Денсаулық сақтау

Бірнеше адам сірлі менингитке шалдыққан

Бірнеше адам сірлі менингитке шалдыққан


Өскеменде энтеровирусты сірлі (серозный) менингитке байланысты үш жағдай тіркелсе, Семейдегі балабақшада екі бала осы жұқпалы дертке шалдыққан.

– Қалада эпидемия етек алды деп айтуға келмейді. Аурудың тіркелуі былтырғыдан әлдеқайда төмен. Соңғы 10 айда 51 сырқат анықталған. Олардың дені мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балалар. Таяуда «Жұлдыз-Ардақ» балабақшасында екі бала осы дертке шалдыққан. Қазіргі күні тиісті шаралар жүргізілуде. Жалпы, көпшілігі сірлі менингитті менингококк инфекциясымен шатастырып жатады. Екеуі екі бөлек сырқат екенін естеріңізге саламыз, – деген Семей қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасы эпидемиялогиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Динара Тлекина сірлі менингиттің белең алар уақыты көктем және күз айлары екенін айтты.

Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенконың сөзіне қарағанда, шаһардағы барлық мектеп пен балабақшаға хабарландыру таратылып, қауіпсіздік шаралары жүргізілуде. Тазалықты күшейту қатаң міндеттеліп, «Жұлдыз-Ардақ» балабақшасына әзірше жаңадан бала қабылдауға тыйым салынған.

Өскемен қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Михаил Дерябиннің түсіндіруінше, жұқпалы дерттің қоздырушысы – энтеровирус тобына жататын ішек вирустары сыртқы ортада өзін өте қолайлы сезінеді. Суыққа төзімді. Тоңазытқышта бірнеше апта бойы сақталуы мүмкін. Құбырдағы суда 18 тәулікке дейін, өзен-суларда бір айға жуық, азық-түлікте, тұрмыстық заттарда бір айдан астам уақыт өмір сүреді екен. Ал мұздатылған жағдайда энтровирустардың белсенділігі бірнеше жылға дейін сақталады. +50ºС температурада ғана олар аурушаңдық белгілерін жоя бастайды, ал +70ºС болғанда толық жойылады.

Жұқпалы вирус лас су, қол, жуылмаған көкөніс, жеміс-жидек, ойыншық арқылы таралуы мүмкін (егер бала оны аузына салатын болса). Түшкіріп-жөтелгенде де ауа арқылы жұғады. Дерттің жасырын мерзімі 2-10 күнге созылады.

Алғашқы белгілері: дене қызуының көтерілуі, ауыз қуысының жарасы, аяқ-қолға бөртпе шығу, ангина, бұлшық еттер мен іштің ауырсынуы, тұмау тию, жөтел және т.б.

Асқынған энтеровирусты жұқпадан адам өліп кетуі де мүмкін. Сонымен қатар мидың қабынуы да ықтимал.

Сақтану жолдары: жеке тазалықты сақтау, тамақтанар алдында, дәретханадан кейін қолды сабынмен жуу; тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды ішу, суға рұқсат етілген жерде ғана шомылу және суды жұтпау; көкөніс пен жемістерді жуып, қайнаған сумен шаю; рұқсат етілмеген жерлерде азық-түлік сатып алмау; бөлмелердің ауасын желдетіп, күніне екі рет жуып-шаю;

Жұқпалы дерттің белгілері бар балалардың балабақша мен мектепке баруына жол бермеу керек. Егер отбасында энтеровирусты жұқпаны жұқтырған науқас болса оны оқшаулап, жеке тұрмыстық заттарды бөлген дұрыс. Күту үшін бір адам бекітіліп, балалармен қатынасқа түспеуін қадағалау керек. Бөлменің ішін залалсыздандыратын құралдардың көмегімен тазалап, ауасын тазарту қажет.
Жұқпалы дерттің алғашқы белгісі білінсе, дереу дәрігерге көріну керек.

Раушан Нұғманбекова,
Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button