Тарих

Бір ғасыр тасада қалған тарихи мұра

Бір ғасыр тасада қалған тарихи мұра


Осыдан жиырма бес жыл бұрын жоғары оқу орнын бітірген жастардан «Тауарих хамса» деген кітапты білесің бе?» – деп сұрасақ, олар жауап бере алмай, иығын көтеріп, жүре берер еді. Бұл олардың білімсіздігінен емес, өкімі күшті империялық саясаттың қазақ халқының тән төл мәдениетіне, әдебиетіне, тарихына менсінбей, танауын шүйіре қарауынан еді. Мұның астарын бірер ауыз сөзбен түсіндіруге болмас. Керісінше, оның сыры тереңде жатыр.

ҚАРАУЛЫҚҚА ҚАЛҚАН БОЛҒАН ҚАЛАМГЕР

Тегінде көнеден келе жатқан өзіндік бай мәдениеті бар елді ешкім мұқата алмайтыны белгілі. Қайта оның озығынан үйреніп, өз халқының мәдени деңгейін көтеруге тырысады. Біз сияқты көшпелі елдің өзіне тән төл мәдениетін терең зерттеп білмей жатып, «бұратана», «жартылай жабайы» деп ұғынған еуропалықтар, соны қағида сөздей көрген патша шенеуніктері қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраларды қараулықпен қиратып, Қожа Ахмет Яссауи ғимаратындай ғажап сәулет өнеріне оқ атуы да бізді мәдениеттен жұрдай етудің айла-шарғысы болатын.

Әрісі түркі, берісі қазақ халқы ықылым заманнан бастап, өзімен дәрежелес елдерден кем қалмай, өз тарихын, өз мәдениетін шама-шарқынша дамыта білген. Талай тарихи құны зор жәдігер жазбалардың әлем ғылымының алтын қорына қосылуы – соның дәлелі. Сондай еңбектің бірі бұдан бір ғасыр бұрын жазылып, 1910 жылы Қазан қаласындағы «Өрнек» баспасынан жарық көрген «Тауарих хамса» («Шығыстың бес елінің тарихы») атты тарихи мұра. Кітаптың авторы Құрбанғали Халиди 1846 жылы Аягөз шаһарында туған өз перзентіміз. Заты ноғай демесең, қазақ ішіне судай сіңген, сүйегі ажырамас туыс. Содан болар, ол сол замандағы және одан бұрынғы тарихи еңбектерді зерделей келіп, қазақтың қағаберісте қалған тарихнамасын мұқият жазып шығуды мақсат еткен. Бірақ одан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, халық көзінен тасада ұсталып, ғылыми айналымнан тыс қалғандықтан, оны көп ешкім біле бермейді.
Бұлай дейтініміз, аталмыш кітапты шағатай тілінен (ескі өзбек тілі) Б.Төтенаев пен А.Жолдасов тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1992 жылы «Қазақстан» баспасынан «Тауарих хамса» («Бес тарих») деген атпен шығартты. Әрине, мұндай тарихи танымы мол еңбектің ел-жұртқа ерте танылмай келгені өкінішті-ақ. Енді өкінгеннен гөрі: «Ештен кеш жақсы» деген жұбаныш мәтелді қуат етуге толық негіз бар.

Авторы «Шығыстың бес елінің тарихы» деп атаған бұл еңбек терең мазмұнымен, айтар ойының нақтылығымен, баяндау жүйесінің шеберлігімен, тарихи шындықты айтуға ұмтылуымен барынша құнды. Зерттеушінің бұл кітабы аты айтып тұрғандай, бес тараудан тұрады. Бұқара, Алтышар, Қазақ, Моңғол, Шин патшалықтарының ішкі-сыртқы жай-күйін, қарым-қатынасын, тарихын сөз етеді.

