Сайраш ҚОПАБАЕВА: -Қос Асекеңнің мектебінен өткен бақытты актрисамын
Таяуда Өскемендегі облыстық драма театрында осы өнер ордасының белді актрисасы Сайраш Бақтиярқызы Қопабаеваның мерейлі 60 жасқа толуына арналған бенефис болып өтті. Осы орайда оқырман назарына сахнада жүздеген рөлдерді сомдап, көрермен қауымның сүйіспеншілігіне бөленген өнер майталманымен болған сұхбатты ұсынамыз.
Тоқпановтың тәрбиесін көрдім
-Сайраш Бақтиярқызы, сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды өнерге, оның ішінде театр өнеріне арнаған адамсыз. Ендеше, өнер жолына да кездейсоқ келмеген боларсыз?
– Мен мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге өте жақын болдым. Алғашында суретші болсам деген арман болды. Көбіне табиғаттың, адамның портреттерін салуға әуес едім. Кейін есейген соң, актерлікке деген құлшыныс пайда болды. Басында Мәскеудегі Щепкин атындағы жоғары театр училищесіне баруды ойлап, іштей соған дайындалып жүрдім. Кейін Алматыдағы консерваторияда да театр факультеті бар екенін естідім. Бірақ ата-анам «сол жын-шайтанның оқуын қайтесің» деп менің актер болғанымды қаламады. Анам мұғалім болғанымды құп көретін. Оның үстіне өзім де мектепті жақсы оқыдым. Сөйтіп, мектеп бітірген соң, Семейдегі Крупская атындағы педагогикалық институтқа құжат тапсырдым. Шығармадан бес алғаныммен екінші емтиханға бармадым. Өйткені тағы да бес алып, түсіп кететін шығармын деп қорықтым.
1976 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетіне оқуға түстім. Сол жылы Асқар Тоқпановтың курсы қабылданып жатыр екен. Бағыма орай сол курсқа мен де ілігіп кеттім. 1980 жылы драма және кино актері деген мамандық алып шықтым.
– Асқар Тоқпанов секілді адамның шәкірті болу – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт қой. Асекеңнен не үйрендіңіз? Қандай адам еді?
– Асқар Тоқпановтың ғана емес, Асанәлі Әшімовтің де мектебін көрдім. Сол кезде Асанәлі Әшімов біздің оқу орнында ассистент мұғалім болатын. Енді қос Асекеңнен үйренген дүнием өте көп. Өзіңіз білесіз, Асқар Тоқпанов – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер. Ол Абайды әбден зерттеп, жілігін шағып, майын ішкен адам. Небәрі жиырма бес жасында «Абайды» қойыпты. Сонда жап-жас режиссерге Мұхтар Әуезов «Сен Абайды қалай қоямын деп тұрсың?» деп сенімсіздік білдіріпті. Өзі Сәкен Сейфуллиннің күйеубаласы, қарындасын алған адам. «Әсемдікті, сұлулыққа іңкәрлікті Сәкеннен үйрендім» деп айтып отыратын. Өзі де тазалықты, сұлулықты сүйетін сері адам еді. Сәкеннің көзін көріп, киім киісін, жүріс-тұрысын көргендіктен бе, Асекеңнің өзі де Сәкенге еліктеп қолына тростик ұстап жүретін. Біздің бойымызда да тән сұлулығы мен жан сұлулығының үйлесіп тұруын қатты қадағалап отыратын. Біз де талғампаздықты осы Асекеңнен үйрендік. Қарап отырсам, Асқар Тоқпановтай адамнан білім алу – маған бұйырған үлкен бақыт. Сол кісінің алдынан оқи алмадым-ау деп арманда кеткен қаншама актерлер де бар. Оның қасында біз төрт жыл бойы ұлы ұстаздың ұлағатын көрдік.
Асқар аға ең алдымен бізді еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Шыншылдыққа, әділдікке үйретті. Үнемі «таза жүріңдер, шыншыл болыңдар, өтірік айтпаңдар» дейтін еді. Асқар Тоқпанов «Станиславскийдің теориясын» қазақшаға аударған кісі. Әрбір кітабын жатқа соғатын. Өзі қалай білсе, бізден де соны талап ететін. Бүкіл қазақ классикасын, шығыс пен батыс әдебиетін жатқа білетін.
Ал Асанәлінің өзі Асқар Тоқпановтың шәкірті, Асанәлі ағамыз ғана емес, қазақ театр және кино өнерінің небір алыптары сол кісінің дәрісін тыңдап, тәрбиесін көрген. Соңғы курстарда Нұрмұқан Жантөриннен сабақ алдым. Ол кісі де телегей теңіз дарын иесі болатын.
