«Дидардың» қонағы

Әбубәкір Қайран, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты: – Адам табиғатына жақын қасқырдан емес, адамның қасқырлығынан қорқу керек

Әбубәкір Қайран, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:  -	Адам табиғатына жақын қасқырдан емес, адамның қасқырлығынан қорқу керек


Елімізге танымал ақын, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының, халықаралық ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жүлдегері Әбубәкір Қайран асқаралы 60 жасқа толды. Жақында ақынның туған ауылы Ақсуатта «Басымды ием саған, Барқытбелім!» атты жыр кеші өтіп, кеш соңында ақынмен сұхбаттасудың сәті түскен.

Айтысқа да қатыстым

– Әбеке, әңгімені ақындарға қойылатын дәстүрлі сұрақтардың бірі – өлең жазуды қай кезден бастадыңыз? – деп өрбітсек…

– Әдеттегідей, мектеп жасынан бастадым. Қай сыныпта екені есімде жоқ, бізің үй аудан орталығы Ақсуаттан аса қашық емес, «Түйе баз» деген екі-үш үйлі шағын қыстақта тұрдық. Әкем Рахметолла түйеші болды. Аудан орталығындағы мектепке күнделікті атпен барып кеп оқыдық. Ол уақытта Ақсуаттың шеті қалың ши болатын. Сол шидің арасымен өтеміз ғой.

Бірде әлдебір себептермен сабаққа кешігіп қалдым. Есікті қағып, рұқсат сұрап кіргенім сол еді, мұғалім бірден бетіме жалт қарап, «Қайранып, қалдың ба шиге байланып?» дегені.

Әбубәкір Қайран, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:  -	Адам табиғатына жақын қасқырдан емес, адамның қасқырлығынан қорқу керек

Мен де табан астында: «Қалғам жоқ шиге байланып, қалдым ғой шайға айналып» дегенім. Осы оқиғадан соң, ақырын-ақырын өлең жаза бастадым. Өлеңдерім мен әңгімелерім аудандық газетке жариялана бастады. Мектеп қабырғасында жүргенде өлеңдерім республикалық «Қазақстан пионері», «Балдырған» газет-журналдарында басылды. Бұл балалық шақтың балғын жырлары болатын.

– Әдетте ақын-жазушылар мектеп жасында «Журналист болсам!» деп армандайды, сіз мұғалім болуды қалапсыз.

– Тоғызыншы сыныпта оқып жүргенде. .ҚазГУ-дің журналистика факультетіне түсуге бел буған едім. Бірде мектепке Алматыдан үлкен жазушы келді, аты-жөнін айтпайын. Әлгі ағамыз ҚазГУ-ге түсе алмай бес жыл жүріпті. Ақыры «Кәрі студент» атаныпты. Осыдан соң Семей педагогикалық институтының тіл әдебиет факультетін қаладым. Оған да бірден жолым болмады. Бір жыл ауылда жүргізуші болып, әйтеуір түстім. Осы таңдауыма өкінбедім, өйткені абайтанушы-ғалым Қайым Мұхаметханов, жазушы-ғалым Қуандық Мәшһүр-Жүсіп, Арап Еспенбетов сияқты білікті ғалымдардан тәлім алдым. Ол уақыттағы Семейдің әдеби ортасы да керемет болатын. «Семей таңы» газетінде сегіз жазушы болды. «Кіші Жазушылар одағы» деуші еді. Ақын Мерғали Ибраев, Ақылбек Манабаев, Төкен Ибрагимов, міне, осы орта мені үлкен әдебиетке әкелді.

– Жазба ақын болсаңыз да, бір жылдары ақындар айтысына қатысып және жүлделі орын алыпсыз деп естідік…

– Ол рас, институт бітірген соң, жұбайымыз екеуімізді жолдамамен Алматы облысының Күрті ауданына жіберді. Топар орта мектебінде мұғалім болып жүрген кезім еді, аудан басшылығы мені аттай қалап, ауданның атынан ақындар айтысына қатысуды сұрады. «Домбыра тарта алмаймын, құлағымды аю басып кеткен», деп қарсыласып бақтым. Көнетін басшылық жоқ, керек десең қарсыласымның кім болатынын да айтып үлгерді. Көрші ауданда тұратын ақын келіншек екен. Амал бар ма, көнуге тура келді. Қарсыласымды әбден зерттеп, айтарымды жазып, жаттап ап шықтым. Сөйтсем, ол да жазба ақын екен. Екеуіміз де жүлдегерлер қатарында болдық. Осы айтыста суырыпсалма, алапат ақын Есенқұл Жақыпбековті кездестірдім. Бірден тіл табыстық, айнымас дос болдық. Марқұм нағыз суырыпсалма, ғажап ақын еді ғой.

Әбубәкір Қайран, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:  -	Адам табиғатына жақын қасқырдан емес, адамның қасқырлығынан қорқу керек

Мұқағалиды пір тұтамын

– Сіз қай ақынды өзіңізге пір тұтасыз?

