Денсаулық сақтау

Біздің тәжірибемізді үлгі етті

Біздің тәжірибемізді үлгі етті
Астана қаласында өткен «Денсаулық сақтаудағы инновациялар – 2018» халықаралық форумы Қазақстан, Австрия, Германия, Израиль, Италия, Люксембург, Оңтүстік Корея, АҚШ, Куба, Өзбекстан, Ресей, Украина сияқты он екі елдің әлемдік медициналық қауымдастығы өкілдерінің басын қосты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Қазақстандағы тұңғыш роботталған хирургия және цифрлы лапароскопия қызметтерін ұйымдастырудың озық тәжірибесімен таныстырды.
Конференцияны Президент іс басқармасы медициналық орталығы ұйымдастырды. Қатысушылар онкология, кардиология, пульмонология, эндоскопия, роботталған хирургия, егделікке қарсы медицина салаларындағы жаңашылдықтармен бөлісті.
-Біз форумға Шығыс Қазақстанда енгізіліп жатқан инновациялық шешімдерді әріптестерімізбен бөлісу мақсатында келдік. Біздің облыста денсаулық сақтау саласын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Соның аясында біз медициналық мекемелерді тек инновациялық озық техникалармен жабдықтап қана қоймай, шетелдің озық клиникаларында медициналық қызметкерлеріміздің білімдерін жетілдірудеміз. 2017-2018 жылдары 153 маман үш айдан астам уақыт шетелде оқып келді, – деді Марат Шоранов.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде жалғыз дәрігерді ғана оқыту әдісінен құрамына хирургтан басқа орта буын медициналық қызметкерлер мен реаниматологтар кіретін мультидисциплинарлық команданы оқытуға көшкен.
Өмірге енгізілген жобалар туралы айтқанда Марат Шоранов алдымен роботталған хирургия орталығының тәжірибесіне тоқталды. Орталықта наурыз айында алғашқы ота –лапароскопиялық нефрэктомия (бүйректі алып тастау) Senhance TransEnterix құрал-жабдығында жасалды.
– 120-дан астам операцияжасалды және олардың барлығы сәтті аяқталды. Біз науқастардың отадан кейін сауығу мерзімі екі есе азайғанын аңғардық. Ота жасатқандардың 90 пайызы жұмыс істейтіндер. Қазір олардың барлығы қызметтеріне кіріскен, – деп толықтырды Марат Едігеұлы.
Шығыстың бас дәрігері алдағы жоспарларға да тоқталды.
-Өңірімізде жылына 5000 лапароскопиялық ота жасалады. Таяудағы уақытта олардың 1500-1800 отасын роботталған хирургияның көмегімен жасамақпыз. Нәтижесінде біз тек еліміздің басқа облыстарына ғана емес, көрші Ресейдің аймақтарына да ашықпыз, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Марат Шоранов осындай жоғары технологияларды енгізу нағыз медициналық туризмді дамытуға ықпал етеді деген пікірін жеткізді. Басшы шетелдіктер Өскеменге тек медициналық қызмет алу үшін ғана келмей, сонымен қатар Шығыстың әсем табиғатын тамашалауға мүмкіндік алатындарына сенімді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменге келген сапарында еліміздегі бірегей роботталған хирургия орталығында болып, Шығыстың медициналық инновацияларды енгізуге қосқан қомақты үлесін жоғары бағалаған еді.
Роботталған хирургияның қызметі әлемде 2000 жылдары қолданыла басталды. 2005 жылы хирург М.Шоранов АҚШ-қа барған сапарында «ақылды» техниканың жұмысын алғаш рет бақылап, бұл хирургияның болашағы екенін түсінген болатын.
-Біз 2018 жыл жалпы Қазақстан хирургиясы үшін, оның ішінде, Шығыс Қазақстан үшін серпінді болғанына қуаныштымыз, – дейді М.Шоранов. – Бұл жаңашылдық облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен жүзеге асты. Шығыс Қазақстанның денсаулық сақтау саласының мақсаты жаңашылдықты қуып жетуден, одан асып кетуге көшу болып отыр.
Бүгінгі таңда роботталған хирургия орталығының базасында 70 дәрігер мен интерн білімдерін жетілдірді. Қазір шетелдік әріптестермен бірлесіп ғылыми мақалалар әзірленуде.
Өткен жылы өңірде трансплантология саласында жаңа жоба басталды – бүйрек алмастырудың екі операциясы сәтті аяқталды. Алдағы уақытта ТМД елдерінде теңдесі жоқ гематология орталығын ашу көзделіп отыр. Осындай жобалар өңірде баршылық. Басты мақсат – облыс тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету, медициналық туризмді дамыту болып табылады.
-Осыдан біраз бұрын Астанадағы Президент іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының жанында қазақстандық халықаралық референтті және роботталған хирургияны оқыту орталығы ашылған болатын. Біз бұған қуаныштымыз, екі орталық арасында ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға дайынбыз, – деді Марат Шоранов.
Шығысқазақстандық инновация Нью-Йорктегі Ленок-Хилл ауруханасы урология бөлімшесінің басшысы, конференция хэдлайнерлерінің бірі Дэвид Самадидың баяндамасының тақырыбымен сәйкес келді. Америкалық доктор роботталған технологиялардың көмегімен хирургтер қашықтықтан ота жасай алатындарын айтты. Өзі Нью-Йорк – Париж аралығында қашықтықтан ота жасағанын айтып берді.

Әзірлеген – Айна Ескенқызы.

Осы айдарда

Back to top button