Ауыл шаруашылығы

Дала күнінде дақыл өсірудің құпиялары айтылды

Шығысқазақстандық селекционер-ғалымдар ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын өсіріп жатыр.

Глубокое ауданының Опытное поле ауылында орналасқан Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциясында жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Дала күні» аталып өтті. Аталмыш кәсіпорын бүгінде элиталы тұқым өсіруде жаңа технологияларды енгізумен айналысатын бірегей шаруашылық болып табылады.

Тәжірибелік станцияның бас ғылыми қызметкері Алена Ахмадиеваның хабарлауынша, бүгінгі күні шаруашылыққа қарасты үш мың гектарға жуық егіс алаңы бар көрінеді. Мұнда күнбағыс, астық және мал азықтық дақылдардың барлық селекциялық материалдары өсіріледі. Жергілікті селекционер мамандардың тағы бір жетістігі біздің өңірге таңсық майлы дақыл – мақсарының өсірілуі болды. Қазіргі уақытта тәжірибелік станцияның ғалымдары біздің климатымызға төзімді дақыл түрлерін өсірумен айналысады.

Дей тұрғанмен, тәжірибелік станция басқармасының төрағасы Александр Томашенконың айтуынша, соңғы жылдары өзімізде өсірілген күнбағыс дақылының тұқымдарын қолдану көрсеткіші төмендеп кеткен. Яғни, 15 жыл бұрын Шығыс Қазақстан аумағында өзімізде өсірілген селекцияның 70 пайызы қолданылса, бүгінде бұл көрсеткіш екі есеге азайған.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев осындай форматтағы шаралардың жиі өткізілуі өте маңызды екенін айтады.

– Әлемдегі геосаяси жағдайлар мен оған байланысты экономикалық шектеулер және санкциялар біздің еліміздегі жағдайға да өз әсерін тигізбей қойған жоқ, – дейді Ержан Нұрбаев. – Сол себепті өзімізде өндірілетін селекциялар көлемін ұлғайту өте маңызды. Өзіміздің селекциялар болса, ешкімге тәуелді болмайтынымыз бесенеден белгілі.

Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы дақылдарының болашағы бар сорттары мен гибридтері алыс-жақыннан келген ауылшаруашылық кәсіпорындарының өкілдері мен тұқымдық материалдарды, техникалар мен құрылғыларды өндірушілер мен жеткізушілердің назарына ұсынылды. Олардың ішінде Ресейдің Алтай өңірінен келген селекционер мамандар мен еліміздің Жер өңдеу және өсімдік шаруашылығы институтының ғалымдары да болды.

– Аталмыш шаруашылықта тұқым өсіру бағытында атқарылған жұмыстарға көңіліміз толды, – дейді Алтай ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Андрей Зибров. – Бұл іс-шараның біз үшін қызықты әрі пайдалы жақтары көп болды. Мықты ғылыми база мен заманауи техникалар пайдасы көп дақыл тұқымдарын алуға бар мүмкіндікті беріп жатыр екен.

Александр Томашенконың айтуынша, бүгінде аталмыш станцияның ғалымдары мал азықтық дақылдардың жаңа сорттарын алуға басты назар аударған көрінеді. Бұл бүгінде мал басы көбейген өзіміздің өңір үшін таптырмайтын мүмкіндік болмақ. Болашағы зор бағыттың барлық жақтарын бос қалдырмауды ойлаған шаруашылықтың ғылыми қызметкерлері осы уақытқа дейін дәстүрлі түрде өсіріліп келген мал азықтық дақылдарды көбейтумен ғана айналыспай, сонымен қатар олардың жаңа сорттарын алуға да ден қойған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аграрийлердің алдына селекциялық жұмыстарды жандандыруға байланысты үлкен міндет қойды. Біраз бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігін сынға алған Президент тұқымдық материалдың басым бөлігін шетелдерден жеткізілетінін алға тартты. Сол себепті біз аталған жағдайды түзету үшін барымызды салуымыз керек, – деді Александр Томашенко.

«Дала күнінде» келген қонақтар дақыл өсіруге қатысты жан-жақты кеңестер алып, жаңа технологиялар мен тәжірибелерді сынап көрді. Сонымен қатар осы жерде олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы техникалары мен тұқымдық материалдарды сатып алуға қатысты жеткізушілермен тікелей келісімшарт жасасуға мүмкіндік алды.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button