Денсаулық сақтау

Дәрігерлер онлайн қабылдау жүргізеді

 Аудандық емхана дәрігерлері Damumed бағдарламасы арқылы онлайн қабылдау жүргізуде. Орталық аудандық аурухана басшылығының ақпараты бойынша, бұл бағдарлама тұрғындар мен дәрігерлер арасында 2018 жылдан бері қолданысқа енгізілген.

Ауданның шамамен 65 мыңдай тұрғыны ауруханада тіркелсе, солардың ем алу тарихы толығымен Damumed бағдарламасына жүктелген. Бүгінгі таңда дәрігерлер қағазбастылықтан арылып, электронды түрде қызмет көрсетуді бастады.

– Бағдарлама расымен ыңғайлы. Адамның есімін енгізу арқылы оның барлық ауруының, дәрігер қабылдауының тарихын көруге болады. Тіпті адам Өскемен, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында ем қабылдаса да, дәрігердің жазған кеңесі, барлығын біз көріп, бақылай аламыз, – деп түсіндірді дәрігер Арайлым Дүсіпбекова.

Қазір коронавирустың таралуының алдын алу үшін емханаларда кезек күткен адамдардың санын қысқарту мақсатында дәрігерлер онлайн қабылдауға ауысты.

Егер сізге дәрігерге қаралу қажет болса, ең әуелі Damumed бағдарламасы арқылы өзіңізге ыңғайлы уақытта дәрігерге жазыласыз. Сол уақыт келген кезде дәрігер сізге видеоқоңырау шалады және сізді онлайн түрде қабылдап, шағымдарыңызды тыңдап, кеңесін береді.

– Әзірге онлайн қабылдауды пайдаланушылардың  қатары сирек. Кей адамдар әлі естімесе, енді бірі бағдарламаны қолдана білмейді. Бұл бағдарламаны әсіресе жастар белсенді қолданады. Ал үлкен кісілер әлі де телефон арқылы жазылып, үйге дәрігер шақыртып жатады. Оларға арнайы мобильді топ қызмет көрсетеді, – дейді Арайлым Дүсіпбекова.

Аудандық ауруханада дүйсенбі күні сағат 10.00-12.00 аралығында – дәрігер-терапевт Римма Нұрбекова, медбике Гүлнара Шмакова; сейсенбі күні – дәрігер-терапевт Ақбота Мейірбекова, медбике Айнагүл Солтақанова; сәрсенбі күні – дәрігер-педиатр Ырысалды  Қаленова, медбике Нұршат Хасенова; бейсенбі күні – дәрігер-терапевт Динара Елеусізова, Нина Буряк; жұма күні – дәрігер-терапевт Гүлнар Сандал және көмекшісі Алмас Болдабеков онлайн қабылдау жүргізеді.

А. Рағызбаева

Мақала Глубокое аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button