Тарих

«Бөрітастағанға» табиғи-тарихи ескерткіш мәртебесі беріледі

«Бөрітастағанға» табиғи-тарихи ескерткіш мәртебесі беріледі

Бұл күнде Тарбағатай ауданындағы жұмбағы әлі ашылмаған «Бөрітастаған» тауының құпиясы түрлі пікірлер туғызып отыр. Соған орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Табиғаттың тылсым құбылысына лайықты ғылыми баға беру мақсатында Тарбағатай ауданының әкімі Д.Оразбаевтың бастамасымен өткен респубикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты өңірдің табиғаты мен экологиялық жағдайына, жартастың атауына және оның құрылымына қатысты ғылыми ой-тұжырымдарды ортаға салып, «Бөрітастаған» жартасына табиғи-тарихи ескерткіш мәртебесін беру болатын. Ұлттық ғылым академиясы мен ғылыми институттардың ғалымдары мен Астана, Алматы, Қарағанды, Семей қалаларының жоғары оқу орындарының ғалымдары, жазушылар бас қосқан келелі кеңесте алдымен осыған дейін жартастың атауы «Бөрітостаған» болса, бұл атаудың негізгі түпнұсқасын белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, этнограф Ахмет Тоқтабай 1771 жылғы жазылған ғылыми деректердегі жер-су аттарына сүйене отырып, бұл атаудың «Бөрітастаған» екенін айтты.

Осыған дейін жартасты зерттеген ғалымдар арасында екі ұдай пікір болса, соның бірі метеорит деген жорамал болатын. Осы өңірдің тумасы Қ.Сәтпаев ҚазҰТУ доценті Ақбота Жеңісқызы жартастың тау жынысы екенін және оның далалық гранит шпат екенін толығымен дәлелденгенін атап көрсетті. Ғалымның айтуына қарағанда, еліміздің табиғи байлығы саналатын Бөрітастағанда аталған білім ордасы оқу-тәжірибе жұмыстарын әлі жалғастыра береді. Ғылыми конференцияда геология және минеролия институтының ғалымы В.Глагов тұшымды ой пікірлердің бірін ортаға салды. Оның айтуынша, Тарбағатай өңіріндегі минералға бай кен орындарының бірі – «Ақжайлауда» жоғарғы Еспе бойындағы минералдардың 130 түрі бар және аса пайдалы минералдардың кейбір түрлері әлемде мүлде жоқ. Ол сондай-ақ, осындағы көне дәуірдегі петроглиф тастардың қорғаусыз жатқанын, болашақта оны еліміздегі 20 ұлттық табиғи қорықтың қатарына енгізу керектігін, ал осы ендікте Бөрітастағанның да жатқанын тілге тиек етті. Бұл ретте аудан әкімшілігі аталған мәселеге атсалысатын болды. Ғалымдар бас қосқан келелі кеңестің негізгі түйіні Ә.Марғұлан атындағы ғылыми институттың докторанты О.Ерденнің зерттеулері болды. Археолог ғалымның болжамдары жартастың айналасындағы алдын ала зерттеулер бұл аумақты адамзаттың сонау тас дәуірінен игергенін, жартастың маңайында қола дәуірінің қоныстары мен қорымдары болғанын айтады. «Ежелгі суреттер, нышандық белгілер, адам пішіндес мүсіндер қола дәуірінің орта кезеңіне жатады», – дейді ол.

Ғалым енді Бөрітастағанның қола дәуірінің баспаналарына археологиялық зерттеулер жүргізіп, ескерткіштің ашық аспан астындағы жағдайын қорғау мақсатында «Бөрітастағанның» табиғи-тарихи ескерткіш мәртебесін алу жөніндегі ғылыми дәйектемесі мен оның жобасын және төлқұжатын ұсынды. Ендігі жерде аудан әкімдігі табиғи ескерткіштің төлқұжатын заңды түрде ресімдейді.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button