Денсаулық сақтау

Болжамды екінші кезеңге дайынбыз ба?

Мемлекет басшысының  коронавирустың екінші толқынына дайындық жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы өткен жиында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан КВИ жұқтырған мемлекеттердің арасында екінші күн 40-орында тұрғанын айтты. Еуропа елдері мен  Америкада, тіпті, көрші Ресей мемлекетінде індеттің жаңа жағдайларының күн сайын өршіп бара жатқанын естіп-біліп отырмыз. Бұл бізге әлі де босаңсуға болмайтынын, эпидемиологиялық жағдайдың кез келген сценарийіне әрқашан дайын болуымыз керектігін көрсетеді.

Денсаулық сақтау министрі елде қатаң карантиндік шектеулерді енгізу қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты болатынын ескертті. Алексей Цой егер әрбір қазақстандық бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, көпшілік шараларды өткізбесе, ортақ жауапкершілікті сезінсе, онда карантинсіз шығуға болады деді.

Елімізде шілде-тамыз айларына қарағанда жағдай біршама тұрақталғанымен, біздің облыс коронавирус індетінің жаңа жағдайлары тіркелуінен республикада алдыңғы орынды бермей тұр.  Оның себебі не? Шығыс өңірі болжамды екінші кезеңді қарсы алуға қаншалықты дайын? Осы және басқа да сауалдарымызға облыстық денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Ілияс Мұхамеджан жауап берді.

Басқарма басшысы өңірде жаңа жағдайлардың анықталып жатуының негізгі екі себебін ашып көрсетті. Біріншісі –  тұрғындарды медициналық тексеруде шектемеу. Яғни, тұмау белгілері бар немесе   коронавируске күдікті адамдарға дереу ПТР  диагностика жасау. Соның нәтижесінде, індет жұқтырған науқастар бірден анықталып, ары қарай жаппай өршудің жолы кесілуде.

– Өңірде жағдай ушығып тұр деуге келмейді. Қайта керісінше, вирус жұқтырғандарды уақытында анықтап, оқшаулап жатқанымыз дұрыс. Оларды тексермесек, бір күні індеттің үлкен ошағы пайда болар еді. Инкубациялық он төрт күннен кейін әлгі анализ жасамаған он адамнан жұқтырғандар саны он есе артып, 100 науқас болып, өзімізге қайта оралуы мүмкін. Біз күнделікті 1500-2000 тест өткіземіз. Халық саны бізбен бірдей басқа облыстар күніне 500-600 тест жасайды. Біздегі жаппай тестілеудің нәтижесінде анықтау көрсеткіші де жоғары, – дейді Ілияс Мұхамеджан.

Облыстың бас дәрігері екінші себеп ретінде тұрғындардың карантиндік шектеулерге әлі де немқұрайлы қарайтындарын атап өтті.  Әлеуметтік қашықтықты сақтамау, бетперде кимеуден басқа, той-томалақ та әлі күнге азаймаған.

-Демалыс күндері байқап жүрміз, қала көшелерінде тойға безендірілген көліктер ешкімнен қысылып-қымтырылмай еркін аралап жүреді. Содан кейін жүз кісіден кем емес той-думан өтеді. Тойға ешкім де бетпердемен келмейтіні белгілі. Олардың арасында вирус тасымалдаушы бір-екі адам болса, басқалардың жаппай жұқтыруына жетіп жатыр. Әрине, ұлтымыздың сауық-сайран құру, қонақжайлық таныту сияқты жақсы салт-дәстүрлерінің коронавирус індеті жағдайында кері әсерін тигізіп жатқаны өкінішті. Бірақ санитарлық талаптарды орындамаудың салдары өзімізге қымбатқа түсетінін ұмытпаған жөн, – деген пікірін жасырмады басшы.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәл осы сауалға Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой да   облыста ПТР тестілеу деңгейі жоғары, оған қосымша ішкі миграция мен өңірдің шекаралық аймақта орналасқаны себеп деп жауап берді.

