Бізкестенің біз білмейтін қырлары мен сырлары қандай?
Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қазақтың қолданбалы өнерін күнделікті тіршілікте пайдаланып жүрмесек те, түбегейлі жойылып бара жатыр деуге болмас. Ұлттық мәдениетті, оның ішінде бізбен кесте тігу өнерінің әдіс-тәсілін ғана емес, тағылымға толы мәні мен мағынасын бүгінгі жастарға дәріптеп жүрген Айжан Бекқұлова бастаған бір топ шебер Өскеменде кәсіптік оқыту тренингін өткізді.
«Қазақстан қолөнершілер одағының» шеберлері тренингті Өскемен қаласында «Жойылу қауіп-қатері төніп тұрған дәстүрлі қазақ кестесі – біз кестені сақтап қалу және Қазақстанның креативті индустриясын дамыту» жобасы аясында төрт күн қатарынан жүргізді. Аталмыш одақ Корея Республикасы және корей мәдениеті мен туризм министрлігінің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комитетінің қолдауымен, сонымен қатар еліміздің ЮНЕСКО және ИСЕКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның жәрдемімен құрылған екен. «Қазақстан қолөнершілер одағында» республиканың жеті облысында, сондай-ақ, біздің аймағымызда өнерлі өкілдері бар. Біздің облыс бойынша қолөнершілер одағының үйлестірушісі және көрме қызметі жөніндегі маман Райса Мұхамеджанованың еңбегі ерекше. Олардың қоғамдағы негізгі мақсаттарының бірі – қазақ халқының мәдени және рухани құндылықтарын дамыту, қорғау, қайта жаңғырту және еліміздегі, шетелдегі ұлттық қолөнершілердің мәртебесін арттыру екен.
Ұлттық өнерімізді Шығыста дәріптеп отырғандарының тағы бір себебі – 1998 жылдары Берелде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде кесте өнерімен байланысты құнды жәдігерлер табылған көрінеді. Біз кесте өнерімен өңірімізде шұғылданып жүрген шеберлер Өскеменде өткен тренингте шеберліктерін шыңдап, білімдерін жетілдіре түсті. Кәсіби шеберлерден еңбек пәнінің мұғалімдері, студенттер, жұмыссыз отырған әйелдер және дәстүрлі өнердің техникасын үйренуге ниет білдіргендер келіп сабақ алды.
Қолданбалы өнердің хас шебері, Қазақстан Қолөнершілері одағының төрайымы, Суретшілер одағының мүшесі, WCC-APR/CentralAsia вице-президенті Айжан Бекқұлова тренингке қатысушыларға ұлттық өнердің, ою-өрнектің құндылығын түсіндірді.
– Үлкен жетістіктерге жетуге болады. Біздің мақсат – халықты біз кесте өнеріне үйретіп, жоғалып бара жатқан өнерімізді қайта жаңғырту. Біз кесте қазақтың ең ерекше өнерінің бірі. Мұнымен адамдар хобби ретінде айналыспауы керек. Олар мектеп ашып, пайда тапса екен, өмірге қажетті етсе екен, – дейді Айжан Бекқұлова.
Күмістен жасалған шолпының пайдасы көп
Шебердің бұл бағдарламамен айналысып келе жатқанына 20 жыл болыпты. Осы уақыт ішінде ұлттық қолданбалы өнердің қыр-сырын әбден меңгерген көрінеді. Айжан Бекқұлованың айтуынша біз кесте өнерімен айналысқан адам тіккен дүниелерін сатылымға шығарып, тәп-тәуір нәпақа табуға болады. Қазіргі уақытта, әсіресе, шағын түскиіздер, қыздардың бояу салатын қобдишалары, қызылды-жасылды ою-өрнекпен көмкерілген киімдер, ұлттық үлгідегі панно, ұялы телефонға арналған қап, бас киім, сөмкелер сұранысқа ие екен. Үстіне оюлы камзол киіп жүрген қолөнер шебері Айжан Бекқұлова: – Жалпы халық бастан-аяқ қазақы киіммен жүрмесе де, ұлттық стильде тоқылған, тігілген киім кисе дұрыс болар еді, – деген ұсынысын айтты.
Қолөнер шеберінің сөзіне сүйенсек, қазақтың бұрынғы бұрымды қыздары күмістен шолпы тағып тіп-тік жүрген екен. Өйткені, шашқа тағылған салмақты күміс тиындар артқа тартып, қыз баланы сымбатты етіп тұрады. Осыны жандандыру керектігін де тілге тиек етті шебер.
