Тарих

Бәйжігіт руы қандай дінде болған?

         Бәйжігіт руы қандай дінде болған?

Найман шежіресін зерттеуші Зейнолла Қайсенов бәйжігіт руы ісләм дініне 1865 жылы ғана кірген
дейді. Сонда бәйжігіттер оған дейін қандай дінді ұстанды екен? Ешқашан ойға келмеген сұрақ. Келуге де тиісті емес сияқты болатын. Иісі қазақ бірталай заманнан бері өзін мұсылман санап келе жатса керек. Ісләмнің бес парызын ұстансын, ұстанбасын, жүрегінің түбінде бәрібір өзін мұсылманмын деп есептеген. Ал енді бәйжігіт руына келетін болсақ, ол да солай. Өзге қазақтан өзгешелігі жоқ. Болатын жөні де жоқ. Осы елдің бір бұтағы. Тілі бір. Діні бір. Салты, дәстүрінде айырмашылық жоқ. Кешеден бері ғана емес. Ежелден. Бірге туып, біте қайнасқан. Осылай ойлаушы едік. Одан арғысына көңіл қойып, көз жібермеппіз. Сөйтіп жүргенде бұған күмән келтірген пікір көзге түсті. Күмән деген не! Нық сеніммен: бәйжігіттер 19-ғасырда, осыдан 150 жыл бұрын ғана дінге кірген, деп тұр. Және көлденең көк аттының сөзі емес. Мұны зерттеуші, тарихшы айтып отыр. Мәселе түсінікті болу үшін әңгіменің ауқымын кеңірек алайық.

Дүнген (бәйжігіт) көтерілісі

19-ғасырдың 60-шы жылдары Тарбағатай тауының арғы бетінде дүнгендер көтеріліс жасапты. Бұл тарихта «дүнген соғысы» деген атпен белгілі болған, дейді өмірден ерте кеткен ініміз, өлке тарихын зерттеуші Ғалым Байбатыров. Көтеріліске себеп болған – езілген ұлттардың Қытайдың Цин империясының басқыншылық әрекетіне қарсы ашу-ызасы. «Осы дүрбелеңде шығыс өңірге баса көктеп кірген Цин империясының қосындарымен Қоңыз батыр бастаған қазақ сарбаздары жан аямай қарсыласады, – деп жазады автор. – Соғыс шиеленісе келе, қазақтар мен дүнгендер бел алып, отаршылар әскерін кейін қарай қуып тастайды. Сол соғыста сайболат Қоңыз батыр жеке батырлық қайратымен де, қолбасылық парасатымен де халық қаҺарманына айналады. Жаугершілік аяқталған соң, Қытай үкіметінің қудалауынан қауіптеніп, Ресей ықпалындағы өзінің туған жері, Барқытбел баурайында ғұмыр кешеді» (Сайболат – бәйжігіт руының бір бұтағы).
Енді бір қаламгер Зейнолла Сәнік бұл соғысты «бәйжігіт көтерілісі» деп атапты. Көтеріліске себеп болған – Манчың патшасының (Қытайдың Цин империясы дегеннің баламасы) озбырлығы. Оны ұйымдастырған – Қаракерей Қабанбай батырдың үшінші ұрпағы Әділбек батыр мен Әділбектің ұлы Сүлеймен. Олар Қытайдың Тарбағатай аймағына билік жүргізіп отырған манчың ұлықтарын /енді бір жерде қытайлар мен қалмақтарды делініпті/ сонау Үрімшінің іргесіндегі Құтыби-Манас өңіріне дейін өкшелей қуып, сол жерде хандық құрады. Бұл кезде Қабанбай әулетінен мәмбет Отыншы би хан тағына отырған. Ал Әділбек пен Қоңыз батыр бас сардар міндетін атқарған.
Біз сілтеме жасаған екі автордың екеуі де бұл соғысқа діни сипат бермейді. Олардың пікірінше, бұл кезде екі үлкен империяның бұл аймақтан өтетін шекарасы әлі бекімеген. Осы өңірді мекен еткен қазақтар мен дүнгендерге қытайдың озбыр отарлау саясатынан және оған арқа сүйеген өздерімен іргелес қалмақ, торғауыт, сібе, ұрынхайлардың арандату әрекеттерінен өз күштерімен қорғануына тура келген.