Тыныс алу аппараттарының тапшылығы жоқ

Ілияс Тұңғышқанұлының мәліметі бойынша, екінші толқынға облыста 6010 төсек-орын  дайындалған. Наурыз айында бізде 100 инфекциялық, 411 провизорлық, 500 карантиндік төсек болса, қазір бұл көрсеткішті бірнеше есе арттыруға қол жеткізілді. Бүгінгі таңда  1448 төсек ашылды, басқа орындар сақадай сай. Бірақ әзірге керексіз болғандықтан, ол жерде тұрғындарға әдеттегі бейінді медициналық көмек көрсетілуде. Инфекциялық стационарлар Өскеменде облыстық ана мен бала орталығында, облыстық аурухана мен облыстық мамандандырылған медициналық орталықта, №4 қалалық ауруханада, Семей қаласында жедел жәрдем ауруханасы мен №2 қалалық ауруханада сақталған. Қараша айында облыс орталығындағы бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының ғимаратында жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 250 орындық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген пульминологиялық орталық іске қосылады. Бүгінгі таңда барлық қажетті құралдардың 50-60 пайызы жеткізіліп, қоймада сақтаулы, қалғандары қазан айының соңына дейін жеткізілуі тиіс.

-Қазір облыста 300 науқас коронавирустан емделіп жатыр. 58 оқушы осы індетті жұқтырды. Балалар арасындағы жағдай республика көлемінде тіркелген. Бірінші кезеңде тіркелгендердің 97 пайызы, бұл – 8600 науқас, құлантаза жазылып шықты. Сол себепті біз болжамды  екінші толқынға  позитивті көзқараспен қараймыз. Төсек-орын жеткілікті, мыңнан астам ошақ СЭС органдарының бақылауында,  барлық пациенттер  тізімге алынған, оларды тексеріп отырады, – деп жалғастырды салалық басқарма басшысы.

Өңірде індет жайлаған алғашқы кезеңде де өкпені жасанды желдету аппараттарының, оттегі концентраторларының тапшылығы болмаған. Бір науқастың өмірін екіншісінің есебінен сақтау, аппаратты  бірінен  жұлып алып, екіншісіне салу сияқты келеңсіздіктер кездескен жоқ.  Қаңтарда 76 концентратор болса, қазір 1142 концентратор бар. Басында 50 өкпені жасанды желдету аппараты болса, қазір министрліктің қолдауымен тағы 100 отандық осындай аспапқа қол жеткізіліпті, демеушілердің көмегі бар, сонымен барлық жиыны 350 аппараттың қоры жиналған. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жинақталған.

-Алғашқы кезеңде препараттардың тапшылығы болды. Өйткені індет белгісіз, немен, қалай емдеу керектігін ғалымдар күнделікті зерттеулердің нәтижесінде анықтап отырды. Жаңадан шыққан дәрі-дәрмектер не тиімсіз болды, не кері әсері көп болғандықтан, емдеу хаттамасы он үш рет өзгерді. Бұл жағдайға тез бейімделу оңай болған жоқ. Ол тығырықтан біз облыстағы емдеу ұйымдарының арасында дәрілердің вируалды қоймасын жасап, өзара алмасу арқылы шыққанбыз. Қазір жағдай түзелді. Дәрі-дәрмектің екі айлық қоры жинақталған, – деді Ілияс Мұхамеджан.

 Алғашқы буын мамандарының білімі жетілдірілді

Коронавирустың таралуына жол бермеуде, науқастарды дер кезінде анықтап, аурудың асқынуының алдын алуда алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жұмысы маңызды. Осы алғашқы буын дәрігерлерінің біліктілігі көп нәрсені шешеді.

