«Дидардың» қонағы

Дәурен Берікқажыұлы, ақын, аудармашы: -Өліп қалмас үшін өлең жазамын

    Ақын Дәурен Берікқажыұлы 1974 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Қарабұта ауылында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің түлегі. 2015 жылдан «National Geographic Қазақстан» журналында фри-лансер. С.Томанов атындағы республикалық 30 жасқа дейінгі ақындар арасында өткен мүшәйраның бас жүлдегері. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ауылым – алтын тұғырым» конкурсының поэзия номинациясы бойынша ІІ дәрежелі диплом иегері. Әр жылдары жарық көрген «Оттегім менің, от демім менің – жырларым», «Ante meridiem», «Алдаспанның арызы», «Гүл мен қылыш жырлары», «Сізге жазған хаттардан» және «Муза» атты жыр жинақтарының авторы.

     «Қазақстан» арнасынан берілген «Тіршілік әлемі» («Living», 26 серия), «Шынайы өмір» («Natural State», 26 серия),  «Чемпионат алдындағы бір жыл» («On The Ball», 22 серия) деректі фильмдері мен «Құрдым» («Pitch Black»),  «Анджеланың азабы» («Angela’s Ashes»), «Боб Робертс» («Bob Roberts») және «Салқын басытқы» («Buffet Froid») фильмдерін аударған.

       – Дәурен, сізбен хабарласу қиын екен. Қалта телефонын ұстамайды екенсіз. Неге?

– Қалта телефонымды соққыға жыққандар алып кетті. Жаңасын алуға ақшам жоқ. Азын-аулақ ақшам дәрі-дәрмек пен ем-домға жұмсалып жатыр. Жалпы, осы телефонның барынан жоғы дұрыс па деп қалдым. Көп уақытыңды алады, қажетсіз дүние көп айтылады дегендей. Бұйырған күні алармыз. Әйтпесе, Асқар (Жұмаділдаев) ағам сияқты үзілді-кесілді ұстамаймын деген принцип жоқ.

       – Сіздің поэзияңызды оқып тұрам. Өлеңдеріңізден әлдекімге деген ашу, ыза байқалады. Кімге ренжулісіз? Қоғамға ма, жүйеге ме, өткен өміріңізге ме?

– Жалпы, өнер атаулы, өлең атаулы эмоциясыз болмайтынын ескерсек, өлеңдерімде қара бояудың қалың екендігі рас. Бірақ ол мен таңдап алған бояу емес, мен нені көрем, соны жазам. Маған жылтыраған, іші қуыс одадан, қап-қара болса да, адамның жан дауысы естілетін эпитафия жазған оңай. Реніш деген өте жеңіл айтылған сөз. Маған өлең жаздырған бәлкім, менің сол өкпем шығар… әуелі өзіме, сосын қалғандарына. Сосын ол өлең болып өріледі. Мәселен, былай:

      «Әуре болмаңдар емдетіп…

      Өмір сүретін қалған жоқ іште менде түк.

      Алаңғасарлау бір шайыр, шіркін, болсашы,

     Шәріде мынау ақыл айтуға ең жетік.

 

     Бар абызбенен

     Кеңсайға көшіп бар аңыз,

    Түнімен тынбай жылайды тағы қара күз.

    Алматы маған шарап іш дейді шерленбей,

   Алыстап кеткен соншалық бүгін арамыз.

 

    Дүмбілез болған дүмшедей балгер, бақсыдан,

   Өзге түгілі, өзімді өзім жатсынам.

   Сен мені кешір!

   Сен кешір, жетім жапырақ,

   Жалғыз өзі қап, жылатып тұрған жақсыдан».

     – Әлем әдебиетін көп оқитыныңыз байқалады. Қазақ ақындарынан кімдердің поэзиясы өзіңізге жақын?

