Жолдау жол нұсқайды

Бюджет қаржысының қайтарымы болуы тиіс

Берекеге толы алтын күздің алғашқы айының бірінші жұлдызында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауын жария етті. Ал бұл тарихи маңызы зор құжаттың мазмұнына бүкіл ел көлеміндегі жаңалыққа жаны құмар, көзі ашық, санасы сергек жандардың ықыласпен құлақ түргені күмәнсіз деп білемін.

Солардың бірі өзім болғандықтан, Мемлекет басшысының әр сөзін қалт жібермей тыңдағандықтан, бұл Жолдауға пікір білдіруге құқым бар деген ойға бекідім.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қайталап айтатындай, «бұл – құр сөз, жалған уәде емес, нақты жүзеге асырылып, халық игілігіне қызмет ететін жайлар» деп білгендіктен, осы Жолдауда айтылған әрбір сөйлемді жіті құлақ қоя тыңдап, оның мән-мазмұнына ой жүгірте отырып, шынайы ризашылық сезіміне бөлендім. Мұның барлығы, шын мәнінде, біздің, біздің ұрпағымыздың келешегі үшін жоспарланып, іске асырылып жатқан жобалар ғой. Өзім қаржы саласының маманы болғандықтан Президенттің қаржы мәселесіне бөле-жара тоқталғанына риза болдым.

«Бюджет қаржысының міндетті түрде қайтарымы болуға тиіс, –  деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы. – Ендігі жерде бұрынғыдай мемлекет қаржысын оңды-солды шашуға жол берілмейді. Әрбір теңгені мұқият есептеп, қаржыны орынсыз жұмсауға тосқауыл қоюға тиіспіз».

Осылай дей келе, Президент халыққа аса қажетті салаларды дамыту үшін қаржының қажетінше, жеткілікті түрде бөлінетінін де баса айтып өтті. Президент өз Жолдауында кез келген мемлекеттің дамуы үшін шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы аса зор екенін атап көрсетіп, алдағы уақытта елімізде осы салалардың өркендеуіне кең жол ашылатынын  құлаққағыс етті. Сонымен бірге, әзірленіп жатқан жаңа Салық кодексі, заң үстемдігін орнату мәселесі, бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдап отыру мәселелері, монополиялық тарифтердің қатаң бақылауға алынатыны, жер мәселесі, денсаулық сақтау, білім беру салаларында қолға алынуға тиіс реформалар жайлы айтқан сөздері тыңдаған жұртқа қатты әсер етті деп батыл айта аламын. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Ұлттық мүддені басты мақсат етіп алуымыз қажет», «Адам әлеуеті – ең маңызды бағыт» деген бағамдары, «Жастар мәселесі – келешектегі басты бағыттардың бірегейі, алдағы жылы 100 000 жасты жұмыспен қамтып, болашақтарына жол ашуға тиіспіз», – деген нақты жобалары көптің көңілінен шығып, халықтың келешекке деген сенімін нығайта түскені шындық.

Президенттің «алдағы уақытта құзырлы органдарға еліміздегі жолдардың 95 пайызын жақсартуды міндеттеп отырмын» деген сөзін оның осынау маңызды бағытқа шындап ден қойып отырғанының айқын айғағы деп ұғындық. Қасым-Жомарт Кемелұлының «Қазақстан – Еуропа мен Азияның арасындағы ең маңызды құрлық дәлізі болып отыр, біз осы басымдықты тиісінше кеңінен пайдалануымыз керек», – дегені де оның келешекті алыстан болжай білетін салиқалы да сарабдал саясаткер екендігінен хабар беріп тұрғандай. Ал оның «құқық қорғау органдарына толықтай реформа жасалуға тиіс, сот заңнан басқа ешкімге бағынбайды, біздің судьяларымыз күштік құрылымдарға тәуелді болмауы керек» деген пайымдары да жұрттың көңіліндегі көрікті ойды дөп басқаны рас.

Осылайша, халқымыздың тыныс-тіршілігі үшін басты бағыт болып табылатын Президент Жолдауы жалпақ жұртқа жария етілді. Енді оған бір кісідей қолдау жасап, бірлесе жүзеге асыру – біздің ортақ міндетіміз.

Гүлнара Мұқанова,

Күршім аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы

 

Осы айдарда

Back to top button