РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Ботай деген ойынды білесіз бе?

Жақынына сәттілік тілегенде қазақ «Асығың алшысынан түссін» деп жатады. Бұл сөздің өзі зор мағына беретінін айтпасақ та түсінікті. Төрт түлік малдың қадір-қасиетін білген бабаларымыз оның бар болмысын, әр сүйегін зерделеп, дала ойындарын ойлап тапқан.

Рас, қазақ халқы баласының бойына мергендік пен ептілікті сіңіру үшін жастайынан асық ойнатқан. Қолына құлжа ұстатып, сақасын салмақтатып, асық атқызып нысанаға дөп тигізуді үйреткен. Бірақ мұның барлығы бұрыңғы қазақ баласының болмысына тән болып қалды. Ал бүгінгі балалар ше?! Атымыз қалалық болғалы, затымыз да түбірімізден ажырап бара жатқандай. Осы орайда, Елбасының жоғалтқанымызды тауып, өшкенімізді жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында талай қазақы құндылықпен қауышып жатқанымыз өтірік емес.

Жақында рухани жаңғыруға үлес қосалық деген ниетпен, Абай атындағы облыстық кітапхананың жас мамандары Семей қаласы «Жастар ресурстық орталығының» өкілдерімен ұмыт болған ұлттық ойынымыз – Ботайды ойнадық. Іс-шараның мақсаты асықтан алыстап кеткен бүгінгі жастардың қолына смартфон орнына сақа беріп, сайыпқыран жігіттерді сайысқа түсіру еді.

Ойын ережесіне сәйкес, сайыста бақ сынаған төрт қатысушы белгіленген төрт бұрышты нысана ішіндегі асықтарды төрт метр қашықтықтан сақамен атып, сызықтан үш табан мөлшерінде асыруы керек еді. Негізі, ойын ережесінде белгіленген нысана ішіне жылқының тілерсек сүйектері тізіледі. Алайда біз ойын шартын сәл өзгертіп, жылқы сүйектерінің орнына сиыр сақасы мен қой асықтарын қолдандық.

Ойын шарты түсіндірілгеннен кейін, сайыс та басталды. Төрт қатысушы екі-екіден сайысқа түсті. Көптен қолға сақа алмаған жігіттер басында мүлт кеткенімен, кейін қателік жібермей, ойынның көрігін қыздырды.

Жалпы нәтиже бойынша алыстан асық атуда шеберлік танытқан Райымбек Өмірбай жеңімпаз атанды. Ойынның ескі ережесімен шын шеберге тізілген асықтың барлығы ұсынылды.

Қуандық Кенжебекұлы,

 Абай атындағы облыстық кітапхананың дамыту бөлімінің маманы

 

Семей.

Осы айдарда

Back to top button