Арқада қыс жайлы болса…

Бұл оқиға орыс тарихшысы Н.Аристовтың қаламына да ілініпті. Лепсі округтік әскер басшысының 1865 жылғы 30 қарашадағы рапортын негізге ала отырып, ол былай дейді: «… род мамбет, находившийся в китайском подданстве, во время восстания дунган в Чугучаке принял сторону мусульман». Айта кетейік, мұнда да соғыстың діни сипаты туралы сөз жоқ. Жалғыз-ақ, оның бір жағында мұсылмандар, мәмбет пен дүнген, екінші жағында басқа діндегі қытайлар мен қалмақтар тұрғанын айтыпты (Мәмбет те бәйжігіт табынан).
Н.Аристовтың осы бір ауыз сөзін негізге ала отырып, Зейнолла Қайсенов түйеден түскендей, жаңсақ пікір айтады. Сөзбе-сөз келтірейік: «Міне, құрметті қауым, 1865 жылы бәйжігіттер дүнген көтерілісі кезінде дінге кірген. Сонда қайдағы Тоқтарқожаны дәріптейміз?» /Зейнолла Қайсенов. «Найман шежірелер мен руларының тарихы. Өскемен. 2014. 308- бет». Екі-ақ ауыз сөз. Бірақ салмағы соншама ауыр!
Н.Аристов бәйжігіттен тарайтын мәмбеттер мұсылман дінін қабылдады деген жоқ. «Принял сторону мусульман» деген сөз ондай мағына бермейді. Мұсылмандарға жақтасты. Солар жаққа шықты деген сөз. Зейнолла Қайсенов мұны жаңсақ ұққаны көрініп тұр. Өте мол тарихи материалдармен жұмыс істеген кезде ондай-ондай жаңсақ кететін жағдайлар болмай тұрмайды. Ол үшін жазғырудан аулақпыз. Біздің қолға қалам алуымызға себепші болған басқа жағдай. Сонда тәжірибелі зерттеуші Зәкең 1865 жылға дейін бәйжігіт руы қандай дінде болуы мүмкін деп ойлады екен? Қытайлар ұстанған буддизм, даосизм, конфуциан діндерінің бірінде ме? Әлде қалмақтардың ламаизм дінінде ме? Тіпті, әлі Күшлік хан тұсындағы наймандар ұстанған христиан дінінде жүрген болмасын! Крест таққанына, пұтқа табынғанына дәлел бар ма екен? Осыларды пысықтап алмай тұрып, бір ел, немесе бір рудың бір діннен екінші бір дінге өтуі туралы кесіп-пішіп қалайша пікір айтуға болады? Мұның анық-қанығына көз жеткізу үшін бұл жөнінде тарих деректеріне, қазақтың шежіре сөздері, аңыз-әңгімелері, ауыз әдебиетінің нұсқаларына көз салмағаны қалай? Жаңағыдай жауапты қорытындыға келу үшін осының бәрі таразыға тартылу керек еді ғой.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, орыс пен батыс шығыс- танушыларының бізге қатысты әр сөзін әділеттің ақ туындай желбіретіп көтере берудің жөні жоқ екені әлдеқашан белгілі болған. Н.Аристов туралы да соны айтуға тура келеді. Бұған көз жеткізу үшін жоғарыда келтірілген цитатаны әрі қарай жалғастырайық: «род мамбет … принял сторону мусульман и за что 23 октября 1865 года на ур. Маканчи подвергся полному разграблению со стороны китайских калмаков, он нашел спасение в русском подданстве…». Аристов мәмбеттерді ол жақта қалмақтар ғана тонап қоймай, ішкі Қытайдан 200 мың әскер шығып, көтерілісшілерге қатер төнгені туралы ауыз ашпайды. Өйткені, бері қарай, орыстың қол астына келгендердің қалай «жан сауғалағаны» («нашли спасение») белгілі. Ілгеріде айтылған Отыншы би жалған жаламен орыстың түрмесіне қамалып, оны туған бөлесі арғын Алшынбай іздеп келетіні туралы дерек бар. Жыл өткеннен кейін мұнда келгендердің жарым-жартысы, ол жақта қандай нәубет күтіп тұрғанына қарамай, қайтадан арғы бетке өтіп кеткен. Мұны да орыс ғалымының өзі айтып отыр. Бірақ себебін ашпапты. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар».