-Дәрігер болу өмір бақи оқуды, үйренуді қажет етеді. Әке-шешем де, әпкем де дәрігер, өзім де медицина саласын таңдағанда, соларға қарап, бір деңгейде қалып қалуға болмайтынын түсінгем. Пандемия кезінде біз апта сайын медициналық университеттің,  министрліктің көмегімен алғашқы буын мамандарын  Zoom платформасы арқылы оқытып үйреттік.  Әсіресе, кішкентай ауылдардағы мамандардың коронавирус туралы білімдері төмен болды. Біз 45 парақтық жекелеген клиникалық протоколдардан 15 бетке сиятын нұсқаулар дайындап, аудандағы бас дәрігерлерге жібердік.  Ары қарай дәрігерлерінен бастап, санитарларына дейін осы құжатты оқып, меңгеруіне жағдай жасау, бағдарламалардың мақсатын түсіндіру бас дәрігерлердің міндеті. Қаншама төсек дайындасақ та, мамандарымыз біліксіз болса,  төсек орын жетпей қалады, – деп толықтырды басқарма басшысы.

Наурыз айында коронавирус індетімен күресті тиімді ұйымдастыру мақсатында емханалар жанынан  377 мобильді топ құрылған болатын. Олардың міндеті вирус белгісі бар жандардың үйлеріне барып, қызмет көрсету болған. Бұл топтар қазір де сақталған. Әр емханада екі-үш топтан жұмыс істейді. Өздерінде аурудың симптомдарын байқаған тұрғындар өз емханаларына хабарласып, мобильді топты үйлеріне шақырта алады. Егер індет ушығып кеткендей болса, барлық 377 топтың жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бар.  Көктем-жаз айларында оларға пандемия кезінде онлайн жұмысқа көшкен облыстық, аудандық әкімдіктер өз көліктерін берген-ді. Қазір облысқа келіп жатқан Каспий банк сыйлаған Дэу маркалы көліктер  осы мақсатқа пайдаланылмақ.

Індетпен күресте медицина қызметкерлерінің сапалы жеке қорғаныш құралдарымен қамтылуы, олардың өміріне қауіп төнбеуіне, вирусты жұқтырып алмауына  жағдай жасау  маңызды екені түсінікті. Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, өңірде медицина қызметкерлерінің қорғаныш құралдарының тапшылығы жоқ. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өз  қорында бүгінгі таңда үш миллион бетперде мен 100 мыңнан астам қолғаптың қоры бар. Бұл ауруханаларға берілген құралдарды санамағанда. Бұдан басқа, қазір әр емдеу ұйымы  өздеріне бөлінген қаржыға қосымша құралдар алып жатыр. Қазір басқарма өңірдің жеке кәсіпкерлерінің қолынан шыққан, бірнеше рет пайдалануға болатын қорғаныш киімдерін сатып алыпты. Сапалы, жуып-кигенге өте ыңғайлы костюмдер.

Облыста коронавируске ПТР тестен өткізетін он бір зертхана бар. Өңірде ветеринариялық қызметке қарайтын екі зертхананы осы мақсатқа пайдалану туралы шешім қабылданған болатын. Ілияс Мұхамеджанның түсіндіруінше, бұл эксперименттік жағдай емес, олардағы құрал-жабдықтар  адамдарға тест жасауға келетін қалыпты жабдықтар. Облыс орталығында ашылатын пульмонологиялық орталықтың өз зертханасы болады. Сонымен қатар Семейдегі жедел жәрдем ауруханасы мен №2 қалалық ауруханада, шалғай аудандар үшін Күршім мен Үржарда қосымша зертханалар ашылмақ. Бұдан басқа, жекеменшік зертханалар да бар. Барлығын қосқанда тәулігіне 11 мың тест жасауға болады.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тестілеудің бағасын 22 пайызға дейін азайтуды тапсырды. Қазіргі бағасы 11 мың болса, орташа алғанда әр тестілеудің құны 8900 теңгеден аспауы керек.

Жалпы елімізде, оның ішінде облыста да коронавирус індетіне күдікті науқастарға, аурудың белгісі бар адамдардың барлығына тестілеу тегін жүргізіледі.

-Коронавирустың жаңа толқынына дайын болуда облыс әкімі иммундық плазманың банкін құру, кемінде 2000 мың доза дайындау туралы тапсырма берген. Қазір өңірде

2715 доза иммундық плазма  дайын. Бұл республика көлемінде әзірленген барлық иммунды плазманың 71 пайызын құрайды, – деп қорытындылады Ілияс Мұхамеджан.

  Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button