Ұлттық рухани жаңғыру

Бүгіннің шешендері кім?

Қазақ қай уақытта да тілге шешен, ойға көсем болған. Мәйекті ойдан мәнерлі сөз кестелеген. Сондықтан да өткен күннен өрнекті өлең, жалынды жыр, тілге тиек етер тіркесті сөздер қалды. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да өз деңгейінде жалғасын тауып келеді. 

Қара сөзді қару еткен жастар жуықта Зайсан ауданында өткен «Шешендік шебері» атты облыстық байқауда бақтары мен баптарын сынады. Өрісі бір өңірдің өнері ортақ болғандықтан Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысының жастары сайысқа қатар қатысты. Байқаудың белгіленген шарты бойынша сайысқа 18-35 жас аралығында жастар қатысып, өнерлерін ортаға салды. Жастарды бұрынғыдай жауға немесе дауға салмады. Өйткені бүгінгінің шешенін анықтаудың шарты оңай. Бар болғаны төрт кезеңнен сүрінбей өтсе болғаны. Қазылардың қолына ілінген баға кімнің шешен екенін шешіп бермек. Осылайша, бүгінгінің шешендері «Сәлем – сөздің атасы», «Ұлылар сөзі», «Көрініс көрсету», «Ұшқыр ой» қатарлы төрт кезең бойынша сайысқа түсті. Төрт кезеңнен тұратын сайысқа алты үміткер қатысты. Іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған облыстық мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы шешендер сайысын Қазыбек бидің 355 жылдығына орайластырған.

– Аталған байқау Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Шешендік өнерді меңгерген жастарды қолдап, құштарлығын ояту бабалар салып өткен соқпақтан-ақ байқалған. Осындай іс-шаралардың жастарымыздың сөйлеу шеберліктерін жетілдіріп, жедел шешім қабылдауына бейімдейтіні сөзсіз. Жалпы, сайысқа түскен жастарымызда шешендікпен қатар білім мен тапқырлықтың болуы да маңызды, – деді байқаудың салтанатты ашылуында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова.

Сайыстың талабына сай сөз шеберлері бірінші кезеңде өздерін таныстырса, екінші кезеңде сайыс ұяшықтарын таңдау арқылы ақын, жазушы, жырау, би-шешендерге арнау айтты. Ал осыдан кейін тарихи тұлғалардың образын сомдап, бабалар заманынан көрініс көрсетті. Шешендік сайыстың шыңы іспетті ең соңғы «Ұшқыр ой» кезеңінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өмір жолы мен туындыларына байланысты түрлі сауалдарға мүдірмей жауап бергендер жеңіске жетті. Осылайша, білімі мен білігін, қарымы мен қауқарын сынға салған жастар шама-шарқына сай өз шеберліктерін танытты. Байқау қорытындысы бойынша алты үміткерден алға озып, бас жүлдені көкпектілік Фархат Маратұлы жеңіп алды. Бәйгелі бірінші орын зайсандық Боранбай Төлепбергенге бұйырса, екінші орынды күршімдік Елдес Нұрданұлы еншіледі. Үміткерлердің арасынан үздіктер қатарынан көрінген зайсандық Олжас Шарибаев үшінші орынды иеленеді.

Ел мен жер дауын шешпесе де, замана талабына, байқау шартына сай өнер көрсетіп озып шыққан шешендер бағалы сыйлықтармен және дипломмен марапатталды. Ат бәйгеде, балуан күресте, шешен топты ортадағы дауда ысылатыны ықылым заманнан белгілі. Сондықтан да мұндай сайыстардың болып тұрғаны ана тіліміздің бағасын арттырары анық.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button