Жүрегінің құбыласы

18-19 ғасырлардың арасындағы жалпы қазақтың дініне келетін болсақ, ол жөнінде Ресей үкіметі мен сенатына бұл туралы деректер үзбей түсіп жатыпты. Олардың ұзын-ырғасы: қазақтар өздерін «магометанбыз» деп есептейді. Әйткенмен, дінге аса құлықты емес. Мешіттері жоқ. Дін амалдарын тиянақты орындайтындар сирек. Осыны ойлап, қазақты дін арқылы тізгіндеуді де қарастырған. Генерал-губернатор Гасфорт бұл «діні жоқ халыққа» иудей, христиан діндерінің арасынан жаңа дін жасап бермекші де болыпты. Шіркеу қасындағы «приход» мектептері арқылы қазақ балаларын өз діндеріне тартуға кіріскен. Алдап-сулап кедей-кепшік, жоқ-жітікті өз дініне кіргізбек болған. Қазақтардың мұндай әрекеттерге қарсылығы өз алдына, олар өзге дінге өткендерге өте қатаң шаралар қолдануға дейін барған. Бұдан қазақ халқы ұлттың діни біртұтастығына бейтарап қарап отырмағаны айдан анық көрініп тұрған жоқ па? Осыны өз қандастарынан қатты талап еткен. Ендеше, мұндай жағдайда бәйжігіттер ауа жайылып, қалайша әлдеқандай басқа бір дінде жүруі мүмкін?
Бұл мәселеге сәуле түсіретін басқадай тарихи дерек көзге түспеді. Сол себептен ерте кезден келіп жеткен ескі сөзге жүгінеміз. Соңғы екі-үш ғасырдан бергі бәйжігіт руына қатысты осындай сөздердің дені Қаракерей Қабанбай батыр айналасында ой тербейді. Соларға құлақ түрейік.
Он жеті жасар Ерасыл: «Аман-есен жетсем деп, Бір Алладан тіледі». «Сайысуға шамам жоқ, Алладан өзге панам жоқ». «Жасаған Алла жар болса, Ұшырайын үрейін». «Иманын айтып үйіріп, Сыйынды ғайып піріне». Қабанбай батырдың ағасы Күшік батырдың батасы: «Жарылқасын Аллаң, Жолдарың болсын барған. Ата-баба аруағы Сендерге берсін жәрдем». Сонда: «Ақ жол тілеп Алладан, Жайылсын, жұртым, қолдарың». Жекпе-жек алдында Қабанбайдың сөзі: «Жаратқан Аллам жар болсын». «Ісі дұрыс, жолы хақ, Жәрдемі болды Алланың». Қабанбай батырдың: «Қабылдап Алла тілегін, Буынын әбден қатайтты». Бөгенбайдың інісі Сарыбайға: «Қабанбай қолын жайып бата берді, Сарыбай «омин!» деп түрекелді». Шорға соғысы: «Қасай, Тама, Дәулетбай, батыр Шөрек, Жиылып ақ батамен қылған тілек». Бұқар жырау Қабанбайға: «Әулиенің арты едің!».
Әртүрлі хисса-дастандардан келтірілген үзінділердің әр сөзінде Аллаға деген ақ тілек, нық сенімнің інжу-маржаны тұнып тұрған жоқ па? Осында Қабанбай батырды, оның тал бесігі – бәйжігіт руын өзге діннің аясына жетелейтін бірде-бір белгі бар ма? Рас, батырға түсінде Қызыр баба аян беріп, жеңістің жолын көрсетеді. Желсіз күні ақ туы «дүркіреп», жау келе жатқанын білдіреді. Батыр қиын-қыстау кездерде Жаратушы Жалғыз Алламен бірге, ата-баба аруағына да жалбарынуды ұмытпайды. Мұның бәрі ісләм дініне қайшы болғанмен, бұл дінге дейінгі наным-сенімнің сарқыншағы ретінде бүкіл қазаққа ортақ түсініктің шеңберіне сыйып тұр.