Құрбанғали өз заманында барынша білімдар адам болғанға ұқсайды. Оның әкесі Халиди Қазан уезінің Урнаш-Баши деген жерінен шыққан татар саудагері болса керек. Құрбанғали қолжазбаларында оның арғы аталарының бірі түркімен болған деген дерек те кездеседі. Құрбанғалидың әкесі кезінде саудамен көп айналысып, қазақ жерін көбірек араласа керек. Халиди өмірінің біраз бөлігін Ташкентте өткізіп, 1841 жылы Аягөз өңіріне қоныс аударған. Арада бес жыл өткен соң, Құрбанғали осы Аягөзде дүниеге келеді. Аягөзде Халиди отыз жылдай тұрғаннан кейін, Бақты шекаралық аймағына, тағы біраз жылдан соң, Қытай-Шыңжан провинциясындағы Шәуешек қаласына орын тебеді. Құрбанғали сауатын 1851 жылы қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салғызған Аягөз медресесінде ашып, кейіннен Ссмей медреселерінің бірінен дәйекті дәріс алады. Оның медреседе араб, парсы, түрік тілдерін меңгере түсуі болашақта тарихты әсіресе шығыс елдерінің тарихын зерттеуіне көп септігін тигізеді.

Құрбанғали өзінің ана тілі – татар тілінен басқа ортаазиялық түркі тілдерін жақсы білген. Қазақ тілінде де таза сөйлеген. Бұған оның еңбектеріндегі қазақ тілі туралы ой-пікірлері мен ауыз әдебиетінің үлгілері мысал бола алады. Құрбанғали Халиди қазақ ауылдары мен осы өлкенің қалаларын жиі аралап, кейіннен дерек жинау үшін арнайы сапарға шығып, барған жерінде ел тұрмысын жетік білетін адамдармен танысып отырған. Жазба деректері жоқ халықтардың шежірелері мен ауызекі тарихи мәліметтерін жинақтауға және өңдеуге үлкен мән береді. Сондай-ақ, осы тектес деректерге асқан жауапкершілікпен қарап, олардағы мәліметтерді басқа жинақтаған материалдармен салыстырып, тексеріп отыруды ғылымның басты міндеті деп санаған.

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ӨЗІНЕН КӨП ОЛЖАМЕН ОРАЛҒАН

1874 жылы Құрбанғали Шәуешектегі бір мешіттің имамы болады және осы қызметті ол өмірінің соңғы сәті 1913 жылдың 14 наурызына дейін атқарады. Құрбанғали ресейлік мұсылмандардың мәдени орталықтарынан алыста жүргеніне қарамастан өз заманының рухани өмірінен әсте тыс қалған жоқ. Ғалым XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында орыс-түрік тілдерінде шығатын кітаптарды, газет-журналдарды ұдайы жаздырып алып отырған. Әсіресе ол 1905 жылдан бастап Орынборда айына екі рет татар тілінде шыққан «Шуро» журналының тұрақты оқырманы болған. Осы журналдың редакторы белгілі тарихшы Риззадин Фахруддиновпен хат жазысып тұрған.

Құрбанғали қызметінің ажырамас бөлігі оның саяхаттары болып табылады. Ол әр өлкенің, тұтас елдің географиясы мен топономикасына қатысты қалалардың, бекіністердің, ірі елді мекендердің тарихы туралы зерттеулерін негізінен өзінің жеке бақылаулары мен жергілікті тұрғындармен пікірлесуі нәтижесінде және сонымен бірге, жеке аудандар мен қалалардың ішкі өміріне қатысты өзі жинап, құрастырған жылнамалық материалдарына сүйене отырып жасады.

1897-1898 жылдары Құрбанғали Мекке-Мәдинаға қажылық сапар шегіп, жолшыбай Батыс Еуропаның бірнеше мемлекеттерінің астаналары мен Таяу Шығыстың көптеген қалаларын аралайды. 90 беттен тұратын сапарнамасы мен күнделік-естелігі «Тауарих хамсада» орынды пайдаланылған. Бұл сапарнамада этнография мен топономикаға қатысты қызғылықты мәліметтер мен салыстырулар көптеп кездеседі. Қажылық сапарында ол сол кездегі Түркияның көрнекті ағартушыларының бірі Ахмет Мидхатпен Стамбулда танысып, тарих және басқа да ғылымдар жөнінде еркін пікір алысып дүниетанымын толықтыра түседі.

Халидтің өз заманында аса білімдар ғұлама болғаны «Тауарих хамсада» анық білінеді және бұл еңбекті жазуға 21 жыл уақытын сарп еткен. Шығыстың бес еліне қатысты көптеген тарихи жазбаларды мұқият екшеп, елеп барып жаңсақтығы жоқ, дәлелді пікірлерге зейін қойғаны айқын аңғарылады. Бар-жоғы Аягөз бен Семейдегі медреселерде оқыған, бірақ білімдарлығымен қатар, бірнеше тілдерді еркін меңгерген ғұлама, кейіннен Шәуешекте өзі де медресе ашып, көптеген мұсылман жастарына араб, парсы, татар тілдерінде білім беріп ұлағатты ұстаз болған.

Құрбанғалидың бүгінгі ұрпақтары дегенде, алдымен, оның өз кіндігінен төрт ұл, төрт қыз тарайтынын айта кеткен жөн. Бұлар негізінен Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанда тұрып жатыр. Басқасын айтпағанда, Құрбанғалидың кіндік қаны тамған Аягөз қаласында оның үш немересі мен тоғыз шөбересі мекендейді. Олардың қолында азды-көпті болса да Құрбанғалиға байланысты тарихи деректер баршылық. Атап айтқанда, Құрбанғалидың шөбересі Сәния Тұрсынмұхаметқызы Теңізбаева (қазір Алматыдағы республикалық жасөспірімдер кітапханасының бас библиографы) бұдан он бес жыл бұрын, ұлы атасы пайдаланған екі фарфор тарелканы (тіркеу №200) Аягөз қаласындағы тарихи өлкетану мұражайына сыйға тартқан екен. Ал Құрбанғалидың тағы бір немересі Аягөз қаласындағы №58 орта мектеп мұғалімі Рақила Халидовада атасының әр жылдарда түскен суреттері сақталған. Бұл күндері Аягөз қаласында бір көше Құрбанғали Халиди атымен аталады.

Қазіргі қазақ жастары тарихи кітаптарды аса кұмартып оқиды. Ал Құрбанғалидың «Тауарих хамсасы» бұл жағынан ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Себебі, жазбалар ең әуелі қазақтың кім екенін тарихи тұрғыдан анықтауды мақсат етіп, бұл халықпен мыңдаған жылдар іргелес жатқан Қытай Қашқар, Моңғол, Қалмақ, Татар, Дүнген, Ұйғыр, Қоқан хандығы, олардағы жылдар бойы сан құбылып келген саяси тартыс, ел билеушілер, таққа отырған хандар қақтығысы, тіпті, өзі Шәуешек қаласында орыс консулында біраз жұмыс істеген кезінде Ресей мен Қытай арасындағы қатынастар, орыс-жапон соғысы, одан туындаған саяси мәселелер қаз-қалпында дәйектілікпен жазылған.

«АЯГӨЗ – ТУҒАН ЖЕРІМІЗ, НАЙМАН – ЖҮРГЕН ЕЛІМІЗ…»

Қ.Халиди «Тауарих хамсаны» жазу барысында әркімдерден естіп-білгеніне ғана сүйенбей, өзінен бұрынғы ғалымдардың отызға жуық тарихи еңбектерін ақыл-ой таразысынан өткізіп, дәлелді деректерге жүгінген. Әлемдік ғылымда алар орындары ерекше Ат-Табари (IX ғасыр), Жүсіп Баласағұн (XI), Ибн-Халдун (XIV ғасыр), Мирхонд (XV), Әбілғазы (XVII ғасыр) секілді ірі ғалымдардың еңбектерімен қоса, еуропалық шығыстанушы-ғалымдардан В.Радлов, А.Валаберн, Н.Катановтың да шығыстағы бес елдің тарихына қатысты еңбектерін сын көзбен саралап барып, өз кітабына пайдаланған. Басқа тарихшылардан Құрбанғали Халидидің бір ерекшелігі қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігін жан-жақты талдай отырып, күллі Орта Азия жерін мекендеген тайпа, рулардың бағзы заманалардан келе жатқан тарихына үңіледі. Оның қазақ халқына қатысы бар жерлерін ашып көрсетеді. Сонымен қатар, өзі татар болса да, қазақ ауыз әдебиеті, рулар шежіресі, мәдени мұралар, халықпен бірге жасасып келе жатқан әдет-ғұрыптар, діни нанымдарды аса сыпайыгершілікпен сүйсініп жазған.