Студент кезімде көбіне батыс-шығыс классиктерінің рөлдерін ойнадым. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» спектаклінде Миледиді, Чеховтың «Аю» спектаклінде Елена Попованы, Пушкиннің «Тас мейман» трагедиясында Донна Аннаның рөлдерін сомдадым. 1980 жылы Асқар Тоқпановтың жетекшілігімен М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде Қарагөз рөлін, Асанәлі Әшімов режиссерлігімен «Дөкей келе жатыр» спектаклінде Құралай рөлін ойнап, дипломдық жұмысымды сәтті қорғадым. Бітірген соң, институтта сахна тілінен оқытушылыққа қалуды ұсынды. Өйткені, менің сахна тілім, актерлік шеберлігім өте жоғары деңгейде болатын, теорияны жақсы білетінмін. Десе де жаспын ғой, «жоқ, мен мұғалім болатындай қартайып тұрған жоқпын, мен сахнада ойнаймын» деп институтта қалмай, жолдамамен Семей театрына келдім.
Күләш Сәкиевамен бір гримеркада отырдым
– Сайраш апай, шынында да, сіздің бағыңыз бар екен. Семей театры да еліміздегі бетке ұстар өнер ордаларының бірі ғой. Асқар Тоқпанов, Асанәлі Әшімов сынды ұстаздардың алдын көрген жас актриса тағы да корифейлердің ортасына топ ете түсті деңізші.
– Семей – нағыз өнердің ордасы ғой. Небір ғұламалардың табаны тиген қасиетті жер. Семей театрында бес-алты жылдай еңбек еттім. Өңірімізге ғана емес, республикаға кеңінен танымал Күләш Сәкиевамен бір гримеркада отырдық. Бекен Имаханов, Әбілқасым Жаңбырбаев сынды ағаларымыздың өмірдегі, сахнадағы жүріс-тұрысын көріп, солардан үлгі-өнеге алып, алға ұмтылдық. Адами қасиеттерін бойымызға сіңірдік. Олардың үлкенмен қалай, кішімен қалай сөйлесетініне куә болдық.
Семей театрында да жемісті еңбек еттім, талай рөлдерді сомдадым. «Ұл мен қыз» спектаклінде Құралай, «Досымның үйленуінде» көрші қыз, «Башмағым» дейтін татар спектаклінде Әсия, И.Васильевтің «Бұл араның таңдары тыныш атады» спектаклінде Ританың рөлдерін ойнадым.
Бірақ өкінішке қарай, анамның науқас болуына байланысты Семей театрынан кетіп, туған жерім Зайсанға оралуыма тура келді. Алайын деп тұрған үйдің кезегінен де айырылдым. Бірақ амал не, анамның саулығы үшін осындай шешім қабылдауыма тура келді.
Ал 2002 жылдан бастап осы уақытқа дейін осы облыстық театрда еңбек етіп келемін.
Кейіпкерімді көшеден де іздеймін
– Актердің негізгі құралы – тіл екені белгілі. Осы орайда соңғы кездері сахна тілі де сақауланып бара жатқан секілді. Осы орайда тәжірибелі театр шебері ретінде өзіңіз бұл мәселеге қаншалықты көңіл бөлесіз? Кейінгі жастарға көңіліңіз тола ма?
– Дұрыс айтасыз, тіл – актердің негізгі қаруы. Актердің тілі жүрекке жылы тиіп, құлаққа жағымды естілуі тиіс. Студент кезімде сахна тілінен Майра Омарбаева деген кісі сабақ берді. Екінші курста Ленинград қаласында өткен Яхонтов атындағы «Көркем сөз оқу шебері» байқауына қатысып, жүлдегер атандым. Институтты бітіретін жылы «сен осы сахна тілінен сабақ берсең қайтеді?» деп, мені институтқа қалдырмақшы болған да осы Майра апай болатын.
Өз мамандығын шын сүйетін актердің дикциямен, ауыз аппаратымен жұмыс жасап отырғаны абзал. Ерін, тіл жаттығуларын ұдайы жасап отыруы керек. Скрипканы біраз ұстамасаң, қол қатып қалады ғой. Бұл да сол сияқты. Өз басым тілге, тіл техникасына үлкен мән беремін. Сахна тілі туралы Дариға Тұранқұлованың кітабын, өзімнің студент кезде жазған конспектілерімді қарап, қайталап отырамын. Институтты бітіргеніме қырық жылдай уақыт өтсе де, конспектілерім әлі азық болып келеді. Соңғы екі жарым жыл бойы қаладағы «Балбұлақ» өнер мектебінде актерлік шеберлік пен сахна тілінен сабақ беріп, қаншама шәкірт тәрбиеледім. Балалармен біршама қойылымдар қойып, тіпті қалалық байқауда жүлделі бірінші орынға да ие болдық.
