Ауыл шаруашылығыОл қандай бала болған?

Брендті өнім өндіреміз

     Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен 1439 шаруа қожалығы, 109 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 7200 жеке қосалқы шаруашылық айналысады.

Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 24 300,6 млн. теңгені құрады. Аудан шаруашылықтары  «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы  және  өз қаражаты есебінен облыс, республика және Ресейдің асыл тұқымды шаруашылықтарынан  151 бас қазақтың  ақбас, абердин-ангус, герефорд, етті-сүтті  бағыттағы симментал асыл тұқымды малдарын сатып алды. Биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 42,4 млн. теңгеге үш инвестициялық жоба және «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша 89,5 млн. теңгеге екі инвестициялық жоба іске асырылды. Жыл басынан бері Өскемен қаласы мен Алтай ауданының «Турайда» және «Молочный экспресс» ЖШС  жеті елді мекеніндегі жеке қосалқы шаруашылықтардан 1440 тонна сүт сатып алды.

Ауданда агроөнеркәсіптік кешеніндегі ауылшаруашылық  техникаларды жаңалау бойынша мақсатты түрде жұмыстар жүргізілуде. «Агронесие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалдары арқылы және өз қаражаты есебінен ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1 млрд. 634 млн. теңгеге отандық және шетелдің 95 бірлік жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарын сатып алды, бұл жоспарланған сомадан 10 есе көп. Өткізілген ұйымдастыру іс-шараларының нәтижесінде ауданның ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар 2019 жылдың сәйкес кезеңіне 329,7%-ға ұлғайып, 1 млрд. 453 млн. теңгені құрады.

Ауданда өсімдік шаруашылығы да қарқынды дамуда. Ағымдағы жылдың қолайсыз табиғи-климаттық жағдайларына қарамастан, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңа технологиялар мен заманауи техниканы енгізе отырып, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізді. Жалпы, егін жинау алаңы 44,1 мың гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар 22,9 мың га, майлы дақылдар 21,1 мың га. Егін жинау жұмыстарына 716 бірлік техника, оның ішінде 659 трактор және 67 комбайн тартылды. Күзгі дала жұмыстарының қорытындысы бойынша, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі бір гектардан 18,6 центнерді құрады. Майлы дақылдардың өнімділігі гектарынан 20-22 центнер болды.Үлкен Нарын өңірінде рапс, соя және жүгері дақылдарын диверсификациялау жұмыстары аясында Солоновка ауылдық округінің «Жас қанат» шаруа қожалығы 180 гектар алқапта аудандастыру және сорттық сынау үшін сояның «Бірлік» сортының тәжірибелік түрде егу жұмыстарын  жүргізді. Егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша, сояның әр гектарынан орташа өнімділік 18 центнерді құрады.Сонымен қатар ауданда  2691 гектар алқапқа рапс егілді, өнімділігі бір гектардан 24,7 центнерді құрады.

Катонқарағай ауданының қолайлы географиялық орналасуы, табиғи-климаттық жағдайы ауыл шаруашылығының бірегей және сирек кездесетін саласы – марал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Жалпы, марал шаруашылығы Катонқарағай ауданының мақтанышы және визиттік  карточкасы болып табылады. Қазіргі уақытта ауданның 11 марал шаруашылығында 3260 марал мен теңбіл бұғы бар. Аудан бойынша кесілген шикі пантының орташа салмағы 4-4,5 кг құрайды. Жыл сайын ауданның марал өсіру шаруашылықтарында 4 тонна шикі немесе 2 тонна консервіленген панты өндіріледі. Консервіленген мүйіздердің негізгі сатып алушылары – Оңтүстік Корея және  Қытай. Бүгінде ауданның алты марал шаруашылығы асыл тұқымды  мәртебесіне ие. Марал шаруашылығын дамыту үшін 11 пантымен емдеу орны үлкен рөл атқарады, соның арқасында ауданда емдеу-сауықтыру туризмі табысты дамуда. Ақсу ауылдық округінің Ақсу ауылында «Ақсу ДЭЕН» АҚ-ның пантысын және бал, жабайы шөптерді қолдана отырып биологиялық белсенді қоспаларға қайта өңдейтін шағын цехы жұмыс істейді. Дәл осындай өнімді бүкіл Қазақстан бойынша «Катонқарағай бұғы паркі» және «Баян» шаруа қожалықтары да өндіріп, саудалап жатыр.

Жануарлар мен өсімдіктердің алуан түріне бай Катонқарағайдың тағы бір ерекшелігі – осы ауданның тауларында жиналған әртүрлі сұрыптағы бал, ол тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде ең танымал және пайдалы болып табылады. Бүгінгі күні ауданның 343 ара шаруашылығында 17 380 ара ұясы бар, оның ішінде 16 шаруашылық асыл тұқымды мәртебеге ие. Ауданның ара шаруашылығы жыл сайын 350-400 тонна бал өндіреді. Негізінен, ара шаруашылығы Коробиха ауылдық округінде дамыған, онда 3 260 ара ұясы бар. Бұл сала ауданның Ново-Поляков, Ақсу, Алтынбел, Үлкен Нарын, Аққайнар ауылдық округтерінде де дамыған.

Сонымен қатар, Катонқарағайда ерекше технология бойынша қымыз өңдіру ісі де жүйелі түрде жүргізілуде. Жыл сайын аудан бойынша 70 шаруа қожалығы мен жеке қосалқы шаруашылықтар  400 тоннадан астам қымыз өндіріп, облыс пен еліміздің сауда орындарында саудалайды.

Болашақта ауданымыздағы ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі міндеттер: басым дақылдарға арналған алаңдар мен суармалы жерлерді кеңейту; тауарлы-сүт фермаларын салу және қайта жаңарту; бордақылау алаңдарын құру; мал шаруашылығында асыл тұқымды шаруашылықтар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын құру. Ол үшін өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды инвестициялық жобаларды іске асыру аясында инвесторларды іздеу және тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Міне, осылайша, Катонқарағай шаруалары брендті өнім өндіріп келеді. Мұның бәрі – тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктер.

Тұрсынқан  Базарбаев

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button