Денсаулық сақтау

Дәрігерге қаралуды дағдыға айналдырайық

  Облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығында бір күнде бес әйелдің омырауында қатерлі ісік бар екені, 17 нәзік жанда қатерсіз ісік, тағы үш әйелде омырау безінің басқа аурулары анықталды. Жалпы өңір бойынша алсақ, осы күні 474 әйел тексеріліп,  олардың үшеуінде рак, тағы тоғызында қатерлі ісікке деген күдік, 85 әйелде қатерсіз ісік, 75 келіншекте омыраудың басқа да дерттері белгілі болды.

       Қыз-келіншектердің денесіне сән беріп тұратын, ақын, суретшілердің туындыларына арқау болған омыраудың тек әсем ғана емес, сау болғаны қандай жақсы. Өкініштісі, әлемде әйелдер арасында ең жиі кездесетін онкологиялық дерттердің бірі – осы омырау безінің рагы. Шығыс Қазақстанда да қатерлі ісіктің бұл түрі басқа онкопатологиялардың ішінде бірінші орында, өлім көрсеткіші бойынша үшінші орында тұр. Тоғыз айдың ішінде өңірдегі аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 30,9-ды құрапты.

Бұл құрғақ сандардың артында қаншама нәзік жандардың көз жасы мен үзілген ғұмыры бар десеңізші. Алайда омыраудың жаман дерті ең көп зерттелген, алғашқы сатысында жазылып кететін, омырауды сақтап қалуға болатын ауруға жатады. Сол себепті облыстың онкологтары тұрғындар арасында ашық есік күндерін ұйымдастырып, сол күні келген жандарға бірден зертханалық зерттеулер де жасап береді.

Өткен сенбі күні облыстық онкология және хирургия орталығында омырау безінің рагы туралы білудің бүкіләлемдік күніне бағытталып өткен іс-шарада шығысқазақстандық қыз-келіншектер Алматы қаласындағы онкология және радиология қазақ ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарына қаралуға мүмкіндік алды. Медицина ғылымдарының кандидаты Алмаш Жылқайдарова мен осы институттың маммолог-дәрігері Шухрат Сұлтансейітов, онкоорталықтың отыздан астам дәрігері келушілерді қабылдады. Облыс бойынша 474, Өскемен қаласында 168 әйел осы мүмкіндікті пайдаланған. Оларға сол күні трепанбиопсия, пункциялы биопсия, УДЗ зерттеулері жүргізілді. Цитологиялық зертхана жұмыс істеген. Соның нәтижесінде зерттеулердің қорытындысы 1-1,5 сағаттың ішінде дайын болып,  қаралған жандарға нақты диагноз қойылды.

Онкологиялық дерттерді алғашқы сатысында емдеу ең жақсы нәтиже береді. Бұл тұрғыда скринингтік тексерулер мен алғашқы медициналық-санитарлық ұйымдарда ашылған қаралу кабинеттерінің маңызы зор. Бүгінгі таңда барлық алғашқы медициналық мекемелерде қаралу кабинеті жұмыс істейді. Бұрын тек әйелдер қаралса, осы кезде ер адамдарға да осы кабинеттен өту міндетті.

– Біздің емханада әйелдерге арналған екі қаралу кабинеті, ер адамдарға арналған бір кабинет жұмыс істейді. Негізгі мақсатымыз – тұрғындарда қатерлі ісіктің алғашқы сатысын жіберіп алмау. Емханаға алғаш келген пациент алдымен осы кабинеттерден өтуі тиіс. Әрине, ер адамдарды бұл кабинеттен өткізу оңай емес. Алайда басқа мамандардың қабылдауына кіре алмайтын болғандықтан, өтуге мәжбүр. Кабинеттерде  тәжірибелі мамандар, акушер-дәрігер жұмыс істейді. Егер жаман ауруға деген күдігі болса, келушіні бірден онколог маманға жібереді. Бұл жерде уақыт созбай, бірден салалық маманға қаралу дерттің тезірек анықталуына ықпал етеді. Онколог өз кезегінде трепанбиопсия алып, маммография немесе УДЗ зерттеулерін жасап, тереңірек тексереді, – дейді №1 қалалық емхананың маммолог дәрігері Гүлнар Жұмағалиева.

Онколог Инна Чертищеваның сөзіне қарағанда, скринингтік тексерулерден өңірдегі қыз-келіншектердің 86,6 пайызы өтіп тұрады екен.

– Тіркелген  жайттардың  90 пайызында ауруды әйелдердің өздері анықтаған, он пайызын скрининг көрсетеді. Омыраудың рагы көбінде ешқандай симптомсыз өтетіндіктен, әйелдер әбден асқынып кеткенде келеді. Көбі омырауға жасалатын оталардан қорқады. Қазіргі таңда біздің онколог-хирургтер омырауды сақтап қалу операцияларын сәтті жасап жүргенін айтқым келеді. Ағзаның  тек функциясы ғана емес, эстетикалық жағы да сақталуына үлкен мән беріледі, – деп ескертті Инна Леонидовна.

«Тәуекел тобына 40 пен 70 жастағы әйелдер кіретіндіктен, скринингтік тексерулер осы жастағыларды қамтиды. Омыраудың қатерлі ісігі көбінде 50-60 жастағыларда кездеседі», – дейді онколог маман.