Бас киім тақырыбына қайта оралған Айжан Бекқұлова қыз бала да, ер бала да басын міндетті түрде қорғау керектігін айтады. Себебі, шашта көптеген энергия мен ақпараттар бар деседі. Қазір қыздардың көбі шаштарының түсетініне наразы. Біле-білсек, ежелде апаларымыз, әжелеріміз шаштарын тарағаннан кейін тарақта қалған шашты ешуақытта аяқ асты етіп лақтырмапты. Ал аналарымыз ақ орамал таққан. Шебердің ойынша, біз осындай ұсақ-түйек әдет-ғұрыптарымызды да жоғалтып барамыз. – Өз дәстүрін білмей өскен ұрпақты мәңгүрт дер едім, – дейді осы тұста Айжан Бекқұлова.
Ол қыздарға ғана емес, жігіттердің киім үлгісі жөнінде де біраз пікірлерін ортаға тастады. Шебердің сөзіне сүйенсек, қазір де кейбір суретші жігіттер қазақы стильде тігілген шапан киіп жүр екен. Олардың киіп жүргені қазақ оюымен көмкерілген, бүгінгі өмірге ыңғайлы етіп тігілген шапандар. Жігіттер арқасын бөтен көзден міндетті түрде қорғауы керек. Сол үшін киімнің арқа жағына қандай да бір ою тіккізгені жөн.
Қазақтар ұмыт қалдырған киіз үйді қырғыздар шет елге сатып жатыр
Тренингте осындай ұтымды ой айтып, ұлттық намысқа қамшы басып отырған шебермен сұхбаттасып көрдік. Айтары көп екен.
– Біз осыған дейін қандай ұлттық құндылықтарымызды жоғалттық? Есесіне нені үйрендік?
– Өкінішке қарай жоғалтып алған рухани, ұлттық құндылықтарымыз көп. Қазақ баласы ауылда алған қазақы тәрбиесін қалаға келіп жоғалтты.
– Шетелдерде өзіміздің ұлттық қолөнерді насихаттап жүргеніңізді білеміз. Олар қаншалықты қызығушылықпен қарайды?
– Осыдан бес жыл бұрын Қытайда қолөнер шеберлерінің басы қосылды. Сонда өзге ұлттардың өнерімізге таңғалғанымен, Қазақстанның қайда екенін білмей тағы бір таңғалысты. Аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанды білмейтіндерді көріп мен де аң-таңмын. Басқасын қойып шекараның арғы жағында жатқан қытай халқы білмейді. Бірақ Қырғызстан, Тәжікстанды біледі олар. Өйткені олар үнемі киіп жүретін ұлттық киімдерімен көз алдарында қалады. Қазір құдайға шүкір, елімізді шет ел таниды.
– Қазір қазақтар үйін қазақы нақышта емес, еуро стильде жөндеуді әдетке айналдырды. Осы тұста айтар ойыңыз бар ма?
– Қазақ киіз үйде тұрған. Ал қазіргі бұрышы бар үйде тұрып жатқан адамдардың ой-өрістері де кешігіп дамиды. Киіз үйде бұрыш болмағандықтан, сонда тұрған адамның да ойы шексіз болған. Бұрынғы қазақтар неге ойшыл, философ, ақын болды? Ой-өрістері кең болған. Қазіргі қазақ киіз үйде тұрмаса да, үйлерінен қазақтың, қазақылықтың белгісі көрініп тұрса деймін. Жер үйде тұратындардың ауласында бір-бір киіз үй тігіліп тұрса да артық болмас еді. Айтпақшы, қазір қырғыздар киіз үйлерді жасап шетелге сатып жатыр. Біз болсақ, киіз үйді жоғалтып алдық.
– Бүгінгі қазақ жастарына, келешек ұрпаққа айтар ақылыңыз бар шығар…
– Келешек ұрпақ демекші, түскиіздің төменгі жағындағы жалбыраған шашақтары ұрпақ жалғастығының белгісі. Ол анасы бастаған істі қызы жалғастырсын деген ұғым. Міне, ұрпақ жалғастығы. Ұрпақпен бірге дәстүр жалғастығы. Тағы айтарым, қазақтар ежелде бояулары үндескен оюлы киім киген. Ежелгі қазақтардай киінбесек те, солардың сарқытындай болып, ұлттық оюдың элементі бар киім кисін жастарымыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Мерей Қайнарұлы