Былтыр қымыз көп болды
Өткен жылы Катонқарағай ауданындағы Өрел ауылдық округінің жылқы өсіріп отырған бірқатар отбасылары қажырлы еңбек етіп, 46,5 тонна қымыз ашытып, тұтынушылардың сұранысына сай қызмет көрсетті.
Соның нәтижесінде қымыз өндірушілер жалпы жиыны 14 миллион теңге табыс тапты. Сондай-ақ былтыр округтегі нан пісіретін, ағаш өңдеп, құрылыс материалдарын, панты өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлер өз өнімдерін сауда орындарына шығарып, жалпы сомасы 55 миллион теңге мөлшерінде пайда қаратты.
Өткен жылы округте үш шаруа қожалығы құрылды. Жалпы жыл көлемінде жаңадан 72 жұмыс орны ашылып, 15 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Былтыр тоғыз адам жұмыссыздар есебіне тіркелген болса, соның жетеуі нақты жұмысқа орналастырылған.
Бұл округтің тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Биылғы бірінші қаңтардағы есеп бойынша жекеменшік иелері 1818 жылқы, 3000 ірі қара малын, 7750 қой-ешкі, бұған қоса 526 марал және 2370 құс өсіріп отыр.