Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Бірқатар кәсіпорын басшыларына жемісті еңбектері үшін «Халық алғысы» медалі табыс етілді

 Аймақ басшысы Даниал Ахметов барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан COVID-19 пандемиясына қарсы күреске сүбелі үлес қосқан облыстағы бірқатар кәсіпорындар басшыларына жемісті еңбектері үшін “Халық алғысы” медалін салтанатты түрде табыс етті.

– Ел үшін қиын шақта лайықты үлгі көрсеткен барша кәсіпорындарға әлеуметтік зор қолдаулары үшін ризашылығымды білдіремін. Айта кету керек, Шығыс Қазақстанның өнеркәсіп өкілдері көп жылдар қатарынан өңір тұрғындарының мүддесін қорғап, патриотизм мен риясыз көмек идеалдарына адалдығын дәлелдеп келеді. Пандемия кезінде олардың кең ауқымда жүргізген әлеуметтік жұмыстары аймақтың жүздеген мың тұрғынына өз көмегін тигізді. Әрқайсыңызға белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз, жанқиярлық және жоғары кәсібиліктеріңіз үшін үлкен алғыс айтамын,– деді облыс әкімі.

Індеттің алғашқы толқыны кезінде облыстағы кәсіпорындар қауіпті вирустың өршуіне жол бермеу мақсатында жағдайды тұрақтандыруға елеулі үлес қоса білді. Сондай компаниялардың бірі – өз қолдауымен Қазақстанда төрт ПТР-зертхана ашқан «Aitas» АҚ.

– Бұл Шығыс Қазақстан мен Ақмола облыстарына және Нұр-Сұлтан қаласына біздің тараптан көмек болды. Төрт зертхананың екеуін Өскемен мен Семей қаласында іске қосып, «Олимп» емханалық-диагностикалық зертханалар желісіне тапсырдық. Сонымен қатар сол уақытта біздің емханаларда жетіспей жатқан ӨЖЖ аппараттарын, дәрі-дәрмектерді және дезинфекциялау бойынша түрлі жабдықтарды сатып алдық. Бүгінгі марапатты да сол кездегі тәжірибеміздің арқасында алдық деп ойлаймын. Біз үшін халқымызға, елімізге қызмет ету – әрқашанда үлкен құрмет, – деді «Aitas» АҚ бас директоры Серік Толықпаев.

Бәріне белгілі, республикада бірреттік медициналық бетперде жетіспей жатқан кезде Шығыс Қазақстан елімізде алғашқылардың бірі болып, көпреттік қолданысқа жарайтын бетперде өндірісін жолға қойды. Соған орай, бүгінгі салтанатты марапаттау рәсімінде миллиондаған бетпердеге тапсырысты дер уақытында орындаған «Семспецснаб» компаниясының қомақты еңбегі де ескерусіз қалмады.

– Біздің жұмыскерлеріміз уақытпен санаспай, күн сайын 10-12 сағат еңбек ете жүріп, көпреттік бетперделерді дайындады. Біздің кәсіпорын барлығы 2,5 миллионға жуық бетперде тікті. Мемлекетіміздің бүгінгі марапаты үшін үлкен алғыс білдіреміз. Бұл – біздің бүкіл ұжымның еңбегі, – деп атап өтті жиында «Семспецснаб» ЖШС директоры Айнұр Қабдылқызы.

Жалпы, биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен жүзге тарта шығысқазақстандық аталған “Халық алғысы” жоғары марапатына ие болды. Олардың арасында өңірдегі білім, денсаулық, әлеуметтік қорғау саласының өкілдері және біздің «Шығыс ақпараттағы» бірқатар әріптестеріміз де бар.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button