскеніңізге алғысымызды білдіреміз! Қашан да мерейіңіз үстем болсын.

– Үлкен рақмет. Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!

Айна Тоғысова,

«Шығыс Қазақстан аруы» сұлулық байқауының аймақтық директоры, «Fashion House International» халықаралық корпорациясының ресми өкілі, Айна Тоғысованың сән мектебі модельдік агенттігінің директоры.

– Айна Дүйсенқызы, модельдік бизнеске қалай келдіңіз? Барлығы неден басталды?

– Менің еңбек жолым Шүльбі кентіндегі облыстық балалар үйінен бастау алды. Алғашқыда стилист әрі визажист ретінде қызмет еттім. Уақыт өте келе, ол жерде сән театрын құрдым. Мұндағы мақсат жетімдердің басқа балалардан еш кем түспейтінін көрсету болды. Бүгінге дейін балалар үйінің тәрбиеленушілерімен байланысым үзілген жоқ. Олардың көпшілігі қазір жеке отау құрған. Сол шәкірттерімнің балалары маған шәкірт атанып отыр. Ол кездері киім тігу үшін материал табу оңайға соқпайтын. Бүкіл кент тұрғындары бізге болысатын. Әйтсе де өз мақсатымыздан таймадық. Қайтсек те түрлі коллекциядағы киімді әзірлеу үшін соңына дейін баратынбыз. Көбінесе балалар барлығын өз қолымен жасады. Дайын дүниені көпшілікке көрсететінбіз.

Данара Бекмурзаева, Әлем аруы: - «Сахна өзінің құдіретімен баурады»

– Семейде сән театрын қалай жолға қойдыңыз?

– Семейдегі сән театрында бастапқыда көбіне ер балалар болды. Дегенмен уақыт өткен сайын, келем деушілердің қатары көбейе түсті. Түрлі фестиваль, байқауларға қатысуды қолға алдық. Жеңістерге жеттік, таныла бастадық. Түрлі конкурстарға шақыртулар келіп жатты. Заманның талабы сол шығар, сән және хореография мектебін ашуға тура келді. Ол құрылғалы, бірнеше жобаларды іске асырдық, оның ішінде бірнеше халықаралық жоба болды. Алғашқы келісімшарт Франция елімен жасалды. Олармен бүгінге дейін әріптестігіміз үзілген жоқ.

– Биыл сіздің және шәкірттеріңіздің асығы алшысынан түсті. Бір емес, бірнеше халықаралық сұлулық сынында топ жардыңыздар. Әсіресе Данара Бекмурзаеваның жеңісі талайдың таңдайын қақтыруда. Бұл ретте Данарамен жолыңыз қалай түйісті?

– Бұл өте қызық жағдай. Біздің сән мектебіндегі қыздар жарты әлемді шарлап үлгерген. Олар дүниежүзілік байқауларда жақсы нәтиже көрсетеді. Алайда ішкі конкурстарға немқұрайлы қарайтын. Сол кезде шәкірттеріме «көр де тұрыңдар, сендерді бір дарынды қыз келіп, әлі шаң қаптырып кетеді» деп ескертетінмін. Данарамен дәл солай болды. 2016 жылы М.Төлебаев атындағы музыкалық колледжінде сұлулық байқауы өтті. Мені әділ қазылар қатарына шақырды. Айтулы байқауда Данара жеңбеді. Оның жүріс-тұрысындағы кейбір үйлеспеушілік, сондай-ақ қарапайымдылығы мен ұяңдығы бірден көрініп тұрды. Неге екенін білмеймін, бірақ ол мені баурап алды. Көзінен бір ұшқын көрінгендей әсер қалдырды. Сонда оған «Семей аруы» байқауына қатысуға мүмкіндік бердім. Ол бір жарым аптаның ішінде дайындалып, Семейдің басты аруы атанды. Ал өзге қатысушылар екі айдай уақыт дайындалған еді. Көрдіңіз бе? Енді оның әлеуетін бағамдай беріңіз.

– Түркия мен Ресейді мойындаттыңыздар. Енді қандай меже қойып отырсыздар?

– Вьетнам елінде «Miss International» жобасы өтеді деп жоспарлануда. Соған Данара дайындалады. Әзірге ол демалыс алды. Өйткені оқуы бар. Біраз сабақтан қалды.

Данара Бекмурзаева, Әлем аруы: - «Сахна өзінің құдіретімен баурады»

– Бұл салада жұмыс істеу үшін қандай да бір құжаттың қажеттілігі бар ма?

– Әлбетте, қажет. Мысалы, «Шығыс Қазақстан аруы» байқауын өткіземін делік. Жеңімпаз анықталды. Алайда оны ешқайда қабылдамайды. Себебі лицензия жоқ. Ол құжатты республика тағайындайды. Бір қынжылтатыны, біздің бойжеткендер Қазақстан аруы байқауымен шектеліп қалады. Осыны ретке келтіру үшін, 2012 жылы Франция елімен арнайы келісімшартқа қол жеткіздім. Содан бері аруларымызға шет мемлекеттердегі конкурстарға шығуға жол ашылды. Бұның барлығы заң аясында іске асып келеді. Өйткені тиісті лицензиямыз бар. Бізде дарынды жастар көп. Тек оларға қолдау көрсетіп, шығармашылығын ұштау қажет. Осы мақсатта мен халықаралық жобаларға баруға қамданамын. Бұл үлкен тәжірибе береді. Сонымен қоса шәкіртіңізді республикадан көргіңіз келсе, оның арнайы сертификаты болуы шарт. Оның көмегімен ол ешбір кастингсіз республикалық сайысқа қатыса алады. Ол жерде жүлдегер атанса, әрмен қарай дүниежүзілік байқауларға баруына болады. Міне, сол үшін сертификат пен лицензия керек. Жылына бір рет сертификациядан өтіп тұрамыз.

– Қоғамда сән бикештерінің ой-өрісі таяз деген ұғым қалыптасқан. Осымен келісесіз бе?

– Жоқ. Керісінше олар көптеген елдерде сапарда болады. Сол жақтың дәстүрімен, мәдениетімен және тарихымен таныса отырып, танымдарын тереңдетеді. Басқа ұлттың тілін меңгереді. Сөйтіп, қосымша білім алады. Сондықтан бұл пікірмен келісе алмаймын. Бес саусақтың барлығы бірдей емес.

– «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деп бекер айтылмаған. Қазақ қыз баланың ар-намысына келгенде, тұтастай ұлттың абыройын қорғағандай белді бекем буған. Ұятты болу ұлтты сақтаудағы рухани қалқан-тұғын. Бұл орайда нені меңзеп отырғанымды түсінген шығарсыз?

– Иә. Сіздің ойыңызды түсіндім. Бірден айтайын, «Мисс бикини» сынды бойжеткендердің әуретті жерлерін жарнамалайтын конкурстарға біздің шәкірттер қатыспайды. Оған түбегейлі қарсымын. Мұндай жобалармен жұмыс істемейміз. Маған шәкірттерімнің абыройы қымбат. Қыздарымның келешегіне кір келтіре алмаймын.

– Сырлы әңгімеңізге ризашылығымызды білдіреміз.

– Сіздерге де алғысымды білдіремін.

Сұхбаттасқан Жақсылық Мұратқалиұлы

Осы айдарда

Back to top button