Ауыл шаруашылығы

БЫЛТЫРДАН БЕРІ СЕГІЗ КООПЕРАТИВ ҚҰРЫЛДЫ

БЫЛТЫРДАН БЕРІ СЕГІЗ КООПЕРАТИВ ҚҰРЫЛДЫ
Қолданысқа енген «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заңның аясында катонқарағайлық шаруалар кәсібін бірлесіп дамытуға бет бұруда. Өткен жылдың қыркүйек айынан бері аудан бойынша сегіз өндірістік кооператив құрылды.
Олардың негізгі бағыты – ірі қара тұқымын асылдандыру, мал өнімдерін көбейту. Қожалық басшыларының айтуынша, қазір салаға бөлінген қаржының бәрі біріге әрекет еткендерге бағытталуда. Яғни, жұдырықтай жұмыла еңбек еткендердің дәурені жүрмек.
Бүгінгі сегіз кооперативтің алтауы өткен жылы құрылған. Ал биыл әзірше екі кооператив іске кірісті. Солардың бірі – «Катонқарағай шәрбаты» кооперативі. Бұл ұжым аудан омарташыларынан бал сатып алып, заманауи талапқа сай қаптамалармен саудаға шығаруға маманданған. Өткен жылы «АлтайАгроInvest 2016» халықаралық инвестициялық форумында қытайлық кәсіпкерлер жыл сайын 250 тонна Алтай балын сатып алу туралы меморандумға қол қойған болатын. Жыл соңында көрші елдің ветеринариялық қадағалаушы мамандары аудандағы омарталарда болып, технологиялық стандарттармен танысып қайтты. Көрші елмен бал экспорты жолға қойылған жағдайда «Катонқарағай шәрбаты» кооперативіне енген шаруалардың жұмысы одан әрі жанданады деген үміт бар.
Тіркелген сегіз кооперативке барлығы 40 шаруа қожалығы мен 27 қосалқы шаруашылық енген. Осылайша 2040 бас қой мен ірі қара, 2577 гектар жер, ондаған техника ортақ іске жұмылдырылған. Енді сол кооператив мүшелерінің алдында мемлекет ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, техникалық базасын жаңалау, сапалы тыңайтқыштарды пайдалану, мал тұқымын асылдандыру, жеңілдетілген несие алу, ірі көлемдегі келісімшарттарға қол жеткізу міндеті тұр. Ауданда кооперативке бірігу жөніндегі түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Тұрсынқан Базарбаев,
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button