Құрбанғали Халиди қазақтың тарихын жазуға не себеп болғанын өз кітабында былайша түсіндіреді: «Бұл халықтың тарихы жалпы ел аузында бар. Алайда, жекелеген жалқы тармақтары мен естеліктері болмағандықтан, әркім әртүрлі пікір айтып, біреулер жаман ниет, арам оймен, енді біреулер тек мұқатуды мақсат еткен. Бағзылар тарихта анығырақ түсініктеме беруге білімдері жете тұра, оған мән бермеген. Нәтижесінде мағынасы биік ел тарихы баяндалмады. Осындай себептермен мен бар күшімді жұмсап, 20 жылдан астам уақыт жиналған мәліметтердің қаймағын қалқып алып, осы кітапты жаздым» – деп, кесімді пікір білдірген. Ал найман руының өткен-кеткенін зерттеп, Қазақстанның шығыс шалғайындағы бұл руды еш зерттеуші жазған еңбектеріне кіргізбегенін де айта кеткен. Жазбагердің «Аягөз – туған жеріміз, Найман жүрген еліміз» деп іш тартуы содан.

Құрбанғали бұл еңбегінде Шығыстың бес елінің ішінде, әсіресе қазақ халқының тарихын кеңірек баяндауға тырысқан. Осы себепті ғалым халқымыздың өткендегі өнегелі ісіне көп көңіл бөліп, Абылай жайлы жан-жақты айта келіп, мынадай тұжырымды оқушысының алдына тартады:

– Абылай ханның соғыстары қалмақпен болды да, Абылай қалмақ елін Қызылжар, Қарқаралы маңынан, Аягөз өзенінен өткізе қуып, қазақ жерін кеңейткен кісі. Қазақ пен қалмақ ежелден бері атысып, шабысып өтіпті. Көбінесе қалмақ жеңіп отырады екен. Күн шығыстан көмекке жүңке (қытай) әскері келіп, жоңғар хандығын аяқтаған соң, қалмақ елінің күші азайып, көпшілігі Жөңкенің қорғауына өткен еді. Шетте қалғаны қазақтармен қарсыласуға әлсіз болды. Мұндай жағдайда Абылайдың бағы үстем және Ресейден бейғам болып отырған Орта жүзбен қалған екі жүздің кей бөліктеріне үстемдік жүргізіп, бүкіл Қазақстаннан қол жинап, Шыңғыстаудың батыс жағында және шығысында неше рет қалмақты ойсырата шапты, – деп Абылай заманындағы қазақ халқының біртұтас жауға аттанғанынан хабардар етсе, мұнымен бірге, Абылай әр істің мөлшерін, тетігін дөп басып, болжай алатын көреген, ойлағанын орындай білетін шебер екенін де аз сөзбен жеткізе білген.

ТУРА АЙТЫЛҒАН ТӨРЕЛІК – ӨЗ АЛДЫНА БІР ТӨБЕ

Халық тарихын зерттеушінің билер мен билік және билік жөніндегі жазғандары да өте құнды деп білеміз. Қым-қиғаш дау-дамай, әртүрлі қылмысты істер мен олардың шешімін, әділ билік пен берілген адал төреліктің жөні өз алдына бір төбе. Осы арада Құрбанғалидың өзіне сөз берсек дейміз.
«Ғибраты бар бір оқиға осы заманымызда болған екен. Біз жақтағы қазақтарға, найман еліне арғынның Жанақ деген атақты ақыны келеді. Мінгені әдемі шұбар ат екен. Бірнеше дуан елі бас қосқан үлкен бір жиында Жанақ ел басшыларының қасында отырады. Едәуір малы бар бір жігіт те сол топта екен. Жанақтың аты есінегенде, әлгі жігіт ат тілінің түбінде теңгедей қара қалының барын көріп қалады.

Ғабит Зұлхаров,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Аягөз ауданы.

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button