Жалпы, актер өмір бойы ізденуі керек. Болдым, толдым деу актерді тоқырауға ұшыратады. Мен өмірде де өз кейіпкерімді іздеп жүремін. Кейде бір образға кіре алмай жүрген кезде оны жан-жағымнан іздеймін. Мысалы, ондай адамды автобуста келе жатып жолықтыруың мүмкін. Сондайда «Ой, мынау менің кейіпкерім ғой» деп қуанып кетесің. Бақылайсың, зерттейсің, «осының мына жерін алсам, маған келеді екен» деген шешімге келесің. Әйтеуір ол адамның бір деталін болсын, кәдеге жаратасың.
Бұдан шығатын қорытынды, актерге өте қажет тағы бір элемент – байқампаздық. Актер жерде жатқан тасқа да көңіл аударуы тиіс. Ол тас қисайып тұр ма, тігінен тұр ма, көлденең жатыр ма, соған мән беру керек. Мен сахнаға шыққанда да осы жағына мән берем. Сахнадағы декорация, орындықтың дұрыс тұруы – бәрі көңіл күйге әсер етеді. Өзім сахнада қолданатын заттарымның орнында болуын алдын ала түгендеп аламын. Өйткені, сахнаға алқын-жұлқын жүгіріп шығып, «мынауым қайда, анауым қайда» дегенді өз басым жақтырмаймын. Спектакльде ойнайтын күні жұмысқа ерте келемін. Мұның бәрі рөліңнің сәтті шығуына көмектеседі.
Әр ойнаған рөліңе сын көзімен қарауың керек. ink-a.com Өзім әріптестерім көбірек сын айтса екен деп тұрам. Өйткені, Асқар Тоқпанов бізді бірінші курстан бастап-ақ сын айта білуге және сынды көтере білуге үйретті. Этюд жасаған кезімізде «Сен мынаның қай жерінен қате көріп тұрсың?» деп орнымыздан жеке-жеке тұрғызып, пікірімізді сұрайтын. Өкінішке қарай қазіргі жастар сынды көтере алмайды. Сын айтсаң, шамданып қалады.
– Айтыңызшы, сіздің табиғатыңызға қандай рөлдер жақын? Ойнаған соң, шаршап, өзіңізге келе алмай жүретін рөлдеріңіз бар ма?
– Менің табиғатымды драмалық оқиғаларға толы, шешімі күрделі рөлдер ашады. Комедиядан гөрі драмаға жақынмын. Өйткені, өзімнің бітіргенім де драма ғой. Сахнада бағы жанбай жүрген немесе керісінше бағы тасыған талай әйел бейнелерін сомдадым. Кейде суда жүзген балықтай ойнап шығатын рөлдерің болады. Ойнаған сайын жалықпайтын, тынысың ашыла түсетін рөлдерім де көп. Кейбір спектакльден терлеп, бойыңнан бір жүк түскендей демалып шықсаң, ал кейбіреулерінен шаршап шығасың. Әлде эмоцияға салғаннан соң, жүрекке салмақ түсе ме, ондай рөлден кейін өзіңе өзің келе алмай, спектакльдегі сол көңіл күйден көпке дейін арыла алмай біраз жүресің. Жалпы өз басым жасандылықтан қашам. Көрерменнің көзі өткір ғой, бәрін таразыдан өткізіп тұрады. Сенің шынайы ойнап тұрғаныңды да, өтірік ойнап тұрғаныңды сезіп қояды. Сондықтан да жүрегіңнен өткізіп, көрерменнің жүрегіне жеткізіп ойнағанға не жетсін!
Актер балалық қасиетті ешқашан жоғалтпауы тиіс. Асқар Тоқпанов та студент кезімізде «сендер ана ойнап отырған баладан үйреніңдер» деп жиі айтатын. Өйткені, бала таза, шын көңілмен ойнайды. Міне, алпысқа келсем де, менің бойымда балалық қасиет тұруы тиіс. Сахнадағы ойыныма ең алдымен өзім сенуім керек, сонда ғана ол көрермен жүрегіне жол табады.
– Қалай ойлайсыз, актерге атақ-даңқ керек пе?
– Талай талант иелері өмірден атақ-даңқсыз да кетті ғой. Қазақ вальсінің королі атанған Шәмшіні де тірі кезінде бағалай алмаған халықпыз. Бірақ бәрібір еткен еңбектің, төккен тердің өтелгені дұрыс деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали