Буферлік бұғаттан қашан құтыламыз?

Шығыс Қазақстан облысы келесі айда аусыл ауруына қарсы буферлік аймақтан шығарылуы мүмкін. Бұл дегеніміз араға төрт жыл салып, сатқымыз келген түлікті өңір аумағынан сыртқа еркін тасымалдауға жол ашылады деген сөз. 8-12 мамыр аралығында облысқа Халықаралық эпизоотикалық бюроның арнайы комиссиясы келіп, осы мәселеге қатысты нақты шешім шығармақ.
«Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады» деген сөздің аусылға да қатысы бар екен. Анығында, облыстағы аусыл ошақтары баяғыда-ақ түп-тамырымен жойылған. Бұған облыстық ветеринария басқармасы кепілдік беріп отыр. Алайда, оған өзгелерді сендіру оңай-оспақ шаруа болмай тұр. Мамыр айының басында облысқа бір апталық сапармен Халықаралық эпизоотикалық бюроның арнайы комиссиясы келетін болыпты. Аталған топ өңірдегі аусыл дертінің алдын алу шараларын тексеріп, аумақта бірде-бір ошақ қалмағанына көз жеткізуі керек.
Аусылдың алғашқы ошағы 2011 жылы белгілі болған. Онымен тоқтап қалмай, 2012-2013 жылдары тағы төрт ауданнан ошақтар бұрқ ете қалған. Салдарынан 6,1 мың бастан астам ірі қараның, 8,3 мың бас қойдың көзі жойылды. Осылайша, мал шаруашылығы екі миллиард теңгеден астам шығын шекті. Жұқпалы дерт үш жыл қатарынан тыйылмағандықтан, Халықаралық бюро мен министрлік өкілдері біздің аймақты буферлік аймақ ретінде бұғаттап тастаған. Малды аудандардың барлығы қолдағы түлігін сыртқа шығара алмай, талай жоба қаңтарылды да. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Асқар Жакупбаев соңғы төрт жылда буферлік аймақтың кесірінен ондаған миллиард жанама шығын келгенін айтады. Енді сол бұғатты бұзудың мүмкіндігі туып тұр. Маңызды тексеріс алдында селекторлық режимде бас қосқан сала мамандары облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусинге шараға дайындық барысын баяндады.
Бюроның сынағына дайынбыз ба?
Комиссия бүгін келгелі жатқанымен, аусылға қарсы жаппай иммунитет қалыптастыру шаралары соңғы 4-5 жылда өңір бойынша өте қарқынды жүрді. Аусыл ошақтарын саланың ақауы деп қабылдасақ, ең бірінші кезекте ақау себептерін анықтау қажет еді. Түрлі тексерістер мен талдаулар шынымен де кейбір аудандарда санитарлық-эпизоотикалық ережелердің өрескел бұзылғанын көрсетті. Вакциналарды арнайы тоңазытқышта сақтаудың орнына жертөледе ұстау, елді мекендерде құжатсыз мал тасымалы тіркелуі, сырғасыз түліктің босып жүруі, мал сою талаптарының сақталмауы, мал басын бірдейлендіру жүйесі мен статистикалық деректердің сәйкес келмеуі сияқты көптеген кемшіліктер анықталған болатын. Тіпті, кейбір аудандарда мал егуге берілген вакцинаны пайдаланбастан, қорымға ашық-шашық тастаған оқиғалар анықталыпты. Бұл қордалы мәселені шешу үшін 2015 жылы біздің өңірде ветеринария басқармасы қайта құрылды. Құрылған күннен бастап басқарма жоғарыда аталған олқылықтармен ымырасыз күрес жүргізіп келеді.

Тынымсыз әрі тыңғылықты жұмыс соңғы екі жылдың көлемінде өз нәтижесін берді де. 2015 жылы облысты буферлік аймақтан шығарудың кешенді бағдарламасы қабылданып, жұмысын бастаған. Оның негізінде облыс аумағы шартты түрде бірнеше аумаққа бөлініп, мал ұстаудың бірнеше деңгейлі режимі құрылды. Әсіресе шекаралық алыс-беріс белсенді жүретін аудандарда ереже барынша қатаңдандырылды. Құжатсыз жүрген малдың көзі бірден жойылып отырды.
Жергілікті ветеринарлық бекеттердің жауапкершілігі де күшейтілді. Аудандарға дәрі-дәрмекті арнайы көлік рефережаторлар тасымалдайды.
– Жыл бойында пайдаланылатын барлық дәрінің негізгі бөлігі облыс орталығында, дәрі жеткізуші компанияның арнайы базасында сақтаулы тұр. Ал өзге аудан, қалаларға арнайы рефережаторлар дәрі жеткізіп тұрады. Қажет болған жағдайда бір ауданға бірнеше мәрте қатынауға рұқсат беріліп отыр. Бұл өз кезегінде сапалы дәріні қолдануға мүмкіндік береді, – дейді Асқар Жакупбаев.
Буферлік аймақтан шығу мәселесі Қытаймен алыс-берісті нығайтудың тікелей жолын тапқан біздің өңір үшін тағдырлы мәселе десе де болады. Екі ел арасында төрт түлікке қатер төндіретін дерттермен бірлесіп күресу жөнінде де жемісті келісімдер орнаған. Мысалы, осы аусылдың алдын алу үшін бірыңғай бақылау аймағы құрылмақ. А.Жакупбаев дәл осындай аймақ шегірткемен қарсы күресте жақсы нәтиже беріп, зиянкестердің таралу ауқымы 2,5 млн. гектардан 65 мыңға азайғанын айтады. Белгіленген аумақта екі елдің мамандары алма-кезек тексеру жүргізуге мүмкіндік алып отыр. Бірыңғай бақылау аймағы болғандықтан, бірыңғай вакцина қолдану да көзделген.
Ағаттық болса, аудан әкімдері жауап береді
Өңірдегі екі кедендік бекетке қойылған санитарлық бақылау қызметінің сапасын арттыру да осы бағдарлама аясында жүзеге асты. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекция басшысы Қадес Шелекенов Бақты және Майқапшағай бекеттерінде сегіз бірдей инспектор отырғанын айтады. Осы сегіз инспекторға үлкен жауапкершілік артылып отыр. Қ.Шелекенов аталмыш мамандар өткен бір жылдың өзінде ауылшаруашылық өнімдеріне қатысты жеті заңбұзушылықты анықтап, 150 мың теңгеге жуық айыппұл белгілегенін атады.
Халықаралық эпизоотикалық бюро өкілдері белгіленген бес күндік тексеру кезінде барлық өңірді қамтуға тырысатыны белгілі. Сондықтан облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин осыған дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесін өз деңгейінде көрсете білу керектігін айтты.
– Аусыл ошақтары тіркелген Үржар, Күршім, Бородулиха, Тарбағатай аудандарына бюро өкілдері міндетті түрде баратыны белгілі. Өзге аудандар да қапы қалмауы керек. Қандай да бір аудан бұған дейін шалағай жұмыс істеп, бюро өкілдерінің алдында сенімді ақтамаса, аудан әкімі тікелей жауапты болады, – деді Дүйсенғазы Мусин.
Расымен де, бір ғана аудандағы шалағайлық үшін облыстағы барлық малды өңірлердің тағы да буферлік аймақта қалуына жол берілмеуі керек. Халықаралық эпизоотикалық бюро өкілдері ауылдағы ветеринардың құжатынан бастап, әр малдың паспортын, дәрі-дәрмектің сақталу жағдайын, мал басын бірдейлендіру мен мал сою алаңдарының, мал қорымдарының талапқа сәйкестігін түгел ескеретін болады.
– Аудандардың дайындығын пысықтау үшін мамырдың бесіне дейін өз тарапымыздан барлық аудандарда күтпеген тексерулер жүргіземіз. Өйткені, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітуіне» жол жоқ, – дейді Асқар Жакупбаев.
«Дерматит» деген дерт шықты
Жиында Атырау облысында тіркелген нодулярлық дерматит атты аса қауіпті дерттің алдын алу қағидалары да сөз болды. 1929 жылы Африканың Замбия мемлекетінде тіркелген бұл індет өткен жылы біздің елге де кірген болатын. Қазір Атырау облысы да осы ауру ошағының салдарынан буферлік аймаққа бұғатталған. Өйткені, онда аталмыш дерттің 16 ошағы тіркеліп, 6090 бас ірі қара өлген болатын. Малдың ыстығын көтеріп, жемге деген тәбетін қашыратын, бара-бара көруден қалдырып, аштықтан өлтіретін бұл аурудың вакцинасы да удай қымбат көрінеді. Бұл індетті көбінесе құс пен кене таратады екен. Кейде сырттан жеткізілген құрама жеммен, сумен, тіпті ауамен де тарай береді.
– Індеттің негізгі таратушысы аққұтан деп есептеледі. Ал аққұтан біздің облыстың барлық аудандарында кең таралған. Сондықтан әр ауылдық округтің ветеринары сырттан келген малдың температурасын өлшеп, түпкілікті тексеруден өткізуі керек. Аусылдың буферлік аумағынан енді құтылдық па дегенде, тағы бір індеттің ошағын өршітіп алып жүрмейік, – деді А.Жакупбаев.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин буферлік аймақтан шығу салаға тартылатын инвестицияның да жолын ашатынын атады. Өйткені, мал өсіруге қаржы құйған кәсіпкерлер күні ертең өндірген өнімін сыртқа шығара алмайтын болса, қолға алған жобасынан бас тартуы мүмкін. Бұл өз кезегінде құрылған жұмыс орындарын қайта жабуға әкеліп соқтырады.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