Бюджетке өзгерістер енгізілді
Бюджет кірістерінің ұлғаюы алдағы екі жылда Тарбағатай ауданындағы төрт жобаны толық аяқтауға мүмкіндік бермек. Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVIII сессиясында белгілі болды. Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов қатысты.
Облыстық мәслихаттың 2021 жылғы 14 желтоқсандағы «2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер туралы баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Фархад Бельбеев бюджет кірістерінің ұлғаюы және облыстық бюджеттік бағдарламалардың қайта қарастырылуы бірқатар салалардағы жобаларды одан әрі жалғастыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Осының арқасында 700 млн. теңгеден астам қаражат өңірдегі спорт секцияларының санын көбейтуге, 470 млн. теңге шығармашылық үйірмелерді жан басына шаққандағы қаржыландыруды жүргізуге бағытталмақ. Сонымен қатар аталмыш ұлғайтулар аясында Өскемен қаласындағы әлеуметтік маңызы бар автобус бағыттарын субсидиялауға 500 млн. теңге бөлінеді. Бюджет шығыстарын қайта есептеу нәтижесінде Тарбағатай ауданында бірден төрт жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтсақ, аталмыш аудан аумағында бір ауылдық Мәдениет үйі ағымдағы жөндеуден өткізіліп, Құйған ауылының кіреберіс жолындағы қайта жөндеу жұмыстары соңына жеткізілмек. Сондай-ақ аудан орталығындағы өнер мектебі ағымдағы жөндеуден өткізіліп, орталық ауруханаға орталықтандырылған оттегі беруді қамтамасыз ететін оттегі генераторы сатып алынбақ.
Бюджет шығыстарына енгізілетін өзгерістерді бірауыздан қолдаған депутаттар кезектен тыс сессия барысында бұдан бөлек тағы бірнеше мәселені қарастырды. Атап айтсақ, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан ұсынылған бір жоба қолдау тапса, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өңірдегі үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары мен жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың қағидаларын бекіту жайлы жобасы мақұлданды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік наградаларға ұсынылатын тұлғалардың құжаттарын қарау жөніндегі комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізіліп, облыстың әкімшілік бөлінуіне байланысты әкімдердің халықпен кездесулерінің үстіміздегі жылға арналған кестесі келісілді.
Азамат Темірбеков