Бәйжігіттер арасында Қабанбай батыр өлгенде, сүйегін ғайыптан пайда болған ақбас атан Меккеге алып кетіпті деген аңыз жүретін. «Хисса Ер Қабанбай» жырында бұл жөнінде батырдың өз аузынан былай делінеді: Мен өлген соң, қырғыздар сүйегімді ұрламақ. Сондықтан мен өлген соң, Күзетіп үш күн тұр қарап. Үш күннен соң Меккеден сүйегімді алуға Ақбас атан жетпек күн…». Осыдан-ақ үш жүзге ұран болған Қаракерей Қабанбай батыр жүрегінің құбыласы көрініп тұрған жоқ па? Сөз арасында айта кетейік: үзінді келтірілген хисса-дастандар бізге 18-ғасырдағы сонау Қабанбай заманынан, не соның ізін ала өткен уақыттан жеткен деп топшылауға негіз бар. Мысалы, мұрын Кәрібай ақын Шорға соғысы туралы жырдың сол соғыстың куәгерлері Алшынбай ақын мен Бұқар жырау шығарған екі нұсқасын жырлапты деген дерек бар.
Кейінгіге Құрбан қажы деген атпен мәлім болған Қоңыз батырға қайта оралсақ, ол кісі атасына ас бермей, Көктерек, Шәуешек, Жайсаң /Зайсан/, Бақты, тағы басқа шаҺар мешіттеріне бір-бір аттан беріп дұға оқытыпты, дейді. Мұны Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамсасына» сілтеме жасай отырып зайсандық авторлар Бекен Жапаров пен Ғалым Байбатыров жазады.
Сол тұста дінді бұрмалап, өзге діндердегі салт-дәстүрді тықпалау етек алса керек. Ақысы келіспесе, жаназа оқымай, дәлел, қабір садақа, көрталқы, хатым ақысы, өткен адамның үші, жетісі, қырқы, жүз күні, жылы, аруақ бейсенбі, жұма күндері құран дәметеді, деп ақылы жора-жосын бастан асып кетіпті. Мұның кейбірінің «құны» бес жамбы, бір жылқыға дейін жеткен, дейді. Зайсан мешітінің имамы Әбдірахман қажы бұған қатаң тиым салған. «Шырағың мәңгі сөнбейді» атты кітапта бұл жөнінде Н.Дәріқұлов пен Қ.Алтыбаев жазады.
Құрбан қажының атасына ас орнына мешіттерге садақа таратуын да осымен сабақтас амал болар деп топшылауға келетін сияқты. Аңқау елді алдап адастырып жүрген бірнеше ишан-молланы қажының (Қоңыз батырдың) өзі де дүрелеп, олардың елден жиып алған мал-пұлын өз иелеріне қайтартқаны жөнінде дерек бар. Кейін ұлы Қыдырмоллаға мешіт те салдыртқан, мектеп те аштыртқан, шеткері аймақта дін мен білімге қатар өріс ашқан адам.
Қысқасы, бәйжігіттер де өзге қазақтар сияқты дүниеге келген ұл-қызына азан шақырып ат қойған. Алла атымен іс қылған. Дүниеден өткенін Алланың атымен аттандырған. Қайталап айтамыз: кешелі-бүгін ғана емес. Ежелден. Бүкіл қазақтан оларды бөліп алып шетқақпай қылудың жөні жоқ.

Шәкерхан Әзмұханбетов

Осы айдарда

Back to top button