– Мен Мұқағалиды пір тұтамын және өмір бақи оны пір тұтып өтермін. Мектепте оқып жүргенде ауыл сыртына шығып түйе бағамын ғой. Сонда осы Мұқағалидың жырларын ердің қасында отырып оқитынмын. Оның өлеңдері мен поэмаларын жатқа білемін. Өкініштісі сол, мен Мұқағалиды көре алмадым. Мен оқуға түскен жылы пір тұтқан ұлы шайыр өмірден озды. Бірақ Мұқағали аруағы мені әлі күні қолдап келеді.

Әлі есімде, институтта оқып жүрген кезім, ол уақытта әр пәннен суденттердің республикалық ғылыми байқауы болып тұрады. Үздік студент болған соң, әдебиет саласынан осы байқауға қатысуға жолдама алдым. Байқау болардан бір күн бұрын Алматыға жиналдық. Жетекшімнен рұқсат сұрап, Кеңсайдағы Мұқағалидың басына гүл шоғын қойдым. Құран білмесем де, зират басында ұлы ақынға арналған өлеңімді оқып, көзіме жас алдым. Ертесінде таңертең төлқұжатымды зират басында ұмытып кеткенім есіме түсіп, дереу такси ұстап алып- ұшып Кеңсайға жетсем, төлқұжатым орнында екен. Оқу орнына келсем, байқау басталып кетіпті. Жетекшім беделді ғалым еді, әйтеуір аудиторияға кіргізді-ау. Қас қылғанда. мына қызықты қарамайсыз ба? Қаламсапты ұмытып кетіппін. Қазылардың біреуінен қаламсап алып іске кірістім. Абырой болғанда, жүлдегер атандым. Ішімнен «Мұқағалидың аруағы қолдады!» дедім.

– Әбе, Сіз халықаралық «Алаш» сыйлығын алған «Маңдайдағы жазулар» атты жыр жинағыңыздағы қасқыр туралы өлеңіңізді оқығанда, тіпті қасқыр болып ұлитын көрінесіз, сол рас па?

– Ол рас. Мен осы түз тағысы жайлы көп өлең жаздым. Ол – бір қасиетті аң. Адам баласына жайдан-жай тиіспейді. Меніңше, адам табиғатына жақын қасқырдан қорықпау керек, адамның қасқырынан қорқу керек. «Мен – қасқырмын тілерсегін қақпан кескен» деуім, адамдар талай рет тілерсегіме қақпан құрып қанатты ғой. Ал ұлығаным, ол көкбөріге бас игенім болар. Аңшы болмасам да, менің бір байқағаным, бұл түз тағысы – өте ақылды аң. Түйеге көп жоламайды. Жоғары да айттым ғой, әкем түйеші болды. Біздің түйелерді Қара бура қорғайтын. Сол жануар қасқырға бір ботасын да алдырмаған еді.

Әбубәкір Қайран, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:  -	Адам табиғатына жақын қасқырдан емес, адамның қасқырлығынан қорқу керек

Әлі есімде, Қара бура әкемнен басқаға көнбейтін. Бірде «Түйлерді айдап кел!» деп тапсырма берді. Барып ем, Қара бура қарадай ойқастап, алдымды кес-кестей берді. Әкем сияқты ақырып қоям. Бір сәтте Қара бура маған тап бергенде, жалма-жан қолымдағы шоқпармен бастан ұрдым. Көздің үстінен тиген болуы керек, қан бұрқ ете қалды. Содан Қара бура жынын шашып, ойқастап ап жөнелді. Көзі жарақаттаныпты, кейіннен бір көзі көрмей қалды. Осыдан соң «Қара бура» деген әңгімемді жаздым. Жалпы түйе – табиғатында түсі суық болғанмен, момын жануар. Менің де түсім суық болғанмен, жан дүнием бөлек. Бірақ жазықты алдыма келсе, бура мінез танытам.

– Біраз өлеңдеріңізге ән жазылыпты, жалпы сазгерлер өлеңдеріңізе тапырыс бер, ме?

– Шындығымды айтсам, өлеңдеріме ән жазайын деп келгендер некен-саяқ. Ал Тұрсынғазы Рахимовтың «Ән атасы – Әміресі» менің сөзіме жазылған болатын.

– Бүгін қандай ақындар жаныңызға жақын, поэзияға жаңа келген жастар көңіліңізден шыға ма?

Мен Бауыржан Жақып пен Тыныштықбекті ерекше қадір тұтам. Жас буынның жаңашыдары да, нашары да бар.

– Әбеке, бүгінгі кешіңізде инешаншар орын болмады. Жырсүйер қауымның сусап қалғанына қарағанда, ауылыңызға жиі келмейтін сияқтысыз?
– Оныңыз рас, соңғы жылдары сирек келемін. Оған әртүрлі себеп бар. Ақсуат пен Ақжар қандай көркейген, адам танымастай өзгерген. Таңғажайып Тарбағатай осы болар. Енді ақсақалдық жасқа аяқ бастық, жиі келетін шығармын.

Әңгімелескен – Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button