–  Өлеңдерін жата-жастана оқитын ағаларым күн санап азайып барады. Пайғамбардай көретін ағаларыммен көбірек араласқаныма өкінемін осы күні. Өйткені олардың бойынан көрген ұсақтық өлең оқытпай тастады маған. Орыс поэзиясына көбірек шұқшиятыным сол. Бродский, Цветаеваның кітабы үнемі үстелімде тұрады. Одан қалса Борис Рыжимен шер тарқатам. Ал қазақ поэзиясындағы мен үшін «тірі» қалған ақынның үлкені әл-әзір – Есенқұл. Есенқұлдың поэзиясы бір қарағанда өлпі-сөлпі жазыла салған қарабайыр дүние көрінгенімен, онда тазалық басым, сол үшін оқимын оны. Оның жан дүниесі бала сияқты: ештеңені жасыра алмайды, ештеңені боямайды, тап-таза, мөп-мөлдір. Халыққа жақындығы, өлеңінің қарапайым, әрі шынайылығы тұрғысынан маған Есенқұл қазақтың Роберт Бернсі сияқты көрінеді де тұрады. Ара-тұра Өтақамды (Өтежан Нұрғалиев) оқып тұрам. Есенғали (Раушанов) бар, Жанна (Елеусіз) бар.

         –        Балалық шағыңыздан бір есіңізде қалып қалған оқиғаны айтып берсеңіз. Жалпы, мектепте қандай бала болдыңыз?

– Қазір айтсам ешкім сенбейтін шығар, бірақ мен бала күнімде ата-анасының айтқанымен жүретін, сабағын жақсы оқитын, қой аузынан шөп алмайтын момын бала болдым. Мені мұғалімдер қыз мінезді деп мақтайтын тіпті. Суретті жақсы салатынмын, футбол десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Футбол дегеннен шығады, біздің заманымызда денешынықтыру пәні өте қиын пән болып есептелетін. Қазіргідей басқа сабақтардан жақсы еді деп, жеңілдік жасай салу деген атымен жоқ еді ол кезде. Бізге денешынықтыру сабағынан Серікқан, Сайрагүл деген мықты мұғалімдер берді. Сол марқұм Сайрагүл апайымыздың бізді қыздардың алдында белтемірге (турник) тартылғызып масқара қылғаны әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Барлық сабақтан жақсы оқысам да, турникке ебім жоқтығын бетіме басып, қыздардың көзінше жер қылғаны жаныма қатты батты. Бұл күздігүні болған оқиға еді, жазғасалым ГТО нормативтерін тапсырамыз ол кезде. Содан мен қыс бойы белуардан қар басқан стадионға жалғыз-жарым омбылап барып, белтемірге  тартылып дайындалып бақтым. Қара күзде бастаған қарекетім қыс өтіп, көктемге жалғасты. Содан не керек, баяғы әлжуаз Дәуреннің масқара болатын сәті де жетті. Күздегі турникке салбырап тұрған ебедейсіз қимылым есіне түсті ме, марқұм Сайрагүл апайым да, қалған кластастарым да мен турникке жақындағанда-ақ сықылықтап күле бастады. Мен болсам баяғыдай емес, белтемірге қолым тиген бетте-ақ, жұлынып-жұлқынбай-ақ он екі мәрте тартылып бере салдым. Басқа балаларды қайдам, сондағы Сайрагүл марқұмның таң-тамаша болғаны менің кейін талай жерде өз-өзімді қайрауыма жақсы мотивация болды. Өз ісіне берілген адал мұғалім еді, жатқан жері жайлы болсын апайымыздың.

      – Кімдерді ұстаз тұтасыз?

– Өтежан (Нұрғалиев) ағамыздың кітап жайлы әңгіме болғанда «мен жетпіс жыл бойы аруақтармен сөйлесіп келе жатырмын» дейтін бір сөзі бар еді. Сол айтпақшы, менің ұстаздарым – кітаптар. Жақсы дүние жазған адамның бәрі ұстаз мен үшін.

      –  Қазір қайда істейсіз? Немен айналысып жүрсіз?

– Бір жарым жылдан бері ештеңе істемеймін. Маңдайым тасқа тіреліп, жынды бола бастаған кезде аударма алып, өз-өзімді алдап қоямын. Өліп қалмас үшін өлең жазамын.

      – Орысшадан аударасыз ба?

– Жоқ. Ағылшыншадан қазақшаға. Голливудтық «Уолт Дисней» компаниясының «Көліктер-2» анимациялық туындысы мен америка-ағылшын поэзиясының антологиясын ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аудардым.

      – Рақмет!  Шығармашылығыңызға кең өріс тілейміз.

      Сұхбаттасқан Берікхан Тайжігіт

     Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button