Маммология және онкогинекология бөлімшесінің басшысы Серік Мұхамеджанов, ең алдымен, қыз балаларда өз денсаулығына деген мәдениетті қалыптастыру қажеттігін айтады. Бойжеткендерде он сегіз жасынан гинеколог-дәрігерге тұрақты қаралып тұру дағдыға айналуы керек.

– Қыз-келіншектер скринингтік тексеруді тосып отырмай, дәрігерге өз беттерімен қаралса, оңды болар еді. Бізде әбден асқынып кеткенде келетіндіктен, науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші төмен. Дамыған елдерде рагты анықтағаннан кейін науқастардың 80 пайызы кемінде бес жыл өмір сүрсе, бізде бұл межеге сырқаттардың 55 пайызы ғана жетеді. Бүгінгі таңда қатерлі ісікті анықтауда технологиялар қажет емес. Алдымен, адамның өзіне, өз денсаулығына деген жауапкершілігі керек, – дегенді баса айтты бөлімше басшысы.

Дәрігердің бұл ойын №2 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Ляйла Чалова да қостады. Айтысына қарағанда, скринингке келмегендерге телефон шалса, олар уақыттың жоқтығын, жұмыстан босатпайтынын айтып ақталады екен.

– Бұл жерде тұрғындардың бойында өз денсаулығына деген ортақ жауапкершілік жоқ екенін көреміз. Тіпті солар үшін біздің мамандар сенбі-жексенбіде де шығады жұмысқа. Тек тұрғындар емес, жұмыс берушілер де жауапты болу керек. Өйткені әйелдердің көбі скринингтік тексеруге жұмыс берушілер жібермегендіктен келе алмайтындарын айтып, шағынады. Бұл мәселені заң тұрғысында шешпей, ештеңе өнбейді, – дейді  Ляйла Чалова.

Кеше ғана Лондон қаласынан тәжірибе алмасу сапарынан оралған облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығы бас дәрігерінің орынбасары Арман Темірханұлы Ұлыбританияда керісінше, скринингтік тексеруге мәжбүрлеу не болмаса біреуді жазалау жоқ екенін айтады. Оларда тұрғындардың сана-сезімі жоғары болғандықтан, 65-70 пайызы скринингтен өздіктерінен өтеді екен. Екіншіден, мемлекет тарапынан ынталандыру бар. Мысалы, келушілер көп болған сайын, қаржы да көп бөлінеді. Ал табыс табуды көздеген клиникалар бұл мүмкіндікті жібермейді.

– Біз Лондонның он клиникасында болдық. Олардың көбінде біздегі сияқты 128 кескінді МРТ аппараты, 3.0 теслді МРТ жоқ. Соңғы үш жылда біздің саланы озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін ғана 1,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл жерде тек медициналық құралдар алып қоюмен ғана шектеліп отырған жоқпыз. Облыс әкімінің қолдауымен біздің онколог-хирургтер әлемнің озық клиникаларында оқып, тәжірибе алмасып жүр. Ұлыбритания. Италия, Израиль елдерінде болды, – дейді  Арман Мұқажанов.

Онкологиялық дерттерді емдеудің әлемдік стандарты, протоколы бар. Шығысқазақстандық онколог-хирургтер де  осы протоколды қолданады.

Дегенмен Арман Темірханұлы облыс орталығында маммографтардың жетіспейтінін де жасырған жоқ.

– Бізде барлық аудандарда маммограф бар. Проблема Өскемен қаласында туындауда. №2 қалалық емхана мен біздің орталықта ғана бар. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы тағы бір маммограф алады деген мәлімет естідік. Бірінші қарашадан «Дивера» жеке клиникасында тағы бір маммограф іске қосылмақ. Сонда облыс орталығында төрт аппарат болады, – деп түсіндірді бас дәрігердің орынбасары.

Алматылық ғалымдар дәріс оқыды

    Онкологтар жаман дертті ешқандай құралсыз, көзбен қарап анықтауды меңгерген. Бұл орайда облыста арнайы смеминар-тренингтер өтіп тұрады. Мысалы, облыстың жалпы практика дәрігерлері мен орта медициналық қызметкерлері онкология мен радиологияның қазақ ғылыми зерттеу-институтының  ғалымдарынан дәріс алды.

Облыстық көпсалалы онкологиялық орталықта қатерлі ісік ауруларын ерте анықтау бойынша өткен семинарға облыс орталығы мен Ұлан, Көкпекті, Катонқарай, Глубокое, Күршім, Шемонайха және Алтай аудандарынан келген қырықтан астам жалпы практика дәрігері мен учаскелік терапевт және 100 орта медицина қызметкері қатысқан.

Медицина ғылымдарының кандидаты Алма Жылқайдарова мен ғылыми-зерттеу институтының маммологиялық орталығының дәрігері Шухрат Сұлтансейітов көп тараған сүт безінің, жатыр мойнының қатерлі ісігі, асқазан, өңеш, тоқ ішек, өкпенің жаман дерті мен меланомаларды анықтаудың практикалық жағына талдау жүргізіп, орта медицина қызметкерлерінің скринингтік тексерулер кезіндегі коммуникация аспектілері, пациенттерді тексеру алгоритмі сөз болды. Семинарда дертті көзбен қарап, анықтаудың практикалық дағдылары талқыланыпты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button