Денсаулық сақтау

Дәрі-дәрмек жеткілікті

Облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк жұмыс сапарымен Абай ауданына келді. Іссапар барысында мәслихат хатшысы аудан орталығындағы бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, алдағы қысқа даярлығымен, сондай-ақ коронавирустық инфекцияның болжамды екінші толқынына әзірлігімен танысты.

В.Головатюк алдымен Абай аудандық орталық ауруханасының індеттің алдын алуға негізделген жұмыстарымен танысып, медициналық құрылғылармен қаншалықты қамтылғанына көз жеткізді. Ол медициналық мекемелердің жұмысын оң бағалап, облыс әкімі тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатқанын да атап өтті.

Абай аудандық орталық ауруханасы халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді және аудан бойынша емдеу-профилактикалық жұмыстарын ұйымдастырады. Қатерлі індет кезінде аудандық емхана бірлестігінде жұқпалы аурулар бөлімінде төсек саны 2-ден 15-ке дейін көбейтіліп, қосымша провизорлық бөлімше 50 төсектік, обсервациялық бөлімше 20 төсектік болып ашылып, эпидемия кезінде коронавирус ауруына ұшыраған науқастардың стационарлық ем алуын қамтамасыз етті. Бүгінгі күні аурухананың емхана бөлімін жұқпалы аурулар бөліміне айналдыру, аталған мақсатта төсек санын қажет болып жатса 140-қа дейін жеткізу көзделген. Коронавирус ауруына қарсы қолданатын дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жасақталды. Дезинфекциялық заттар мен антисептиктердің жеткілікті қоры бар. Аудандық «Қамқорлық» қоры арқылы аудандық орталық ауруханаға 42 оттегі баллондары алынды. Сонымен қатар аудандық орталық ауруханаға демеушілер көмегімен 64 дана оттегі концентраторы жеткізілді. Осы жұмыстарға баса назар аударған В.Головатюк әсіресе коронавирус инфекциясымен күрестегі аудандық аурухана дәрігерлерінің ебектерін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ жылу қазандықтарының қысқы жылыту маусымына дайындығын бағамдады. Бұдан кейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына салынып жатқан Тоқтамыс көшесіндегі екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысып, оң бағасын берді.

Бурхан Мұратов

Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button