Денсаулық сақтау

Бүйрегін алмастырған пациент ауруханадан шықты

Бүйрегін алмастырған пациент ауруханадан шықты
Кеше Өскемен қаласындағы №1 қалалық ауруханада орган алмастыру операциясын жасатқан алғашқы пациент оңалып, журналистермен жүздесті.
Естеріңізде болса, маусым айының соңында Өскеменде тұңғыш рет бүйрек алмастыру отасы екі пациентке жасалған болатын. Бүгінде олардың біреуі қалыпты өмірге оралып, ауруханадан шықты.
Жалпы, адамның қандай да бір мүшесін алмастыру отасы өте күрделі. Күрделі болса да мұндай отаны қолға алатын кездің жеткені туралы сөз 2017 жылы Өскемен қаласындағы осы ауруханада роботтық хирургия және трансплантация орталығы ашылғанда-ақ қозғалған. Сол кезде облыстық денсаулық сақтау саласының басшылары орган алмастыру отасы 2018 жылы жасалады деген-ді. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген жаңа блок, жансақтау бөлімі іске қосылып, орган алмастыру отасын жасайтын хирургтер Астанада біліктіліктерін жетілдіріп, дайындықтан да өтіп келген болатын.
Енді, міне, сол орган алмастыру оталары да жасалды. Бүйрек алмастыру бойынша ота жасауға трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының басшысы, белгілі хирург, профессор Жақсылық Досқалиев арнайы келген болатын. Төрт сағатқа созылған алғашқы отадан кейін Жақсылық Досқалиев журналистерге сұхбат беріп, шығысқазақстандық әріптестерін айтулы оқиғамен құттықтап, «өңірдің медицина саласында бірден он сатыға ілгерілеу орын алды» деп мәлімдеген-ді. Белгілі хирург бұл ең алдымен облыс басшысы Даниял Ахметовтің қолдауының арқасы екенін атап көрсетті.
Сол кезде кейбіреулердің «қуануға әлі ерте, ең алдымен пациенттер аяққа тұра ма, тұрмай ма, соны байқайық» деп сынай қарағаны да шындық. Осы аптада бүйрегін алмастыру отасын жасатқан пациенттердің бірі ауруханадан үйіне шығарылды.
– Құдайға тәубе, жағдайым күн санап жақсарып келеді. Бұрын қан қысымым 220-ға дейін көтеріліп әзер жүретін едім, қазір ол 140-қа түсті. Біртіндеп денсаулығым қалпына келіп жатыр, – дейді Анар Аубакирова.
Анар – Күршім ауылының тұрғыны. Бүйрегі 2015 жылдан бері мазалай бастапты. Алғашында ол өзінің бүйрегі ауыратынын мүлдем білмеген. Басы айналып, жүрегі айнып, жиі құсқанына қарап, асқазаным ауырады ғой деп болжайды. Бірақ тексеріс нәтижесінде асқазаны емес, бүйрегі сыр берген болып шығады. Ауру деген оңай ма? Бірге туған апайының күн санап азап тартып, сөніп, семіп бара жатқанын көрген екі сіңлісі де оған өз бүйректерін беруге бірден келіседі. Бірақ кіші сіңлісінің гемоглобині төмен болады да, оның бүйрегі донор болуға жарамайтын болып шығады. Сөйтіп, дәрігерлер Анарға 48 жастағы Әлия есімді сіңлісінің бүйрегін салуды ұйғарады.
Бүйрегін алмастырған пациент ауруханадан шықты
– Әлияның жағдайы да жақсы. Бірақ ол да үш ай бойы жақсылап күтінуі керек. Ауыр зат көтермеуі қажет, – дейді Анар Қайырғазықызы. Анар былтырғы жылдың қазан айына дейін Күршім аудандық ауруханасында экономист болып еңбек етіпті. Егер барлығы жақсы болып, дәрігерлер рұқсат берсе, ол жұмысқа шығатынын айтады. Анар – екі баланың анасы. Үлкен ұлы 25 жаста болса, кіші ұлы 18-де екен.
– Бір айдан кейін елу жасқа толамын. Бұл менің туған күніме үлкен сый болды, – дейді Анар жымиып.
Анарды көп сөйлетіп, шаршатуға болмайды, өйткені оның ағзасы әлі де әлсіз. Кез келген инфекцияны жұқтырып алуы мүмкін. Журналистермен сөйлескенде де ол аузы-мұрнын тұмшалап, маска киіп отырды. Мұны бізге №1 қалалық аурухананың операция бөлімінің меңгерушісі Сергей Белых та ескертті. Оның айтуынша, мұндай ота Өскеменде ғана емес, бүкіл облыста алғаш рет жасалып отырған көрінеді. Бүйрек алмастыру отасы өте қымбат тұрады. Облыс бойынша мұндай отаға 180 адам мұқтаж. Ал Анарға бұл ота тегін жасалды. Биылғы күзде өскемендік дәрігерлер тағы да орган алмастыру отасын жасауды жоспарлап отыр. Егерде бәрі сәтті өтсе, келесі жылдан бастап өскемендік дәрігерлер орган алмастыру отасын астаналық әріптестерінің көмегінсіз жасай беретін болады.
Сөйтіп, алғашқы орган алмастыру оталары сәтті өтті. Десе де екінші пациент әлі ауруханадан шыға қойған жоқ, дәрігерлердің бақылауында. Бұл отада өскемендік 56 жастағы ана өзінің 32 жастағы ұлына сол бүйрегін берген болатын.
Мамандардың айтуынша, отадан кейін науқас өмір бойы арнайы препараттарды ішіп жүруі тиіс. Қазақстанда препараттардың түпнұсқасы сатылып алынады. Барлық операция мен оңалту, дәрімен қамтамасыз ету қазақстандықтар үшін тегін. Дәрігерлердің нұсқаулықтарын сақтаған пациенттерде ешқандай асқынулар болмау керек. Жалпы, бүгінгі таңда орган алмастыру оталарын Қазақстанның тоғыз медциналық орталығында жасауға болады. Аймақтар бойынша айтсақ, еліміздің төрт бұрышы толық қамтылған. Ал донор тапшылығы бүкіл әлемде байқалады. Шығыс өңірінде ғана 500-ден астам тұрғын донорлық ағзаға зәру. Көп жағдайда донор болуға келетіндер – науқастардың туыстары мен ата-аналары. Қазақстанда 2012 жылдан бері мәйіттің органдарын туыстарының келісімінсіз-ақ донорлыққа пайдалануға рұқсат бар екен. Дегенмен, біздің дәрігерлер келісім алғанды жөн санайды. Алайда мәйіттен алынған ағзалардың 30 пайызы ғана жарамды көрінеді.
– Орган алмастыру отасының сәтті өтуі бар да, отадан кейінгі ем қабылдау бар. Рас, ота өте сәтті өтті, енді қалғаны отадан кейінгі емге тікелей байланысты, – дейді Сергей Белых.

Айна Бәкімбаева,
Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button